Облыстық білім басқармасының басшысы Бейбіт Жүсіпов халықаралық балаларды қорғау күніне орай Ақкөл ауданындағы Урюпинка балалар үйі мен «балабақша-мектеп-интернат» арнайы кешенінде болып, ондағы тәрбиеленіп жатқан жеткіншектерді мерекелерімен құттықтады.
Мекемені аралау барысында Бейбіт Әйтімұлы сенсорлық бақшаны, мектеп жанындағы бау-бақшаны, тігін және ағаш ұстасы шеберханаларын, әлеуметтік-тұрмыстық бейімдеу кабинетін және Кэнди-барды көрді. Мұнда ол «Достық» отбасының балаларымен әңгімелесіп, олардың отбасылық мерекесіне қатысып, балғындардың қуанышты сәттерін тамашалады. Жеткіншектердің болашақ жоспарлары мен спорттағы, өнердегі басқа да жетістіктері жайлы сөйлесті. Кешеннің тәрбиеленушілері өз өнерлерін ортаға салып, «Жазды фотоаппаратпен өткіземіз» жобасын таныстырды.
Ақкөл балалар үйінің шығармашылық ұжымдары қонақтар мен тәрбиеленушілерге әзірлеген мерекелік концерттік бағдарламасын ұсынып, жиналған қауымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Мереке соңында Бейбіт Жүсіпов балалар үйі мен әлеуметтік кешеннің тәрбиеленушілерін тағы бір мәрте атаулы мерекемен құттықтап, педагогикалық ұжымның еңбегіне алғыс айтып, шығармашылық табыс тіледі. Сонымен бірге, ол облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың атынан Монтессори тәсілі бойынша балалар бөлмесін жабдықтау үшін 3 миллион теңгенің және Ақкөл балалар үйінде онлайн трансляция жүргізу үшін құрал-жабдықтар алуға 1,5 миллион теңгенің сертификаттарын тапсырды.
Ырысалды АХМЕТҚАЛИЕВА.