Мәуелі бәйтеректей асыл ана

11 бала, 25 немере және 41 шөбере көрген көп балалы ана, тыл және еңбек ардагері Қазыкен Жүсіпбекызы Айтқожина 1934 жылы15 маусым күні Зеренді ауданы Өндіріс ауылында дүниеге келген. Он үш жасынан колхоздың сиырын сауған. 1952 жылы осыдан бір жыл бұрын қайтыс болған құдай қосқан қосағы Қажығали Айтқожаұлымен отбасын құрып, 68 жыл бірге отасқан.

–Ар жолынан аттамайтын әділеттілігімен, әр баласының келешегін ойлайтын ақыл-парасатымен, ел игілігі, отбасының қамы үшін шаршап-шалдықпаған еңбекқорлығымен әрдайым балаларына үлгі бола білген ардақты ана. Анамыз бізді жастайымыздан адал болуға, адам болуға үйретті. Әр ісімен үлгі бола білді. Адамгершілік асыл қасиеттерімен, биік болмыс-бітімімен, адал абырой-беделімен, табандылығымен қызметте де, үйде де, ауыл-аймақ, жалпақ жұртқа сыйлы болды.

Әр перзентіне жүрегінің түбінен орын беріп, аналық қамқорлығы мен мейірімін аямаған тағылымды тәрбиесінің арқасында әр баласы өмір-өзеннен өз орнын тапты. Өмір ағысымен жан-жақта жүрсек те, сол арналардың тоғысатын дариясы – біздің қара шаңырақ. Қара шаңырағымыздың қазынасы болып отырған осы біздің анамыз, – дейді бүгінде қайын енесіне ризашылық сезімімен келіні Жанар Жұрқабайқызы.

Жасында көрген бейнетінің зейнетіндей балаларына өмірлік дұрыс бағыт-бағдар беріп, алып бәйтеректей жапырақ жайып, осыншама немере мен шөбере сүю де екінің бірінің маңдайына жаза бермеген. Қазыкен апаның өзі болса, өмір жолын, осының арқасында көріп отырған зейнетін былайша баяндайды:

–Ең алдымен жуырда Жеңіс мерекесі қарсаңында әдейі үйіме келіп, мені тыл еңбеккері ретінде осы мейраммен құттықтаған Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевқа көптен-көп аналық ризашылығымды білдіремін. Облысымызда да, қаламызда да мендей аналар көп қой. Кешегі ел басына күн туған ауыр кезеңде бұғанасы қатпай жатып, еңбекке араласқан, одан қалды, осы жолды бейбіт күнде де жалғастырып, өмірге алтын асықтай балапандарын әкелген сол ақ жаулықты замандастарымның қай-қайсысы да сый-құрметке лайық.

Соған қарамастан, көптің ішінен өзіме көрсетілген құрметті Алланың бір жақсылығы деп білемін. Кеше ғана дүниеден өткен отағасы екеуіміз алпыс сегіз жыл бір шаңырақ астында тұрғанымызда бір-бірімізге қабақ шытып, дауыс көтерген емеспіз. Бір-бірімізді қабағымыздан ұғатынбыз. Үйдің де, түздің де шаруасын бірге талқылап, ақылдасып, «келісіп пішкен тон келте болмайды» дегендей, әрқашан бірге шешім қабылдайтынбыз. Ешқашан қонаққа жалғыз барған емеспін, үнемі екеуіміз бірге жүретінбіз. Түзде абыройлы, беделді басшы болса, үйде бәріміздің қорғанымыз, қамқоршымыз еді.

Кешкі аста барлығымыз дастархан басына жиналғанда, әдеп сақтап, тамаққа көп қол созбай, алдымен балаларының астарын ішіп, қарындары тойғанын күтіп отыратын. Сондай сезімтал жан еді. Сосын балалар тұрып кеткен соң ғана шешіліп менімен сөйлесіп, алдындағы тамағын бір үзім наннан бастайтын. Сондағы бар ойы өзінің емес, балаларының тоқтығы еді.

Балаларды жасынан еңбекке баулып, өзі үлгі көрсетіп, алдында жүретін. Қыздарымызды ұзатарда, жасауын апарарда ауыл әйелдерін шақырып, текемет басатынбыз. Мұны отағасы да құптап, қазақтың салт-дәстүрін жан-тәнімен ұнатып отыратын. Биыл аман болса екеуіміздің үй болып отбасын құрғанымызға жетпіс жыл толар еді. Амал не ол күнге жете алмадық. Бірақ, жұбайыммен кез-келгеннің маңдайына жазбаған 68 жыл бірлескен өмірімді де мақтан тұтып, Алланың бергеніне риза болып отырамын.

Бар ой-аңсарым, бүгінгі ұрпақ сонау соғыс жылдары, одан бұрын да, тіпті кейін де біз көрген ауыртпалықты көрмей, бақытты өмір сүрсе болды, – деп әңгімеміздің ара-арасында өз ойын білдірген Қазыкен әженің көкірегінің ашықтығына, сөзінің сарабдалдығына риза боласың.

Сөзінің соңында келіндерін де өз қызындай жақсы көретіндігін, олардың да бір-бір үйдің ұйытқысы боп, әрқашан өзін сыйлаумен келе жатқандығын ауызға алып өтуді де ұмытқан жоқ. «Ұлдарым мен келіндерім» деп отырған, әрбір немересі, шөбересіне жан жылуын төккен асыл әжеге алда да өмірдің осындай қызық-қуанышын тілеп, ризашылық көңілмен қимай қоштастық.

Қ.КӘКЕНОВ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар