Қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін полигондар қажет

Ақмола облыстық мәслихатының хатшысы Мұрат Балпанның қатысуымен мәслихаттың заңдылық, құқықтық тәртіп, депутаттық әдеп және экология мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы болып, өңірдің елді мекендеріндегі қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін полигондар құрылысы, оларды заңдастыру үшін аудандарға кезең-кезеңмен қаржы бөлу мәселесі қаралды.

Тұрақты комиссия мүшелері болып табылатын облыстық мәслихат депутаттары, департаменттер мен ведомстволар басшылары, аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары және Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің оқытушылары қатысқан отырысты аталмыш тұрақты комиссияның төрағасы Талғат Жүнісов ашып жүргізіп отырды. Алдымен, Ақмола облыстық экология департаментінің бөлім басшысы Мағзұм Көкімбаев сөз сөйлеп, өңірдегі экологиялық жағдай, оның ішінде қатты тұрмыстық қалдықтар полигондары жоқтығының салдарынан қоршаған ортаға тигізілетін залал жөнінде айтты.
–Бүгінгі күні облыс аумағында қатты тұрмыстық қалдықтар шығарылатын 130 орын бар. Ал, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, рұқсат құжаттары осы қатты тұрмыстық қалдықтардың 23 полигонында бар. Экологиялық талаптар мен санитарлық ережелерге сәйкес, қатты тұрмыстық қалдықтар төгу нысандарының үлесі 17,6 пайызды құрайды. Өткен жылы төгілген қатты тұрмыстық қалдықтардың жалпы көлемі 243 мың тонна. Оның 109 мың тоннасы немесе 44 пайызы заңдастырылған қатты тұрмыстық қалдықтардың полигондарына төгілді. Заңдастырылған аталмыш полигондардың жоқтығы рұқсат берілмеген үйінділердің пайда болуына алып келуде.
Аталмыш үйінділерді жою мақсатында Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі «Қазақстан Ғарыш Сапары» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамымен космостық түсірілімді ұсыну, қалдықтар жатқан орынды ара қашықтықтан зондылау бойынша қызмет көрсету үшін келісім-шартқа отырған болатын. 2020 жылы космос арқылы жүргізілген жұмыстың нәтижесі бойынша Ақмола облысының аумағында 1593 рұқсатсыз қалдықтар төгілген орын белгілі болды,–деген Мағзұм Көкімбаев мұндай үйінді санының көптігі заңды қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының жоқтығынан, қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, сұрыптау, өңдеу бойынша инфрақұрылымның әлсіз дамуынан болып отырғанын айтты.
Мәселен, облыстағы Бурабай, Зеренді, Бұланды, Қорғалжын, Целиноград, Ақкөл, Аршалы, Егіндікөл, Астрахан аудандары орталықтарында бірде-бір заңдастырылған полигон болмай шықты. Облыстық экология департаменті облыстық әкімдікпен бірге 920 қоқыс үйіндісін жою бойынша жұмыс жүргізіпті. Бұл бағыттағы жұмыс одан әрі жалғасуда. Өңірдегі экологиялық проблеманы кешенді шешу жөнінде Жол картасы жасалып, оны аталмыш министрлік бекітіпті. Жол картасына Көкшетау, Щучинск, Ақкөл қалаларында, Аршалы, Қорғалжын, Қосшы, Қоянды Зеренді елді мекендерінде қатты тұрмыстық қалдық полигондары құрылысын жүргізу енгізілген екен. Сондай-ақ, Щучинскідегі ескі полигонды жою, селолық округтерде қатты тұрмыстық қалдықтарды уақытша сақтау алаңдарын салу қарастырылған.
Бұдан соң облыстық табиғи ресурстарды және табиғатты пайдалану басқармасы басшысының орынбасары Болат Тоқышев облыстың елді мекендерінде қатты тұрмыстық қалдықтарды жою және өңдеу үшін полигондар құрылысының проблемасын шешу механизмі, сондай-ақ, оларды заңдастыруға кезең-кезеңмен қаржы бөлу мүмкіндігі жөнінде айтып берді.
–Бүгінгі күні Көкшетау, Степногорск пен Атбасар қалаларында, Бурабай, Зеренді, Жарқайың, Целиноград аудандарында екінші шикізатты қабылдайтын және қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек-бөлек жинайтын 4 кәсіпорын жұмыс істейді. Өткен жылы басқарма техникалық экономикалық негіздің 7 жобасын жасады. Биылғы жылдың басында Краснояр кентіне жақын орналасқан қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын пайдалану мерзімі бітіп, ол қайтадан ұзартылды. Осыған байланысты біздің басқарма Көкшетау қаласында қоқыс сұрыптаушысы бар қатты тұрмыстық қалдықтардың жаңа полигоны құрылысының жұмыс жобасын жасады. Жаңа полигон үшін Зеренді ауданына қарасты Қонысбай селолық округінен 60 гектар жер участогы бөлінді,–деген Болат Тоқышев жаңа полигонның жол бойында салынатынын айтты.
Біржан сал ауданы әкімінің орынбасары Кәрібай Шәймерденов ауылдық елді мекендерде қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының ұйымдастырылуы, проб-лемасы мен нәтижесі жөнінде айтты. Бұл ауданда қала мен селолық округтер бойынша қатты тұрмыстық қалдықтардың 31 полигоны бар. Олардың бәрі ауданның коммуналдық меншігіне берілген екен. Аудандық бюджеттен 6 424,0 мың теңге қаржы бөлініп, барлық полигондардағы жер учаскелерінің құжаттары жасалыпты. 418 қоқыс контейнері жасалып, елді мекендерге қойылған екен. Сондай-ақ, мұнда қоқыс жинау қызметінің тарифі мәселесі де шешіліпті. Көкшетау қалалық мәслихатының депутаты Мәриям Әбішева қатты тұрмыстық қалдықтарды сақтау және жоюдың проблемалық мәселелері жөнінде айтып берді. Зеренді ауданының аумағында қатты тұрмыстық қалдықтардың заңдастырылмаған 43 полигоны бар екен. Сондай-ақ, аудан бойынша 628 қоқыс үйіндісі жойылыпты. Зеренді селосында қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын салу жоспарланған. Одан әрі баяндамашылар тұрақты комиссия мүшелерінің сауалдарына жауап берді. Отырыс соңында тұрақты комиссия мүшелері жарғының жобасын қабылдады.

Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар