Еліміздің тарихы туралы кітаптарды ақтарып отырып, 20-шы ғасырдың қазақ халқы үшін ауыр ғасыр болғандығына көз жеткізуге болады. Ол ғасыр басындағы ұлт-азаттық қозғалысы (1916), қызылдар мен ақтардың соғысы (1917), кәмпескелеу колхоздастыру кезеңі, 20-30 жылдардағы ашаршылық, 37-ші жылдардың нәубеті, ұзаққа созылған соғыс, тың игеруді сылтауратып, елімізді орыстандыру саясаты, коммунистік идеологияның әсерінен ұлттық тәрбиенің әлсіреуі, тағы басқа да жағдайлар.
Осы ауыр кезеңдердің біразын біздің кейіпкеріміз басынан кешіре жүріп, өзі бел ортасында болған. Ол – 1931 жылдың мамыр айында Қорғалжын өңірінде дүниеге келген Балташ Сұңқарбеков ағамыз. Бұл кезең ашаршылық жайлап тұрған уақыт болатын. Өңір халқының айтуы бойынша оларды ашаршылықтан Теңіз көлінің балықтары сақтап қалыпты. Бала Балташ та сол балықтармен қоректеніп, аман қалған болар.
Астанамызда тұратын Ақмола облысына еңбегі сіңген ардагерлердің жетекшісі болып жүрген Қазбек Ахметжанов осы ағамыздың мерейлі жасқа келуіне орай мақала жазуды ұсынғанда, бірден қабыл алдым. Бакеңді (Балташ) бірінші рет бұдан алпыс жыл бұрын Қеңес ауылында Әзік Ермағамбетов ағамыздың үйінде кездестіргем. Ол уақытта отыздар шамасындағы жас азамат. Аз сөйлеп, көп тыңдап, әңгіменің маңызды жерлерінде ғана сөзге араласып отырғанын байқағаным көз алдымда. Одан кейін бірнеше рет әртүрлі жиындарда кездесіп жүргенде сол бұрынғы қалпынан өзгермеген сияқты. Өзін әр уақытта да бір қалыпты ұстайтындығы да ұзақ ғұмыр кешуіне себебін тигізіп жүрген шығар деп ойлаймын.
Сол ашаршылықтан аман қалған бала Балташ соғыс кезінде елде қалған қарттармен, әйелдермен он жасынан бастап еңбекке араласыпты. Жастайынан елгезек, ұқыпты, тапсырған жұмысқа тыянақтылығы арқасында жақсы табыстарға жетіп жоғарғы жақтың жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалін он төрт жасында иеленіпті. Осылай еңбектене жүріп, Жеңістің жетуіне бір адамдай үлесін қосқан ағамыз білім алуды да қатар ойлап, аттестатқа ие болады. Енді мамандық алу қажеттілігі туған кезде ұстаздарының ұсынысымен Алматыдағы ең беделді жоғары оқу орны – мемлекеттік университеттің тарих факультетінің студенті болу бақытына ие болған көрінеді. Университетті ойдағыдай аяқтап, қазіргі Біржан сал ауданының Қазгородок орта мектебіне қатардағы мұғалім болып орналасады. «Менің мұғалім мамандығын таңдауым өмір талабынан туды, өйткені, елде мұғалімдер жетіспей жатты» – деп еске алады қарт ұстаз.
Осы кезеңнен бастап Балташ Сұңқарбекұлының Коммунистік партияның идеологиясына сәйкес, келешек өмірге жастарды тәрбиелеу кезеңі басталды деумізге болады. Ол кісі бұл идеологияның қазақ жастарына кейбір келеңсіз жақтарын да іштей біле жүріп, оны ұлттық тәрбиемен ұштастырған болу керек. Олай дейтінім, Бакең кейінгі кездері сол кездегі қызметтерін еске алғанда, жақсы жақтарымен қатар кемістіктерін айтып қалатын.
Аудан орталығындағы үлкен орта мектепте директор болып жүрген жерінен партиялық қызметке шақырады. Өткен ғасырдың елуінші жылдарының аяғында Целиноград қалалық партия комитетінің нұсқаушысы, лекторы қызметін атқарды. Ол кезде партия органдары кадр мәселесіне баса көңіл бөлетін. Әбден пісіп жетілген қызметкерлерді қызмет баспалдағымен жоғарылататын, қазіргідей команда деген болмайтын. Сол әдіспен біздің кейіпкеріміз облыстық партия комитетінің лекторы қызметіне шақырылады. Балташ ағамыздың облыстың аудандары мен ауылдарына барып, лекция оқып, жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігімен танысып, ондағы көрген кемшіліктерді, ұсыныстарды тиісті органдарға жеткізуге мүмкіншілігі туады.
Келешегі мол қызметкер ретінде жоғары партия мектебін бітіруге мүмкіншілік береді. Оқуды үздік бітіріп, оралғаннан кейін облыстық партия комитетінің Саяси ағарту үйін басқаруды сеніп тапсырады. Бұл да өте жауапты коммунистік идеологияны халыққа жеткізе отырып, оны жүзеге асыратын кадрларды дайындайтын орталық еді. Осы қызметті үш жылдай атқарып жүрген Балташ Сұнқарбекұлын Тың өлкелік партия комитеті ол кісінің ұстаздық қабілетін ескере отырып, жаңадан ашылған медицина институтына қоғамдық ғылымдар кафедрасын басқаруға жібереді.
Осы қызметте жүріп ғылыммен айналысуды да ұмытпапты. Мәскеу қаласында аспирантурада оқып, өзі басынан кешкен соғыс жылдарындағы Қазақстандағы идеологиялық жұмыс туралы диссертация қорғап, ғылым кандидаты дәрежесіне ие болады. Өз институтына оралып, бұрынғы қызметін атқарып жүргенде институт коммунистері партком хатшысы етіп сайлайды. Партия қызметінде, жоғары оқу орнында көп тәжірибе жинақтаған ағамызға Целиноград педагогикалық институтының ректорлық қызметі сеніп тапсырылды. Институтты жетілдіру үшін аянбай еңбек ете жүріп, Ақмола облысының мектептеріне он мамандық бойынша жоғары сапалы ұстаздар дайындауға қол жеткізеді. Осы еңбегі жоғары бағаланып, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталады. Одан басқа да «Құрмет» орденінің, бірнеше медальдар мен грамоталардың иегері.
Балташ ағамыз зейнетке шыққаннан кейін де қол қусырып қарап отырмады. Тоқсаныншы жылдардың басында облыстық дәрежедегі қоғамдық ұйымдармен байланыс жасау, тағы басқа жұмыстардың басы-қасында болды. Жауапты қызметтер атқарып жүрген кездерінде бірнеше рет депутат та, пленум мүшесі болып сайланды.
Міне, 90 жасқа толғалы отырған қадірлі жерлес ағамыз Балташ Сұңқарбекұлы Ақмола облысының аумағында дүниеге келіп, жарты ғасырдан артық еңбек жолын өзінің туған жеріне, облысына арнады. Бүгінде халық арасында беделі жоғары ел ағасы. Бір ақсақал айтыпты ғой «90 келем деген жасым ба, быламық ішем деген асым ба» деп. Жоқ, біздің ағамыз быламық ішуден алыс, еңсесі биік, көңілі көтеріңкі. Әлі де жастарға ұлтыңды сүй, Отаныңды қадірле, Қазақстанның туын биікке көтер деп ақыл айтумен келе жатыр.
Балташ аға құдайдың берген жасын жасай беріңіз, бәйбешеңіз қасыңызда болып, сүйікті үш немерелеріңіздің қызығын көре беруге жазсын демекпін.
Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.