Міне, елімізде кезекті оқу жылы да аяқталып қалды. Биыл облыстағы 556 күндізгі жалпы білім беретін мектепте 129975 оқушы білім алды. Осы көктемде орта мектепті 5040 оқушы, негізгі мектепті 10196 оқушы аяқтайды. Мектеп бітіруші түлектердің 384-і «Алтын белгіден» үміткер.
Биыл облыс мектептерінің 80 пайызы дәстүрлі форматта білім беріп, оларда 103 мыңнан астам оқушы білім алса, қалған 20 пайызы немесе 26 мыңнан астам бала коронавирусқа байланысты қашықтықтан білім алу форматына көшірілді.
Алдын ала зерттелген деректер бойынша ағымдағы жылы түлектердің 10 пайызы облыс колледждеріне, 75 пайызы еліміздің жоғары оқу орындарына және 9 пайыздан астамы Ресейдің, 1,7 пайызы шет елдердің жоғары оқу орындарына оқуға түсуге ниетті. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің бұйрығына сәйкес биыл мектеп бітіруші 9 және 11 сыныптар мемлекеттік емтихандарын белгіленген мерзімде тапсырады. 9 сыныптар 28 мамыр мен 5 маусым аралығында 3 пәннен, 11 сыныптар 1-10 маусым аралығында 4 пәннен мемлекеттік емтиханға қатысады. Мемлекеттік емтихандарды алу кезінде барлық мектептерде тиісті санитарлық талаптар сақталуы тиіс.
Ағымдағы жылдың 6 мамырынан басталған ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) 30 маусымға дейін жалғасып, облыстағы «U-FUTURE» серіктестігінің 3 пунктінде, нақты айтсақ, Көкшетау, Атбасар қалалары мен Ақкөл ауданындағы тест тапсыру бөлімдерінде өтуде. Бұл тестілеуді грантпен оқуға түскісі келетін оқушылар электрондық форматта тапсырады. Бүгінгі күні 1072 оқушы тестілеуден өтіп үлгерді. Жалпы, ҰБТ тапсыруға облыстың 3822 мектеп бітірушісі өтініш берді. Шалғай аймақтарда тұратын оқушыларды тестілеу орталықтарына жеткізу мектеп әкімшіліктері тарапынан ұйымдастырылған. ҰБТ-ны өткізу пункттері тепловизорлармен, пирометрлермен, санитайзерлермен, дезинфекциялық кілемшелермен, бактерицидті шамдармен және тағы да басқа қажетті құралдармен толық қамтылған. Сондай-ақ, ҰБТ өткізілетін жерлерде санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау және облыс оқушылары арасында COVID-19 ауруының таралуына жол бермеу мақсатында өңіріміздің санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментімен бірлесіп, мониторингтік топтар құрылды.
ҰБТ жоғары оқу орындарына оқуға түсуге арналған іріктеу емтихандарының ажырамас бір бөлігі болып табылады, «Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабының 9-тармағына сәйкес жергілікті атқарушы органдар білім алушылардың ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуын ұйымдастыруы қажет. ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2019 жылғы 24 шілдедегі «Ұлттық бірыңғай тестілеуді сапалы өткізу туралы» №280 бұйрығының 3.2. тармағына сәйкес ҰБТ нәтижелері 2019 жылдан бастап бақыланбайды және мектептердің, аудандардың, қалалар мен облыстардың рейтингісінен алынып тасталды.
Кадр мәселелеріне тоқталатын болсақ, облыстың жалпы білім беретін мектептерінде 15396 педагог оқушыларды білім нәрімен сусындатып, оларға саналы тәрбие беруде. Олардың 12 880-інің немесе 83,6 пайызының білімі жоғары, қалған 2516-сының немесе 16,3 пайызының орта арнаулы білімі бар. 2020 жылы аттестаттаудың жаңа жүйесі бойынша 8619 педагог аттестаттаудан өтті, бұл облыс мұғалімдерінің 56 пайызын құрайды, оның ішінде 51 ұстаз педагог- шебер, 2228-і педагог-зерттеуші, 3651-і педагог-сарапшы, 2689-ы педагог-модератор біліктіліктерін алды. 2021 жылы 2 мыңнан астам педагог жаңа жүйе бойынша аттестаттаудан өтуді жоспарлап отыр.
Облыста педагог кадрлардың тапшылығы айтарлықтай байқалмайды, дегенмен, 7 пән бойынша аздап тапшылық бар.
Оқушылардың білім алуының сапасы ұстаздардың кәсіби даярлығы мен біліктілігіне тікелей байланысты. Осы мақсатта Мемлекет басшысының тапсырмасымен педагогтарды аттестаттаудың ережелеріне біршама өзгерістер енгізілді. Қазіргі таңда мұғалімдер аттестаттаудан өту кезінде алдымен ұлттық біліктілік тестілеуінен, екінші кезеңінде, қызмет қорытындыларын кешенді талдамалық жинақтау сынағынан өтеді. Ұлттық біліктілік тестілеуден өткен педагогтардың еңбекақысы санаты бойынша 30-дан 50 пайызға дейін өседі. Ағымдағы жылдың жазында облыстың 4 мыңнан астам педагогы ұлттық біліктілік тестілеуден өтеді. 2021 жылдың қаңтар-ақпан айларында ұлттық біліктілік тестілеуге 1144 педагог қатысып, олардың 462-сі шекті деңгейді жинап, аттестаттаудың бірінші кезеңінен өтті. Облыс педагогтарының орташа еңбекақысы 271, 1 мың теңге.
1 сыныпты биыл 14 мыңнан астам оқушы аяқтайды, келесі оқу жылында 15 мыңға жуық бүлдіршін мектеп табалдырығын аттайды деп жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде 7 мыңнан астам бүлдіршін мектепке қабылданып үлгерді.
Биыл эпидемиологиялық ахуалға байланысты соңғы қоңырау салтанаты тек 11-ші сынып оқушылары үшін ғана өткізіледі. Қалған оқушылар үшін сынып сағаттары ұйымдастырылады.
Білім сапасына тоқталатын болсақ, облыстағы білім көрсеткіштері біршама өскен. Бірақ, бұл көрсеткіштерге тиісті талдаулар жүргізіліп, сарапшы-мамандар жұмыс істеуде. Себебі, еліміздегі сарапшылардың айтуынша, эпидемиологиялық жағдайға байланысты оқушылар білім сапасы төмендеген. Осыған орай, республика бойынша министрліктің бұйрығына сәйкес мектептерде оқу жылы 25 мамырда аяқталғанымен, жазғы мектептер 19 маусымға дейін жұмыс істеп, оқушылар осы жерде үлгермей қалған сабақтарын оқиды.
Енді оқушыларымыздың 2020-2021 оқу жылында жеткен жетістіктеріне тоқталсақ, жыл жемісті болды деп атап өтуге болады. Жыл сайын шәкірттеріміз республикалық және халықаралық байқауларға қатысып, өңірдің намысын қолдан бермей келеді. Биылғы жылы халықаралық байқаулардан облыс оқушылары 3 күміс, 5 қола медаль иеленді, республикалық додаларда облыстың 90 оқушысы әртүрлі деңгейдегі биіктерді бағындырды. Соның ішінде 1 Бас жүлде, 15 алтын, 25 күміс, 49 қола медаль бар. Солардың арасында облыс мақтаныштарына айналған Көкшетау қаласындағы «Білім-инновация» лицей-интернатының оқушысы Алдияр Мыңбаев ағылшын тілі бойынша республикалық пән олимпиадасында алтын медальге ие болды. Көптеген халықаралық, республикалық және облыстық байқауларда математика пәні бойынша білімін ортаға салып жүрген атылмыш лицейдің білім алушысы Арслан Даминовтың да қоржынында алтын, күміс және қола медальдер жетерлік. Ол биыл халықаралық Жәутіков атындағы олимпиадада, «Жібек жолы» атты халықаралық математика олимпиадасында, «Азия-Тынық мұхиты» халықаралық математика олимпиадасында және республикалық жарыстарда жеңіске жетті. Алдағы оқу жылында да облыс педагогтары осындай шәкірттеріміздің көп болуы үшін аянбай еңбек ете береді.
Бейбіт ЖҮСІПОВ,
Ақмола облыстық білім басқармасының басшысы.