Көкшетау қаласындағы Мәлік Ғабдуллин музейінде Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімованың қатысуымен Солтүстік-Қазақстан облысынан келген «Абылай хан резиденциясы» музей кешенінің еліміздің тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Абылай ханның 310 жылдығына орай ұйымдастырылған «Тәуелсіздік туын биік көтерген – Абылайхан» атты жылжымалы көрмесі таныстырылды.
Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында: «Бұқаралық санадағы тарихи үдеріс негізінен дараландырылатыны белгілі. Көптеген халықтар өз елдерінің елшісі болған ұлы бабаларының есімдерін мақтан тұтады.
Ұлы дала бүкіл көрнекті қайраткерлер галактикасын дүниеге әкелді, олардың арасында Абылай хан да болды» деген болатын. Осыған орай, өткізілген іс-шараның негізгі мақсаты да өрлік пен ерлік дәуірі болып саналған Абылай хан заманының қазақ тарихы мен әдебиетінде айшықты орын алған кезеңіне арналды.
Сол кезеңнің құндылығы мен Абылай ханның замандастарының жүріп өткен жолдарын кейінгі жас буын жеткіншектердің санасына сіңіру болса, екінші жағынан «Абылай хан резиденциясы» музей кешенін насихаттау арқылы қалың бұқараны өз елінің мұрасын терең білуге ынталандыру, қазақ елінің өсіп-өркендеуіне қатпарлы тарихын зерделеуге және өз Отанына деген сүйіспеншілігін арттыруға бағытталды. Осыған орай, өткен көрменің ашылу салтанатында Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова сөз сөйлеп, – Биыл Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің шешімімен Көкшетау қаласы Қазақстанның мәдени астанасы болып жарияланды.
Бұл біз үшін үлкен абырой және жауапкершілігі мол игілікті іс болып отыр. Осы жыл бойына еліміздің барлық аймақтарынан мәдениет саласы Көкшетау қаласына келіп, концерт, театр қойлымдарын ұсынып, тәжірибе алмасатын болады. Міне, соның алғашқыларының бірі болып, Солтүстік Қазақстан облысындағы «Абылай хан резиденциясы» музей кешені «Тәуелсіздік туын биік көтерген – Абылай хан» атты жылжымалы көрмесін алып келіп отырғанына өте қуаныштымыз, – деген Айна Ермекқызы Абылай ханның кербез Көкшенің жер жәннатына айналған Бурабайына ақ ордасын тігіп, азаттықтың ақ таңын аңсаған ақ арманы туралы, жасалған көптеген іс-шаралардан жан-жақты айта келе, Ұлы ханның есімі өз халқына мәңгілік қызмет ететінін мақтанышпен жеткізді.
Одан әрі құттықтау сөз сөйлеген Түркістаннан Абылайдың топырағын әкелген бірден-бір адам, жазушы-драматург Жабал Ерғалиев ежелден Есіл-Көкше өңірінің тарихы да, тағдыры да бір екеніне ерекше тоқталып, Бурабай Абылай ханның 48 жыл хандық құрған мекені болса, Қызылжарда ең бірінші патша ағзамның рұқсатымен «Абылай хан резиденциясы» салынғандығы туралы сонау тарихтан сыр шертті. Одан кейін Солтүстік-Қазақстан облысының «Абылай хан резиденциясы» музей кешенінің директоры Аян Садаев та тебірене сөз сөйлесе, осы аталмыш музей кешенінің экскурсоводы Назгүл Бейсембина Қызылжар өңірінен келген жылжымалы көрмені жан-жақты таныстырып, қатысушылар арнайы дайындалған бейнефильмді тамашалады.
Көрмеге 30-дан астам экспонат ұсынылған. Олардың ішінде қазақ жауынгерлерінің қару-жарақтары, құжаттар, суреттер, ғасырда жоңғарлардан Отанын қорғаған, Есіл ауданының Көктерек ауылының тумасы Қазыбек (тышқан) батыр найзаның ұшы, Абылай ханның серіктерінің бірі – Құлеке батыр найзаның ұшы сынды бірегей экспонаттар қойылған.
Іс-шараның соңында Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры Құдайберлі Мырзабек мәртебелі меймандарға ризашылығын білдіріп, алғыс айтып, сый-сияпаттар тарту етіліп, ескерткіш суретке түсіп, көрмені тамашалауға ұласты.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.