Колледждер талапкерлерді қабылдауға дайын

Облысымыздағы колледждер үстіміздегі жылдың 25 маусымынан бастап күндізгі оқытуға құжаттар қабылдай бастайды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте облыстық білім басқармасының басшысы Бейбіт Жүсіпов мәлімдеді.

Басқарма басшысының айтуынша, үстіміздегі жылы облыс мектептерінде 10283 оқушы 9-шы сыныпты аяқтайды, оның ішінде алдын ала келтірілген мәліметтер бойынша 5552 оқушы оқуларын колледждерде жалғастырмақшы. Сондай-ақ, 11-ші сыныптың 5053 түлегінің 480-і колледжге оқуға түсуге ниетті.

–Облысымызда техникалық және кәсіптік орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары желісінде 32 колледж бар, оның 26-сы мемлекеттік болса, 6 колледж жекеменшік. 23 колледж аккредитациядан өтті. 10 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымында жоғары колледж мәртебесі бар, кәсіптік білім сапасын арттыру және студенттердің тәжірибелік дайындығын шыңдау мақсатында 6 жоғары колледжде қолданбалы бакалавр енгізілді. 27 колледж дуальды оқытумен қамтылған, – деді Бейбіт Жүсіпов.

Бүгінгі күні экономиканың 13 саласына арналған 94 мамандық пен 139 біліктілік бойынша мамандар даярланады. Колледж түлектерінің жұмыспен қамтылу көрсеткіші 96,5 процентті құрайды. Қазіргі кезде облыс колледждерінде 21534 адам білім алуда, оның ішінде, 16713 адам немесе колледж студенттерінің 77,6 проценті бюджеттік қаржыландыру есебінен оқытылуда.

Облыстың 11 колледжі «Жас маман» республикалық жобасының қатысушылары болып табылады. Жоба шеңберінде колледждер заманауи оқыту құрал-жабдықтарымен жабдықталған.

–Облыста «Жалпыға арналған тегін техникалық және кәсіптік білім беру» жобасы іске асырылуда. Өңірдің еңбек нарығы қажеттілігі ескеріле отырып, 2021-2022 оқу жылына арналған техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру арқылы мамандарды даярлаудың мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша 4790 орын қалыптасты. Мемлекеттік тапсырыс құрылымында білім берудің екі деңгейі бар. Бірі 4345 орынға арналған техникалық және кәсіптік білім беру болса, екіншісі 445 орынға арналған орта білімнен кейінгі білім беру (қолданбалы бакалавриат) болып табылады, – деген басқарма басшысы ағымдағы жылы мемлекеттік тапсырыс шеңберінде 79 мамандық пен 149 біліктілік бойынша қабылдау жүргізілетінін айтты.

Бүгінде облыс колледждері талапкерлерді қабылдауға дайын. Барлық колледждерде қабылдау комиссиялары құрылып, жауапты және техникалық хатшылар тағайындалды. Сонымен қатар, барлық колледждерде Call-орталықтардың, ақпараттық киосктердің, өз-өзіне қызмет көрсету бұрыштарының жұмысы қарастырылған, бұл жерде талапкерлер барлық сұрақтарына жауап ала алады.

Талапкерлер мен оның ата-аналары колледжге түсу үшін 25 маусымнан бастап «электронды үкімет» веб-порталы, CollegeSmartNation ақпараттық жүйесі арқылы немесе колледждің өзіне барып «Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына құжаттарды қабылдау» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартына сәйкес, құжат тапсыра алады.

Қазіргі уақытта облысымыздың барлық 32 колледжі CollegeSmartNation ақпараттық жүйесімен жұмыс істейді, бұл жүйе Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі сервисі арқылы Smart Bridge сервисімен біріктірілген. Бұдан бөлек, 1190 түлек «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында колледждерде тегін оқытылады деп жоспарланып отыр. Осы күні бұл мемлекеттік бағдарлама аясында 20 колледжде 2731 студент білім алуда.

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар