Жыл сайын аталып өтілетін Мемлекеттік қызметші күнімен облысымыздың барлық мемлекеттік қызметкерлерін құттықтаймын!
Тәуелсіз еліміздің нығаюы мен өркендеп, өсуіне мемлекеттік қызметкерлер зор үлес қосып келеді. Қазіргідей аса жауапты және тың міндеттер алға қойылып отырған кезеңде мемлекеттік салада қызмет жасап жүргендердің еңбектерін аса жоғары бағалаймыз.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында мемлекетті басқарудың жаңа үлгісін ұсына отырып, ең алдымен мемлекеттік қызмет жүйесін ретке келтіріп, қайта құруды ұсынып, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» жүйесін дамыта отырып, бізге жаңа кадрлар керектігін, озық ойлы және бастамашыл мамандар аса қажеттігін атап көрсеткен болатын.
Қазір біздің облысымыздың мемлекеттік органдарында 5000-нан астам мемлекеттік қызметкерлер еңбек етуде. Олардың сапалық құрамы жыл сайын жақсарып келеді. Соның нәтижесінде кадрлардың тұрақтамаушылығы азая түсуде. Мемлекеттік қызметке жастар көбірек тартыла бастады. Біздегі барлық мемлекеттік қызметкерлердің 18 пайы-зы 29-ға дейінгі жастар екенін атап көрсетуге болады.
Мемлекеттік қызмет саласының кәсіби мамандарын дайындау қашан болсын маңызды болып қала береді. Тиісті заңдылықтарға сәйкес мемлекеттік қызметкерлер қайра дайындықтан және біліктіліктерін арттыру курстарынан өтіп келеді. Қазір талапты және орындаушылық қабілеті жоғары мемлекеттік қызметкерлердің қызметтік өсуіне жағдай толық бар. Ішкі конкурстар өткізудің нәтижесінде 88 пайыздан астам жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері жоғары лауазымды қызметтерге ие болды. Міне, осындай жұмыстар жүргізудің нәтижесінде қазір біздің облысымыз халыққа сапалы қызмет көрсету бойынша республикада алдыңғы қатардан көрініп келеді.
Мереке баршаңызға құтты болсын! Тәуелсіз Қазақстанды өркендету мен нығайтуға аянбай еңбек етіп, өз үлесімізді қоса берейік. Сіздерге зор денсаулық, отбасының аманшылығын, бақыт пен жақсылықтар тілеймін!