Белгілі бір мақсатқа жету амалы

Ислам дінінде бірқатар маңызды ұғымдар бар. Соның бірі – жиһад ұғымы. «Жиһад» сөзін араб тілінен аударғанда белгілі бір мақсатқа жету үшін ыжтыһадтылық таныту, тырысу дегенді білдіреді. «Жиһад» сөзі ислам терминологиясында өте ауқымды мағынаны білдіреді. Діни терминологияда ақиқатты дәріптеу мақсатында дін жолында жасалатын барлық игілікті істер жиһад аясына кіреді.

Негізінде жиһадтың мағыналық аясы өте кең. Бірқатар еңбектерге назар аударатын болсақ жиһадқа берілген төмендегідей әртүрлі анықтамаларды көруге болады.
«Жиһад – адамға Алла Тағаланы тану үшін жол ашу дегенді білдіреді. Жаратушыны тануға сауатсыздық, ерік ойға, санаға жасалған шектеулер кедергі келтірсе, солармен күресу үшін атқарылатын барлық іс-әрекет жиһад болып есептеледі. «Қазіргі заманғы ғылымдарды игеріп, дамуға кедергі келтіретін надандық, кедейлікпен күресудің өзі де жиһад.

Жиһад ұғымы адамнан адамға, қоғамнан қоғамға, жағдайдан жағдайға қарай түрленіп отырады. Бір дәрігердің өз саласында кәсіби деңгейге қол жеткізу үшін тынбай талпына оқуы мен ізденуі, экономика маманының елдің әлеуметтік жағдайының түзелуі үшін жұмсаған қажыр-қайраты, мұғалімнің сауатты түрде бала оқытуы – мұның барлығы жиһадқа жатады. Мұсылманның керекті қаржыны жинап, өздеріне мешіт, медресе тұрғызуы, жоқ-жітіктерге көмектесіп, жетім жесірлерге қарайласқан қалталы азаматтардың істері де Хақ жолында күреске, жиһадқа жатады. Осы негізде өмірдің барлық саласында халықтың ішінде қоғамды түзеу үшін жасалған барлық талпыныс жиһадқа жатады.

Яғни, Жаратушы иеміздің разылығына адамның бөленуі үшін әрбір жасалатын жақсы ізгі амалдар жиһад деп есептеледі. Әрбір маман өз саласында аянбай қоғам пайдасы үшін, Отаны мен халқы үшін бар ынта-жігерін салып еңбек етуі бұл да жиһадқа жатады.
Алайда, теріс ақпарат салдарынан көп адамдар жиһад сөзін қолға қару алып соғысу деп түсінуде. Жиһад ұғымы өте кең болғандықтан бұл ұғымды қолға қару алып соғысу деп бір жақты түсіну қате.

Діни білімі жоқ кейбір адасқандар жиһад терминін саясиландырып отыр. Радикалды, террористік топтардың түсінігінше қасындағыларды кәпір санап, мұндай қоғаммен күресу керек деген қауіпті сенімде. Осы үшін өздерінің мүдделерін жүзеге асыру мақсатында жиһад ұғымын пайдаланады.
Исламда жиһад бұл ең алдымен адам баласы өз нәпсісімен күрес, адам өзін-өзі жақсы жаққа түзету. Ішкі дүниесін тазартып, барлық жаман қасиеттерден арылып, бойына көркем сипаттарды жинауға тырысу.

Бұған байланысты Пайғамбарымыздың (с.а.с) өмір тарихынан мына оқиғаны дәлел ретінде келтіруге болады: Алла Елшісі бірде соғыстан шаршап келе жатқан қасындағы сахабаларына «Біз қазір кіші жиһадтан үлкен жиһадқа қайттық» деген уақытта қасындағы сахабалары: «Уа Алла Елшісі, «үлкен жиһад» дегеніміз не?» – деп, сұрақ қояды. Сонда Пайғамбарымыз: «Ол – өз нәпсіңмен күрес», – деп жауап берген екен. Пайғамбарымыздың (с.а.с) осы сөздерінен аңғарып отырғанымыздай адам өз нәпсісімен күрес қолға қару алып соғысудан да қиын екені айтылып жатыр. Нәпсімен күресу үшін адам баласына үлкен ыждаһаттылық, төзімділік қажет етеді сондықтан, Пайғамбарымыз (с.а.с) нәпсімен күресті үлкен жиһадқа теңеген. Пайғамбарымыздың тағы бір хадисінде «Нағыз жиһад жасаушы адам – өзінің нәпсісімен күресуші адам» деген.

Ислам бейбітшілік пен ынтымақты насихаттайды. Ислам бейбітшілікті уағыздайтын дін болса, мұсылман баласы сол бейбітшілікті өзінің сәлемі мен сөйлеуінде, басқалармен қарым- қатынасында, әрбір әрекетінде, іс жүзінде көрсетуші тұлға. Ислам соғысқа, жанжалдасуға және басқаларға тілімен де, ісімен де қастандық жасауға жол бермейді. Пайғамбарымыз (с.а.с) жер бетіне мейірім үшін жіберілгені жайында Құран Кәрімде былай делінеді: «Біз сені әлемдерге тек рақым етіп қана жібердік». Демек шариғатымызда, соғысудан, қан төгуден қайтарылған. Дінімізде жазықсыз адамның өмірін қию үлкен күнә, ең ауыр қылмыстардың бірі болып саналады.

Ислам қағидаларының бірі адамдарға жақсылық жасау. Қоршаған ортаға пайдалы болу. Мұсылмандар өзара емес сонымен қатар, басқа дін өкілдеріне де жақсылық, әрі әділдік танытулары қажет. Бұл турасында қасиетті кітапта: «Дін турасында сендермен соғыспаған әрі сендерді өз отандарыңнан қуып шығармаған адамдарға жақсылық жасауларыңа және оларға әділетті болуларыңа Алла Тағала қарсы емес. Өйткені, Алла Тағала әділеттілік жасағандарды жақсы көреді» – делінген. Ислам дінінде мұсылманшылықты қабылдамаған адамға зорлық көрсету немесе ондай адамды күштеп дінге кіргізу деген жоқ. Бұл туралы Құранда: «Дінде зорлық жоқ» делінген.

Өкінішке орай кейбір адасушы топ өкілдері діни терминологияны дұрыс түсіне алмау нәтижесінде өзгелерді де адастырып, өздері де адасып жатқандығы мәлім. Бұндай топтағылар уақыт өте келе өз Отанына, еліне қарсы шығып, айналасындағылармен, туған-туыс, отбасымен байланыстарын үзіп жатуда.

Соғысқа сұранған жас сахабаға Пайғамбарымыз (с.а.с): «Ата-анаң тірі ме?» деді. Ол «иә» деп жауап бергенде, «Ата-анаң сау болса, соларға жақсылап қарауың жиһад» деп түсіндірді. Кейбір адамдардың осы терминді дұрыс түсінбеу себебінен қасындағыларды адасқандар қатарына қосып, өздерінен бөліп қарайтындықтарына себеп болуда.

Ислам террорға, зорлық-зомбылыққа, бейбіт жандарға күш қолдануға түбегейлі қарсы. Алла Тағала бұл турасында қасиетті Құран Кәрімде: «Кімде-кім кісі өлтірмеген немесе жер бетінде бұзақылық жасамаған біреуді өлтірсе, сонда шынайы түрде барлық адамды өлтіргенмен және кім оны тірілтсе (өлімнен құтқарса) барлық адамды тірілткенмен тең…» – деген. Ал, адамзаттың асылы, ардақты Пайғамбарымыздың хадисінде «Мұсылман адам басқа адамдарға өзінің тілімен және қолымен зияны тимейтін адам» – делінген.

Яғни, ислам діні жазықсыз адам өміріне, ар-намысына, біреудің мүлкіне қол сұғуға қатаң тиым салады. Дін атын жамылып, халық арасында бүлік шығару, қолға қару алып адам өлтіру – шариғатымызда үлкен күнә болып саналады. Әрбір адамның жаны, өмірі өзіне аманат болса, бүгінгі адамзат қоғамын тұтас қалыпта, дұрыс бағытта ұстап тұру баршаға аманат.

Диас Байжігітов,
«Науан Хазірет» мешітінің наиб имамы, теолог.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар