Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева журналистердің біліктілігін арттыру үшін қандай шаралар жасалғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жасыратын несі бар, соңғы жылдары тек Қазақстанда ғана емес, көптеген әлем елдерінде кәсіби БАҚ шетте қалып қойды. Сұраныстың жоқтығы көзге ұрып тұрды, мұның себебін журналистердің өзі де жете түсіне алмады. Журналистер мамандығын тастап, басқа салаға кетуге мәжбүр болды – фриланс, пиар, блогер. Мен талай рет айттым және тағы да қайталаймын: кәсіби журналистика – таңдаулылардың, өз ісіне жанашыр, батыл және мықты адамдардың кәсібі.
Және біз оған ең құрметті мамандықтардың бірі деген мәртебені қайтаруға міндеттіміз», — дейді Аида Балаева «Sputnik Қазақстан» порталына берген сұхбатында. Ақпарат министрі бейінді факультет түлектерінің деңгейін көтеру, жұмыс істейтін кадрлардың біліктілігін арттыру және салалық, өңірлік журналистиканы дамыту сынды бірқатар шара жасалғанын атап өтті.
«Қазір пандемиядан туындаған кейбір қиындықтарға қарамастан, біз бейінді жоғары оқу орындарымен етене ынтымақтаса жұмыс істеп жатырмыз: студенттерге елдің үздік редакцияларында практикадан өтуге мүмкіндік береміз, отандық және Түркия, Ұлыбритания, Ресей сияқты шетелдік журналистиканың корифейлерімен семинар өткіземіз.
Жыл басынан бері медицина, діни және экология журналистикасы бойынша үш оқыту курсы өткізіліп, елдің барлық өңірінен 4 мыңға жуық адам қамтылды. Бұл – болашақта кеңейтіліп, жетілдіретін ұзақ мерзімді жобалар», — деді ведомство басшысы. Сонымен бірге, Аида Балаева журналистика факультеті түлектерінің жұмыспен қамтылуы мәселесі қалай шешілетінін айтты.
«Бұл мәселе ЖОО-лардың басшылық құрамымен және отандық БАҚ-пен кездесулерде талай рет көтеріліп, талқыланды. Тәжірибе мен пікір алмасу қорытындысы бойынша студенттерді өндірістік процеске көбірек тартып, практикалық дағдыларын дамыту қажет деген тоқтамға келдік. Медиа саласы мамандарын оқыту жөніндегі арнайы жоспар аясында отандық БАҚ-та тәжірибе мен тағдылымдама ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Аталған жұмыс мемлекеттік БАҚ және жоғары оқу орындарымен бірлесіп жүргізіледі. Оған қоса, жоғары оқу орындарымен бекітілген меморандум аясында студенттер арасында келешекте жұмысқа орналастыру мақсатында кәсіптік-бағдарлық жұмыс жүргізу қарастырылған. Біз тек осылай ғана түлектердің сұранысы мен ынта-ықыласын арттырамыз», — дейді Аида Балаева.
Дереккөз: www.inform.kz
Дереккөз: www.inform.kz