Республикалық «Рухани қазына – 2021» фестивалінің дүбірлі додасында Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы екі бірдей номинацияны жеңіп алды. Атап айтқанда, кітапхана директорының орынбасары, ақын Қуаныш Оспан «Мәдениет жанашыры» номинациясына, ал, балалар әдебиеті секторының меңгерушісі Нәзира Ташкенова мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Ең үздік инклюзивті жоба» номинациясына ие болды.
«Рухани қазына – 2021» фестивалі биыл жер жәннаты Бурабайда өтті. Оған Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова бастаған еліміздің түкпір-түкпірінен мәдениеттің майталмандары жиналды. Еліміздің барлық өңірінен небір мәдениет саңлақтары жиналған айтулы шарада облысымыздың атын асқақтатқан әріптесіміз Қуаныш Оспан мен Нәзира Ташкенованың жетістігі ақмолалықтар үшін үлкен қуаныш болғаны анық.
Жас болса да өз қатарларын алға сүйреп, бас болып, аз уақыттың ішінде кесек-кесек бірқатар поэмаларды жазып, ақын-жазушылардың кітаптарын басылымға дайындап, жарық көруіне, облыстық, республикалық деңгейде өтетін ірі іс-шараларды ұйымдастыруға мұрындық болып, өңірімізде біраз еңбектер атқарып, халқын сүйсіндіріп жүрген Қуаныш Оспанның орны ерекше.
Фестивальде жүзден жүйрік шығып, жеңіс тұғырына көтерілуі заңды да еді. Ал, Нәзира Ташкенова мамандығы тарихшы болса да, кітапханаға келуімен ерекше жаңалықтар ала келіп, креативті балаларға арналған көптеген іс-шаралардың жоғары деңгейде өтуіне атсалысып жүрген жас маман. Оның алғырлығы, білімі, мектепте істеген еңбек тәжірибесі кітапхана жұмысын одан әрі дамытуға үлкен үлесін қосуда. Әріптестерімізді осы жеңістерімен шын жүректен құттықтаймыз!
Бостангүл Ерманова,
М.Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап- ғылыми кітапханасының көпшілік іс-шаралар бөлімінің меңгерушісі.