Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Гүлнәр Құлышева «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ғимаратында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Көкшетау қаласының тұрғыны Самат Айтбенбетов он жасар ұлын облыс орталығындағы «Болашақ» емдеу мекемесіне жатқызу туралы өтініш білдірді. Айтуынша, баласының басында сырқаты бар. Аталған басқарма басшысы өтініш иесін тыңдай келе, бала осы айдың ортасына қарай емдеу мекемесіне жатқызылады деп шешті.
Бұл күні сондай-ақ, екінші топтағы мүгедек Дулат Әйткенов пен Зеренді ауданы Шағалалы ауылының тұрғыны Ұлжан Шаханованың сауалдары да оң шешімін тапты. Біріншісіне Бурабай ауданындағы Қарағай шипажайына жолдама берілсе, науқас ұлының мұңын арқалап келген ана Ұлжан Шахановаға да жағымды хабар жеткізілді. Оның ұлы Тимур Бекенов облыстық ауруханада тиісті ем-дом қабылдайтын болды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.