Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Біз де бел ортасында жүрген едік - АРҚА АЖАРЫ

Біз де бел ортасында жүрген едік

Сарыарқаның сайын даласына тұңғыш түрен салынған 1954 жылы Кеңес одағының түкпір-түкпірінен келген комсомол жастармен бірге,  жергілікті ұл-қыздар да тың және тыңайған жерлерді игеруге белсене атсалысты. Бұл науқан бірнеше жылға созылып, өз ыстық-суығына талай жасты шыңдап шығарды.

Тың жерлерді игеру одан әрі жалғасқан 1961 жылдың сәуір айында Көкшетау облысында жаңадан тағы 15 кеңшар ашылды. Соның екеуі – «Совет» және «Қойтас» кеңшарлары Еңбекшілдер ауданында ашылатын болды.
Ол кезде 1954 жылы ашылған «Невский» совхозында зоотехник болып жұмыс істеп жүргенмін. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына 15 сәуір күні шақырып, жаңа ашылатын «Совет» совхозына бас зоотехник етіп тағайындады. Басқарма бастығы Александр Петров  егде тартқан адам екен. Бізбен алдағы жұмыстар жөнінде  әңгіме өткізіп, түсінік берді. Қолымызға  келешек совхоздың қай жерде орналасатыны көрсетілген топографиялық картаны ұстатып, сәттілік тілеп, шығарып салды. Совхоздың орталығы  болатын жерін өзіміз тауып,  белгілеуіміз керек. Менен басқа Виктор Кагнер  деген еврей жігіті бас инженер, Голобов деген украин жігіті бас агроном, Пыркин деген чуваш бас есепші, ал, татар жігіті директордың орынбасары болып  тағайындалып, облыстық ауыл шаруашылығы  басқармасынан бұйрықтарын алды. Юлий Горбунов  деген жас жігіт совхоз директоры болып, Мәскеуден тағайындалып келді. Мамандығы агроном, бұрын сол жақтағы бір шаруашылықта бөлімше агрономы болып қана істеген.
Ол кезде бізден бірен-сараны ғана бекітілмесе, совхоздың директорларын Мәскеу тағайындап беретін. Совхоз  орталығы болатын жерді іздестірумен бір жұмадай жүріп, ақыры, Ақсу руднигінен 25 шақырым,  Бөгенбай ауылынан 15 шақырым жерден  Ақсу  өзенінің жағасына, Қанжығалы Бөгенбай батырдың сөресі деп  аталатын жоталы үлкен таудың бауырына  «Совет» совхозының орталығын белгілеп,  қазығын қақтық.  Келешек  ұрпаққа қолайлы, пайдасы мол, суға бай, жайылымы жететін жер болар деп  ойладық. Бұл жер  мыңғырған мал айдаған ағайынды Сейпіл, Көпей   байлардың жайлаулары болып шықты.
Қазақтардың қалмақтармен соғысы кезінде Бөгенбай батыр осы жерде ауыр жараланып, қаза табады. Содан серіктері батырдың денесін теріге тігіп, осы биік таудың басына «сөре» жасап қалдырып, өздері жауды қуып кетеді. Қалмақтарды жеңіп келгесін батырдың денесін түйеге артып Түркістанға апарып, Қожа Ахмет Яссауидің жанына жерлейді. Жергілікті халықтар осыдан кейін бұл жерді «Бөгенбай батырдың сөресі» деп атап кеткен. Бұл оқиғаны жұрттың  көпшілігі біле бермейді. Осы маңайда  Шучье, Еңбекшілдер аудандарына қарасты колхоздардың  алыстағы мал жайылымдары болған көрінеді. Барлығы 10 жайылымның баздары мен техникаларын  мал-жанымен қоса қабылдап алдық. (Терек, Жанбай, Көкшолақ, Қарғалы, Көдебас, Сары өлең, Сапақ, Молу, Алдай-соры, Шуақ). Осы орайда, жұмыссыз адамдарды жұмысқа орналастырдық. Бұрын жылқышы болып істеген Ыдырыс Жүсіпов ақсақалды сол өз орнына,  Төлеген Ыбыраев пен ағайынды Жетен, Жақсылық Қанафиндерді көмекшілері етіп орналастырдық. Қалғандарына да жұмыс  бердік. Айтбай, Мұқан, Қойшыбай, Рамазан, Жұмай, ағайынды Қазиден, Айдос Оспановтар өздерінің өтініштері бойынша отбасыларымен қой бағуға шықты. Осылай   совхоздың мал шаруашылығы жұмыстарын бастап кеттік.
Сол жылы облыс бойынша   «мамандандыру»  деген шығып, бүкіл батыс аудандардағы  жылқыларды жаңадан ашылған совхоздарға жіберді, сөйтіп, біздің шаруашылықта алғашқы жылдың өзінде 2500 бас жылқы мен 10 000 бас қой болды. Бұл тың жерде ашылған жаңа совхозға үлкен сын әрі үлкен сенім еді. Әйтсе де,  малшылар мен мамандардың қажырлы еңбектерінің арқасында үкіметтің алға қойған жоспарларын орындап отырдық.
Мал шаруашылығы бойынша жазылатын барлық бұйрықтардың жобасын өзім жазып, директорға апарып қол қойдырып отыратынмын. Басшы табыншылар деген кім, сақманшыларың кім, тағы да басқа                     сауалдар қояды, оның келген жағында біздің жердегідей көп мал болмағасын бәрін айтып түсіндіреміз.
Өмірде нағыз азаматтар болады, жұмыста маған көп көмегі тиген сондай қадірлі жандардың бірі – мал дәрігері Талғат Ескенов болды. Қойда мал төлдету, жүн қырқу, күпкеге түсіру сияқты жұмыстар көп болады. Маған әрқашан мектеп директоры Уәли Жәпекенов деген ағамыз  көмектесіп жүретін. Науқандық жұмыс кездерінде көмек сұрап барсаң, ылғи оқушыларын жібереді. Бұл кісінің алдынан білім алған түлектердің барлығы да жоғары оқу орындарына түсіп, қалаған мамандықтарын алып, елге көп пайдаларын тигізді.   Мәселен, Мұрат қажы Ыдырысов, Армия Ералина,  Бәтжан Омарова, Кәрібай Сәтиев тағы басқалары.  «Жақсының жақсылығын   айт, нұры тасысын» дейді атам қазақ.  Уәкең ағамыздың тегі жақсы еді,  түпкі тарихы «Қоңыр төреден» тарайды екен.
Уәкең 1936 жылы Петропавл мұғалімдер техникумын  ағам Жәнәбіл Ысқақовпен бірге бітіреді. Екеуі  Еңбекшілдер өңірінің   жастарын  ілім-білімге тартқан азаматтар. Бұл мұғалімдерден оқымаған адамдар кемде-кем.  Екеуі  бір-бірімен айнымас дос болды. Сауатсыздықты жоямыз деп, үлкендерді де оқытты.   Олар кешкі мектепте оқығанда, мен әкемнің жанында отыратын едім.
Шаруашылықта  Әскен Мұқашев, Асқар Айбабин, Сәбит Таймасов, Шияп Жүсіпбеков, Төлеухан Баяубаев, Зейке Кенжеболатов, учаскелік инспектор Есмұханов сияқты елдің жігіттері қызмет етті. Ал, 90 пайызы шеттен келген  ағайындар болды. Алғашқы кезде олар палаткаларда, вагондар мен киіз үйлерде тұрды, кейін жер үйлер  салынды. Қысқа дейін бәрі  тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Техника да көптеп келе бастады.
Дұрыс жол жоқ. Жауын-шашынды,  әсіресе, боранды күндері жайлауға барудың өзі оңайға соқпайтын. Осы жылдары совхозға 20 шақты жаңа ГАЗ-51 жүк автокөлігі бөлініп, барлық бас мамандарға   жеңіл  автокөліктер  бекітіп берілді. Мен өзіме Төлеухан Баяу-баевты жүргізуші етіп алдым. Сенімді, елгезек жігіт еді, жақсы көмекші болды.  Кей  кездері тапсырған жұмыстарды өзі барып тыңғылықты атқарып келетін. Жас кезімізде шаршауды, қорқуды білдік пе?!. Осылай  жаңа «Совет» совхозын дамытуға белсене  атсалыстық.
Келген ағайындар арасында жұмысты жақсы істейтіндері де, айтқанға көнбейтін кертартпалары да болды. Араларында сотталып келгендері де кездесті. Әйтеуір, тың игеруге барамын дегендерді жібере берсе керек. Осылардың барлығымен тіл табысып, жұмыс істеу керек болды. Не керек, тіл  де табыстық, бірге жұмыс та істедік. Көпшілігімен осы күнге  дейін араласып тұрамыз.
1964 жылы жаңа тағайындаумен Ерейментау ауданына қарасты «Минский» сов-хозына бас зоотехник болып жұмысқа бардым. Бұл жерде біраз жыл еңбек еттім. Ол кезде бұл  совхоздарда қазақтар шамалы екен, бірен-саран ғана, бәрі дерлік өзге ұлт өкілдері.  Тасмағамбет Тәлімов деген ағамыз парторг болып келді. Тәжірибесі  мол азамат көрінді. Шаруашылықты көтеру жолында бірлесіп, біраз тер төктік.  Совхоздың Құрмет тақтасына екі қазақтың суреті ілінді, біреуі токарь Қаликен Сәдуақасов, екіншісі – мен. Бас зоотехниктің  суреті  Құрмет тақтасына ілінуін бұрын-соңды осы жолы көрдім. «Изобильный» кеңшарында Қайыртай Айтмұханбетов деген жігіт көп жыл парторг болып қызмет атқарды. Жөні түзу азамат еді, араласып тұрдық. «Қазақстан» совхозында Төлеш, «Одесский» совхозында Мүтәш деген жігіттер бас зоотехник болып жұмыс істеді.  Кейін біртіндеп қара көздер көбейе бастады.
Осылай тыңда ашылған біраз шаруашылықтардың жерін жайлап, дәмін таттық. Кейін «Минский» екінші еліміз болып кетті, сағынғанда барып тұрдық. 1971 жылы Ақкөл ауданына,  1975 жылы Көкшетау ауданына зоотехник болып ауыстым. Бертін ауыл шаруашылығы  бөлімін басқарып,  асыл тұқымды мал шаруашылықтарының санын көбейтуге де азды-көпті үлесімді қостым.  Сол мекемеден зейнеткерлікке шығып, бүгінгі күні  Көкшетау қаласында ел қатарлы тұрып жатырмын.
Біреулерге тың және тыңайған жерлерді тек басқа ұлттың өкілдері келіп, игеріп бергендей көрінеді. Жоқ, олай емес. Бұл дүбірі жер жарған үлкен науқанға жергілікті халық, әсіресе, сол тұстағы тепсе темір үзетін қазақтың жас жігіттері мен қырмызы қыздары да елеулі үлестерін қосты. Тың және тыңайған жерлерді игеруге 60 жыл толып отырғанда, бір уақ мұны да еске салған жөн-ау деп, қолыма қалам алдым.     

Мұхый ЫСҚАҚОВ,
еңбек ардагері, тыл еңбеккері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар