Қазақтың дәстүрлі амандасуын неге ұмытамыз

Мән бермесең, зер салып көңіл аудармасаң, бәрі де қалыпты жағдай тәрізді көрініп, қаннен-қаперсіз жүре бересің. Күн ертемен орнынан шығып, кешкілік ұясына барып қонады, яғни, басқаша айтқанда, таң атады, күн батады.

Иә, солайын солай ғой, бірақ кейде толып жатқан «әттеген-айлар» көңілге кірбің түсіріп, кәдімгідей ойланып қаласың. Мысалы, мен әйел затының – өзімнің құрбыларымның «әссәләу» деп амандасқанына кәдімгідей қынжылып, қарным ашып қалады. Алайда, оған қарап жатқан кім бар?! «Әссәламу әлейкум уа рахматуллахи уә баракатуху» деп шұбырта жөнеледі.

Ойпырым-ай, бұрын-соңды әйел затының осылай амандасу үрдісін естімеппін. Тіпті, есендесудің осы түрін қолданатын көбіне өз қатарларым, яғни, алпысты алқымдап, жетпісті жағалағандар екен.

Бұл не, сонда? Еліктеу ме, әлде өзгелерден ерекшелену ме? Тіпті, соңғы кезде жиірек тілге тиек болып жүрген арабтану ма? Біз тегіміз қазақ тарихы терең, ойы оралымды, тілі бай, ердің құнын екі-ақ ауыз сөзбен шешкен қасиетті ата-бабаның ұрпағы емеспіз бе? Әттең, соны тарихшыларымыз жеріне жеткізе айтып, жеткіншек құлағына құя алмай келе жатқаны өкінішті.

Айта берсе, қазақта бұрын қол беріп амандасу болмаған ер азаматтар оң қолын кеудесіне қойып, басын сәл-пәл иіп сәлемдессе, нәзік жандылар үлкенді көргенде тізелерін бүгіп сәлем салған, не болмаса «есенсіз бе?», «аман-саусыз ба?» деп амандасқан. Бұл жаман ба? Нағыз қазақтығымызды көрсететін ата дәстүр осы емес пе?

Өзгелерге еліктеп біраз жерге барып қалдық қой, сол екі ортада жоғалтқанымыз қаншама? Ұмытқанымыз ше? Ең болмағанда, соларды еске түсіріп, ескіргенді жаңартуға ат салысайық, құрметті менің қатарлас-құрбыларым. Ата-бабамыздан қалған салт-дәстүр «сәлем – сөздің анасы» дейді. Сондықтан, ең бастысы сәлемдесуге мән беріп, жас ұрпаққа жақсы үлгі-өнеге көрсетсек, нұр үстіне нұр болар еді.

Г.БЕРДЕШЕВА,
зейнеткер.
Нұр-Сұлтан қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар