Жұмысында алдан көрінген

Владимир Корябкин Мәскеудің Темирязев академиясын қызыл дипломмен бітірген соң тың және тыңайған жерлерді игерушілердің қатарына қосылғысы келіп, Көкшетау облысын таңдады. Өзінің екінші Отаны болып кеткен осы аймақпен оның қырық жылдан астам еңбек жолы тығыз ұштасып жатыр. Мұнда ол ауыл шаруашылығы өндірісінің ірі басшысына дейін көтерілді. Өзі айтқанындай, соғыс өрті шарпыған балалық шағы бүкіл өмірінде өшпес із қалдырып, кез-келген қиындықты лайықты жеңе білуіне үйреткен жайы бар.

1955 жылы оны Щучье ауданына Веденов МТС-інің агрономы қызметіне тағайындайды. Мұндағы екі жыл жұмысы тыңға білім-білігі мол, лайықты еңбеккердің келгендігін айғақтай түсті. Жас, еңбексүйгіш маманды көршілес Николаевка ауылының колхоз төрағасы тез аңғарып, өзіне жұмысқа шақырады. Күткеніндей Владимир Корябкин мұнда өз ісінің майталманы екендігін танытады да, дәнді дақылдар өнімі тез молаяды. Ал, 1958 жылы күтпеген мол өнім алынады.

Аудан басшылығы Корябкинді жаңадан құрылған инспекцияның бастығы етіп тағайындап, бұл қызметте де екі жыл жұмыс істейді. Алайда, кабинеттік жұмыс өзіне ұнамай, 1961 жылы «Веденов» совхозының бас агрономы болып барады. Мұнда оның мол өнім алу жолындағы бұған дейінгі іс-тәжірибесі одан сайын кәдеге асып, егіншілік мәдениеті бойынша аталған шаруашылық алдыңғы қатарға шығады.

Одан әрі тәжірибелі агрономға «Златополье» кеңшарының басшысы қызметі ұсынылып, ауданның осы бір ең ірі астықты шаруашылықтарының бірінде ол мызғымай он жыл бойы істі білгірлікпен жүргізе біледі. Осы уақыт ішінде кеңшар «Егіншілік мәдениеті жоғары шаруашылық» атағына ие болады. Қуатты шошқа кешені салынып, өндіріс тиімділігін арттыру үшін барлық трактор-егіс бригадаларында типтік үлгідегі дала қостары іске қосылады. Олардың бәрі ағаш отырғызылып, көркейтіліп, өз огородтарына дейін бітік өнім береді.

Мал шаруашылығы саласында да көп жұмыстар атқарылып, малшылар үйлері тұрғызылады. Мал қораларында механикаландырылған жұмыстардың үлес салмағы артып, жемшөп базасы нығайтылады, мал азығын өңдейтін цех ашылып, ет пен сүт өнімдерін өндіру көлемі мен сапасы артады.
Шаруашылықтың орталық қонысы Златополье селосы адам танымастай өзгеріп, жаңа мектеп, спорт залы бар мәдениет үйі, әкімшілік ғимараты, сауда орталығы, асхана, монша, тұрмыстық үй, қарапайым спорт кешені қатарға қосылады. Ал, көл аймағында халықтың демалысы ұйымдастырылып, кеңшар жұртшылығына барлық қолайлы жағдайлар жасалады. Барлық көшелерге асфальт жамылғы төселіп, көркейтіледі. Түн болса самаладай жарық шаруашылықты алыстан аңғартып, көңілге жылы сезім ұялататын сол бір кездерді бүгінгі село тұрғындары әлі сағынады.

Осы еселі еңбегі үшін Владимир Дмитриевич Корябкин «Ленин» ордені және қос бірдей «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен марапатталады. Бұдан әрі ауыл шаруашылығының ірі ұйымдастырушысы деңгейіне көтерілген Владимир Дмитриевич аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының, кейін қайта құрылған «Бурабай» агрокомбинатының бастығы болып тағайындалып, басқарма құрамына кіретін 17 шаруашылықтың дамуына жанды басшылық жасайды. Сөйтіп, оның да іскерлігімен аудан облыста ет пен сүт өндіруден екінші орын алады.

Бұған әсіресе, сол кезде бүкіл Одаққа дүрілдеп тұрған Щучинск құс фабрикасы елеулі үлес қосып, мұнда өндірілген индейка мен өзге құс еті көлемі жағынан еселеп өседі. Соның арқасында жылына орташа алғанда 6,5 мың тонна ет және 23 мың тонна сүт өндірген аудан Одақтың, республиканың ауыспалы қызыл туларын сан мәрте жеңіп алады. Ал, енді бұған ауданның екінші нан – картоп өндіруден де облыста бірінші, көкөніс өсіруден екінші орындарды еншілегендігін қоссақ, жалғыз Щучье ауданының бір өзі өндірісте қандай әлеуетке ие болғандығын жазбай аңғаруға болады.

Аудан аумағында жұмыс істеген Жамантұз және Щучье элеваторлары, Жасыл және Успено-Юрьевка астық қабылдау пункттері, ірі ет комбинаты, филиалдары бар Щучинск қалалық сүт зауыты сол кездегі жасампаз еңбектің нақты көрінісі еді. Осы сөзімізді Щучье құс фабрикасының Одақ бойынша жарыс жеңімпазы атанып, облыста алғашқы болып «Коммунистік еңбек ұжымы» деген атаққа ие болғандығы да қуаттай түспек.

Осының бәрін ескерсек, Владимир Дмитриевич Щучье ауданына өзінің 25 жыл адал еңбегін сіңіріп, 1979 жылы жаңадан құрылған «Сельхозхимия» бірлестігінің бастығы болып тағайындалды. Бұл қызметте де аттай 15 жыл өз іскерлігін танытып, бірлестіктің тыңайтқыштар сақтайтын, арнайы техникалар қоятын өндірістік базасын құру жөнінде үлкен жұмыстар атқарды. Сол кезде аса дұрыс болмаған шөл және шөлейт жерлерді игеру жөніндегі жұмыстарды жүргізу мақсатында арнайы мамандандырылған колонналар құрудың өзі осы бірлестік арқылы іске асырылды.

Құрметті еңбек демалысына шыққанымен, бес жыл бойы агрокомбинаттың қос құрылымында тапжылмай еңбек жолын одан әрі жалғастырған Владимир Дмитриевич жоғарыдағы марапаттарына қоса, «Халықтар достығы» орденімен марапатталып, оған «Бурабай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді. Зейнеткерлік күш-қуатының өзін ортақ іске пайдаланып, өмір және еңбек жолы туралы кітап жазған, ардагерлер хорына қатысумен келе жатқан осы бір тыл және еңбек ардагерін Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 76 жылдығымен облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың өзі үйіне барып құттықтауы тегін болмаса керек. Біз де бейбіт өмірдің саңлағына зор денсаулық, мол бақыт, ұзақ ғұмыр тілейміз!

Александр ТАТАРСКИЙ,
еңбек ардагері.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар