Жастарға арналған бағдарламалар қалай орындалуда?

«Nur Otan» партиясы Ақмола облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов филиал жанынан құрылған жастарды қолдау қоғамдық кеңесінің алғашқы отырысына қатысып, оның мүшелеріне жұмыста сәттілік тіледі.

Қоғамдық кеңестің алғашқы отырысының күн тәртібінде «Дипломмен – ауылға!» және «Серпін-2050» бағдарламаларының өңірде орындалу барысы мен тиімділігі талқыланды.

«Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасы аясында бүгінде жастарға 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көтермеақы, 1500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде баспанаға бюджеттік несие беріледі. Жас мамандардың ауылдарға барып, жұмыс істеулеріне қызығушылықтарын арттыру үшін мемлекет келісім-шарт мерзімін 5 жылдан үш жылға қысқартқан болатын. Мемлекет тарапынан осыншама жағдай жасалып жатса да, жастардың ауылдан кетуі азаймаған. Оның басты себебі – жергілікті билік өкілдерінің тарапынан уәде етілген қаржы уақытылы төленбеуінде және жастарға ыңғайлы тиісті тұрмыс жағдайының
болмауында.

«Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында жастарға материалдық қолдау көрсетілсе де, ауылға барған 940 маман келісім-шартты бұзып отыр. Олар мемлекетке 415 миллион теңге залал келтірді және оны қазынаға қайтарулары тиіс. Келісім-шартты бұзу дерегі Аршалы, Қорғалжын, Зеренді аудандарында жиі орын алып отыр. 850 жас маман бюджетке 341 миллион теңге қайтарса, 90 маман мемлекетке 74 миллион теңге қарыз екендігін атап өтті өз баяндамасында облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Фариза Байманова.

Қазірдің өзінде облыста 1100-ден астам маман бағдарлама аясында көтермеақы алуға, яғни, қаржылай қолдауға өтінім беріп, кезекте тұр. Олардың басым көпшілігі, яғни, 814 маман Целиноград ауданының ауылдарына ат басын тірегендер. «Қаржы мамандары өңірде бюджет тапшылығы жоқ екенін айтса да, олардың осы күнге дейін көтермеақыларын ала алмай жүргендері жергілікті әкімдіктердің ауылға келген мамандарға қолдау көрсетуге асықпай отырғандығынан» дейді жиынға қатысушылар. Облыста 7 мыңнан астам жоғары білімді жас маман ауылға барыпты, оның 75 пайызы мұғалімдер. Қоғамдық кеңестің отырысында сонымен бірге «Серпін» бағдарламасы да қызу талқыға түсті.

– «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» – «Серпін 2050» бағдарламасы 2018 жылдан бастап «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» бағдарламасына кіріктірілді. Оның мақсаты – жұмыс күші көп өңірлерден, солтүстікке мамандарды тарту.

Біз бұл бағдарламаны 2014 жылдан бері жүзеге асырып келеміз. Осыған дейінгі 4 жыл бойы бағдарламаның нақты заңнамалық мәртебесі болмады. Алайда, қаржы республикалық қазынадан бөлініп келді, – деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Валерий Гамазов.

Қазір колледждерде маман әзірлеуді жергілікті бюджет қаржыландырады. Алайда, оңтүстіктен білім алуға келген түлектер облыс аумағында тұрақтамаған. Айталық, осы жылдар ішінде 527 маман кәсіби білім алса, оның 179-ы ғана Ақмола облысында еңбек етіп жатыр. Заңнамаға сәйкес кәсіби орта білім алушы жастарды қандай да бір келісім-шарт аясында міндеттеуге рұқсат етілмеген. Бұл талап тек университет түлектеріне ғана қойылған. Дегенмен, әртүрлі себептермен олардың басым бөлігі облыста қалудан бас тартуда.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар