Ақмолалық жас өрен Бектұрған Бақмұхаммедтің оқушы ғарыштық физика және астрономия саласындағы ғылыми жобалар байқауына қатысып, жүлдегер атануы облыс үшін үлкен мерей десек артық емес.
Төкен Омаров атындағы республикалық ғарыштық физика мен астрономиядан өткен ғылыми жобалар байқауын Алматы қаласындағы «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық білім беру және сауықтыру орталығының обсерваториясы ұйымдастырды. Мектеп оқушылары арасында өткен сайыстың мақсаты жаратылыстану ғылымын насихаттап, астрономия және оған тікелей қатысы бар ілім-білімге ғылыми жол табу. Ғылыми жобалар сайысында қатысушылар ғарыштық аппараттар мен зымыран тасығыштар, ғарыштық биология және медицина, астрономия мен астрофизика, экология және космонавтика, электроника және энергетика салалары бо-
йынша өз ізденістері мен еңбектерін ұсынып, ғалымдар алдында қорғады.
–Мен бұл байқауға облыс атынан қатыстым. Экология және космонавтика секциясында өз білімім мен тәжірибемді алға тарттым. Менің жобамның тақырыбы «Зымыран – тасығыштарды қоршаған орта үшін зиянсыз ғарыш кеңістігіне шығару әдістерін зерттеу» деп аталады. Болашақта ғарыш саласын жан-жақты зерттегім келеді, – деді Нұр-Сұлтан қаласындағы дарынды балаларға арналған №2 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының 10-сынып оқушысы Бектұрған Бақмұхаммед. Ол еліміз бойынша талапты балалар қатысқан аталмыш ғылыми жобалар байқауында жүлделі үшінші дәрежелі дипломмен марапатталды.
Жалпы, Төкен Омаров туралы айта кетсек, ол кеңес және қазақ астрономы, Қазақстанның ұлттық ғылыми академиясының академигі. Сондай-ақ, Еуропалық астрономиялық одағының құрылтайшысы, Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің жанындағы білім, ғылым және техника салалары бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлықтары жөніндегі комитеттің мүшесі де болған тұлға.
Болашағынан үміт күттірген Бектұрғанға ұстаздары да үлкен сенім артады.
Ырысалды ШАМШИЕВА.