Белгілі айтыскер Елеш Қабылханұлымен жуырда бір мәдени іс-шарада жүздесіп, бір кездері республикалық сахналарда Ақмоланың намысын қорғап айтысқан өрелі ақынның қазіргі уақытта қандай қызметте жүргендігі жайлы әңгімелестік. Тума талант, сөз зергері, қара сөздің майын тамызатын арда азамат әлі де әдебиетке адал жан екендігін аңғартты. Қазіргі уақытта ол Бұланды ауданындағы талапты да талантты жас жеткіншектерді ақындыққа баулып, үйретуде.
Айтыскер ақын, термеші Елеш Қабылхан бір кездері республикалық жыр додаларында өзінің жан-жақты талантымен көзге түсіп, талайды ақындық шеберлігімен тәнті еткені бар. Қазіргі уақытта шәкірт тәрбиелеп, өзінің жиған тәжірибесіне сүйене отырып, өскелең ұрпаққа бағыт-бағдар беріп жүрген оның осы саладағы жетістіктері де аз емес.
Осыдан біраз бұрын аудан әкімі Ермек Нұғыманов болған кезде ол Қараөзек ауылындағы мәдениет үйінің жанынан «Ер Керей» атты балалар мен жасөспірімдерге арналған айтыс үйірмесін ашыпты. Сол уақытта қазақ әдебиетіне сусындаған 10 баланы қанатының астына алып, «өлең сөздің патшасы» – айтысқа баулыпты. Алғашқы шәкірттері Нұрислам Әбділ, Жәрдемгүл Өмірзақ, Жеңісхан Ақорда, Мақсұт Береке есімді балалар айтыс сахнасына көтеріліп, өз биіктерін бағындырып та үлгерген. Олардың бәрі қазіргі уақытта студент атанған. Кейін аталмыш үйірменің қолдаушысы болмай, өкінішке орай жабылып қалыпты.
– Былтыр Макинск қаласындағы балалар шығармашылығы орталығының басшысы Қазыбек Боранбайұлының шақыртуымен «Жас қанат» жас ақындар үйірмесін аштық. Қазіргі уақытта онда 30-ға жуық бала ақындық өнерге тәрбиеленіп жүр. Үйірмеге балалар төрт бағыт бойынша қатысады. Алғашқы бағыты бойынша балаларға домбыра тартып, ән айтуды үйретеміз, себебі, айтыста домбыра тарту аса қажет. Екінші бағыты – көркемсөз шеберлігі.
Мұнда балаларға қазақ прозасы мен поэзиясынан үзінділер жаттатқызып, оны мәнерлеп оқуға, образ ашудың қыр-сырына баулимыз. Үшінші бағытында – өскелең ұрпақты жазба ақындыққа, нәзира үлгісінде түрлі тақырыптар бойынша өлеңдер жазуға үйретеміз. Соңғы бағыты – айтыс ақындарын дайындау болып табылады. Бұл жоғарыда аталған үш бағыттың шарықтау шегі іспетті. Онда домбыра тартып, ойда өрелі ой құрап, лезде суырып салуға баулимыз. Әр баланың өзінің ынтасы мен талабы болады. Біз бар болғаны соларды шыңдап, бағыт-бағдар беріп, айтысудың қыр-сырын үйретеміз, –деді ақын Елеш Қабылхан.
Былтыр үйірме қатысушылары ішіндегі 12 оқушы республикалық Абай оқулары байқауына қатысып, 7-еуі әр түрлі аталымдар бойынша бас жүлдені қанжығаларына байласа, қалған 5-еуі бірінші орынның тұғырын бағындырыпты. Сол тәрізді «Алтын күз» республикалық онлайн байқауына да 11 оқушы қатысып, 5-еуі бірінші орынды иеленген, 6-уы екінші орынға лайықты деп танылыпты. Сондай-ақ, Қызылорда қаласында өткен «Көктем нұры» атты республикалық айтыста үйірмеге қатысып жүрген дарынды бала – үйірме жетекшісінің өз баласы Нұрғиса Елеш қарсыластарына есе жібермей, бірінші орынды иеленіп, қанжығасын майлап қайтыпты. Үйірме жетекшісіне республикалық байқаулардың ұйымдастыру әкімшілігі тарапынан үш мәрте үздік жетекшілік еткені үшін арнайы дипломдар келіпті.
–Жалпы, айтыс – өте таза, бекзат өнер. Бұл үйірмеге келетін балалар халық ауыз әдебиетін сүйіп оқып, ұлттық мұраларымызды қастерлеп, ел тарихынан жан-жақты хабардар болулары тиіс. Үйірмеде бір сәт фольклорлық жырларға, салт-дәстүрлерге, тарихқа да аса мән береміз, – деді әңгіме барысында үйірме жетекшісі.
Елеш Қабылхан жайында азырақ тоқталсақ, ол ел тәуелсіздігін алған кездегі Елбасының бастамасымен қиын кезеңдерде жан-жаққа жапа-тармағай шашылып кеткен қазақтардың атамекеніне оралуларына ұсыныс жасалғанда ұлы көшпен Моңғолиядан келген алғашқы ағайындардың бірі. Алғашында Ақтөбе облысына ат басын тіреген ол аяулы жары Мағзұм Алданғанмен танысып, отасып, сол жерде еңбектенеді. Көркем табиғаты мен дертке дауа ауасы талайдың жырына себепші болған көрікті Көкше жеріне бүйрегі бұрып, 6 жылдан соң, көштің басын Ақмолаға бұрған Елеш ағамыз қазіргі уақытта Бұланды ауданында отбасымен бақытты ғұмыр кешуде. Өнерден кенде болмаған отағасының жұбайы Қараөзек ауылындағы орта мектепте география пәнінен сабақ беріп, ұрпақ санасына саналы тәрбие құюда. Бүгінде олардың айдан сұлу төрт қызы мен болашағынан зор үміт күттірген бір атұстар ұлдары бар. Үлкенірек үш қызы өнер жолын таңдаған, бірі музыка пәнінің мұғалімі болса, бірі биші, енді бірі әнші.
Есімін қазақтың атақты композиторы Нұрғисадай болсын деп, ырымдап қойған ұлдары үшінші сыныптан айтысқа шығып жүрген жас өрен. Ол белгілі журналист Дана Нұржігіт жүргізген Қазақстанның «Дара баласы» бағдарламасына қатысып, оның арнайы сертификатын да алыпты. Айтыстың тарландары атанған Аманжол Әлтаев, Иранғайып Күзенбаев секілді арқалы ақындардың батасын алған бала Нұрғиса Қарақат Әбілдинаның «Ана мен бала» бағдарламасына да қатысыпты. Бүгінде оны ұстаздары актерлікке де баулып, Нұр-Сұлтан қаласындағы «Мейрам» киностудиясының «Сиқырлы кітап» фильміне түсіпті. Алдағы уақытта сериалға түсуге дайындалып жүр. Өнер мен әдебиетті, мәдениетті жандарына серік еткен отбасы бірнеше мәрте аудандық және облыстық «Мерейлі отбасы» байқауына қатысып, екі рет бас жүлдені иеленіпті. Отағасы «Ақмола айтқыштары» деген сайыстың жүлдегері де атанған. Отбасы мүшелерінің әрқайсысының де өздерінің жеткен жетістіктері мен бағындырған биіктері бар. Кенжекейлері – Нұрерке әлі балабақша қабырғасында тәлім алып жүрген бүлдіршін.
–Бала-шағам барлығы осы Бұландыда дүниеге келді. Білімді де осы Көкшетаудағы Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінде режиссура мамандығы бо-
йынша алдым. Қазіргі уақытта Қараөзек ауылындағы мәдениет үйінде қызметкер болып жұмыс істеймін, әрі «Жас қанат» жас ақындар үйірмесін жүргіземін, –деген ақын ағамыз кезінде облыстағы ең алғашқы әзіл-сықақ театрын ашуға оқталғаны жайлы, ол театрдың пердесін түріліп, бір-екі қойылымнан кейін, жабылып қалғаны туралы айтты. Астарлы әзіл кейбір адамның қытығына тиіп кетеді ғой. Десе де, бастама болған соң, оның нәтижесін де көру керек пе еді?!
–Ерназар Ыбыраевтың «Қисық кітап» және «Сүйіскің келе ме?» деген екі кітабы бар. Сондағы «Қисық кітаптың» ішіндегі шығармаларды негізге алып, сатира театрын аштық. Ашылуы Көкшетауда өтіп, Бұландыда тағы да екі рет қойылым қойдық. Осы үшінші концертіміздегі бір қойылым аудан әкімінің орынбасарына тиіп кетті ме, содан бізге үнемі килігіп, ақыры штат бөлмей жауып тастады, –дейді Елеш ақын.
«Жас қанат» үйірмесінің төртінші бағыты бойынша Елеш Қабылхан биыл екі жас ақын – Нұрғиса Елеш пен Айсұлу Бергенбекті айтысқа баулыпты. Олар бүгінде өз өнерлерін ортаға салып жүр. Нұрғиса жоғарыда айтқанымыздай республикалық додаларға қатысса, Айсұлу әзірге аудандық деңгейде ересектер арасында өткен айтысқа ғана шыққан екен. Сонымен бірге, үйірме жетекшісінің бастамасымен ауданда екі рет жас ақындар мүшәйрасы ұйымдастырылыпты.
Өткен жылдың соңына таман облыстық ақындар мүшәйрасын ұйымдастыруды қолға алған екен, алайда, пандемияға байланысты Ақмола облысы «қызыл» аймаққа еніп кеткендіктен, оған рұқсат берілмепті. Десе де, әлі алда жақсы күн туар, талай жыр додалары мен мүшәйралар дәстүрлі форматта өтеді деген ойдамыз. Ал, аудандағы балалар шығармашылығы орталығындағы «Жас қанаттың» балалары мен жасөспірімдеріне қанаттарың талмай, сөз өнерінің биігінде самғай беріңдер демекпіз.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.