Ақмола облыстық экология департаменті қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі болып табылады. Оның құзіретіне Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексіндегі 17 бабының 9 тармағына сәйкес, мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыру қызметі кіреді.
Жыл басынан бері департаментпен экологиялық заңнаманың сақталуына 16 тексеру жүргізілді. Оның ішінде бекітілген тізімге сәйкес, субъектіге барумен 9 профилактикалық бақылау жүргізілді. Прокуратура органдарының талаптары негізінде құқық қорғау органдарының материалдары мен жеке және заңды тұлғалардың өтініштері негізінде жоспардан тыс 7 тексеріс жүргізілді.
Тексеріс нәтижелері бойынша 46 экологиялық заңнаманы бұзу фактісі анықталды. Тәртіп бұзуды жою жөнінде 46 нұсқау шығарылды. 634,4 мың теңге сомасында 30 айыппұл салынды. Қоршаған ортаға келтірілген зияны үшін табиғи ресурстарды пайдаланушыларға 79 008 мың теңгенің 6 талабы берілді.
Қауіпті қалдықтарды қауіпті емес қалдықтармен араластыру, рұқсат етілмеген жерлерге қалдықтарды төгу табиғатты қорғау заңнамасын бұзу болып табылады. Бұған қалдықтардың қауіпті қасиеттерін көрсететін орамдарда таңбалаудың болмауы, аумаққа қалдықтарды рұқсатсыз төгу кіреді.
Сондай-ақ, қоршаған ортаға, эмиссияларға рұқсат пен қорытындылардың болмауы, автокөліктен шығарылатын шекті рұқсат етілген шығарындының мөлшерінен асып кетуі аталмыш заңнаманы бұзу деп қарастырылады. Сот тәртібінде әкімшілік істер қарастырылды. Бүгінгі күні қызметтерді тоқтату жөнінде азаматтық істер қарастырылуда және зияндар өндірілуде. Қоршаған ортаға келтірілген зиян көлемін және айыппұлды уақытында өндіру жұмысын департамент жүргізіп жатыр.
Алма ДҮЗЕЛБАЕВА,
Ақмола облыстық экология департаментінің бас маманы.