Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаменті жанындағы азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы, подполковник Асхат Ақылжанов және мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, майор Думан Дәлешов суға кетудің бақытсыз жағдайлары мен орман және дала өртінің алдын алу жөнінде айтып берді.
Ақмола облысындағы 561 су айдыны дем алу және балық аулау үшін пайданылады. Судағы адамдардың қауіпсіздігі аталмыш департаменттің маңызды міндеті болып табылады. Осыған байланысты өңірдің өзен-көлдерінде адам өліміне жол бермеу бойынша алдын алу шаралары жүргізіледі. Подполковник өз сөзінде бұл бағытта департаменттің 61 кәсіби құтқарушысы, Бурабай, Зеренді, Қопа және Щучье көлдерінде 4 құтқарушы бөлімше және су астынан құтқаратын бөлім дайын тұрғанын айтты.
–Техника және жүзу құралдары, су астында пайдаланатын құрал-жабдықтар қолдануға дайын. Жыл сайын балаларды малтуға үйретеміз. Биылғы жылы 605 бала оқытылды. Суда адам өліміне жол бермеу мақсатында департамент әкімдіктермен бірге алдын алу жоспары кешенін жасады. Облыстағы төтенше жағдай бойынша комиссияның бір отырысы болып өтті.
Мұндай отырыстар барлық қала мен аудандарда өткізілді. Осы бағытта бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмыс жүргізіледі. Жол полициясының аумақтық бөлімшелерімен бірге 504 рейд жүргізілді. Оның нәтижесі бойынша 56 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 305 «Шомылуға болмайды» деген белгі орнатылды. 7 коммуналдық суға шомылатын орын және 171 құтқарушысы бар 59 маусымдық құтқару бекетін ашу жоспарлануда.
Биылғы жылдың 1 маусымынан бастап суда шомылу маусымы басталады. Дегенмен, бүгінгі күні облыстың бірқатар өңірлерінде адамдар суда шомылуда. Барлық қолданған алдын алу шараларына қарамастан, Егіндікөл, Аршалы аудандарында 3 адам суға кетті. Олар тиым салынған, жабдықталмаған орында суға шомылған,–деген Асхат Ақылжанов судағы қауіпсіздік ережесі және су жағалауында балаларды қараусыз қалдыруға болмайтыны жөнінде айтты.
Майор Думан Дәлешов өз сөзінде 12 сәуірден бастап Ақмола облысының мемлекеттік орман қоры аумағында өрт қаупі бар маусымның басталғанын баяндап берді.
– Өрт қаупі бар маусымда облыс аумағында орман өртінің 24 оқиғасы тіркелді. Өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда өрт саны 6 есе өсті, құрғақ шөптің жануы 15 пайызға көбейді. Бұл факт ескерту және орман өртін жою мәселесін шешуге алдын ала дайындалу қажеттігін көрсетеді. Көктем мен жазда табиғи өрттің туындау тәуекелдігі тез өсетіні белгілі. Өрт қараусыз қалған алаудан, темекі тұқылы мен сіреңкені тастағаннан, көлік мұржасының ұшқынынан, шөпті өрттеуден, линза тәрізді шыны сынығын тастаудан туындайды.
Көбіне өрттің шығуына найзағай мен өз-өзінен жану себепкер болады. Өртті сөндіру үшін биылғы өрт қаупі бар маусымда департамент 206 техника, 3 су сорғыш станциясын, 300 ранцевтік от сөндіргіш, 98 мотопомпа және 800 жапырақ дайындады,– деген басқарма бастығы тұрғындарды ақпараттандыру және оқыту мақсатында департамент жергілікті атқарушы органдармен бірге бұқаралық ақпарат құралдарында жүйелі жұмыс жүргізілетінін айтты.
Өрт қаупі бар мезгілде елді мекендерде құрамында 1141 адамы бар 208 ерікті өртке қарсы құрылым дайындалыпты. Департамент 2021 жылғы өрт қаупі бар мезгілде орман және дала өртін сөндіруді ұйымдастыру және табиғи өртті сөндіру кезінде орман шаруашылығы мекемелерінің дайындық мәселесі бойынша орман шаруашылығы қызметкерлеріне семинарлық сабақ жүргізген екен.
Сондай-ақ, департамент облыстағы балалар мен жасөспірімдердің жазғы демалыс орындарының, сондай-ақ, қауіпті аумақ пен қалың орманда орналасқан пансионаттар мен шипажайлардың өрт қауіпсіздігіне тексеру жүргізіпті. Уақытылы әрі жедел өрт ошағын анықтау, шағын күшпен және қаржымен өртті сөндіру оның одан әрі өршімеуінің алдын алу әдісі болып табылатыны белгілі. Облыс аумағындағы орман өрті жағдайын қадағалау үшін космостық мониторинг жүргізіледі. Анықталған табиғи өрт жедел сөндіріледі екен.
Орман өртін уақытында табу бойынша іс-шараның бірі орманды жерден және әуеден патрульдеу болып табылады. Өрт қаупі бар мезгілде Ақкөл, Зеренді мен Бурабай аудандарында «Казавиалесоохрана» акционерлік қоғамының 3 авиа тобы орналасып, 5 аудан аумағындағы орманды әуеден бақылайды екен. Облыс аумағында жерден патрульдеу үшін құрамында 198 адамы бар 56 жедел топ құрылыпты. Биылғы жылдың өрт қаупі бар мезгілінде аталмыш жедел топтар 355 рейдтік шара өткізіп, ереже бұзған 49 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартыпты. Брифинг соңында басқарма бастықтары журналистер қойған сауалдарға нақты жауап берді.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген
Советбек МАҒЗҰМОВ.