Облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен өткен әкімдік мәжілісінде ағымдағы жылдың қаңтар-мамыр аралығындағы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы айтылып, денсаулық сақтау жүйесін дамыту мен облыста коронавирус індетіне қарсы екпеге қатысты бүгінгі күннің өзекті мәселелері талқыланды.
Әкімдік мәжілісіне облыс әкімінің орынбасарлары, аудандар мен қалалардың әкімдері, облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары қатысты. Мәжілістің күн тәртібіне сәйкес облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Дүзелбаевтың өңірдің ағымдағы жылғы алғашқы бес айының әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары бойынша кеңейтілген есебі тыңдалды.
Облыс даму көрсеткіштері жөнінен республикада өнеркәсіп өндірісі бойынша 7-ші, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру саласы бойынша 1-ші орында тұр. Баяндамада келтірілгендей тау-кен өндіру өнеркәсібіндегі төмендеудің орын алуы құрамында алтыны бар концентраттарды өндіру көлемінің 11,5 пайызға азайғандымен байланысты екендігі түсіндірілді. Облыстың 7 өңірінде нақты көлем индексі төмендеген, атап айтқанда Сандықтау, Атбасар, Шортанды, Біржан сал, Бурабай, Зеренді аудандары мен Степногорск қалаларында белгіленген көрсеткішке қол жеткізілмеген. Осы орайда өңір басшысы аудан әкімдеріне нақты тапсырмалар беріп, жұмысты жандандыруды тапсырды.
Нұр-Сұлтан қаласының айналасындағы азық-түлік белдеуі бойынша 2021 жылы жалпы сомасы 41,7 миллиард теңгенің 50 жобасын іске асыру жоспарланса, осы күні 12 миллиард теңгенің 6 жобасы жүзеге асырылыпты. Облыс экономикасын дамытуға 133,9 миллиард теңге инвестиция тартылған. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен сәл көбірек. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемінің төмендеуіне Жақсы, Целиноград аудандары мен Көкшетау қаласы жол берген.
Бұған қоса бірқатар аудандарда құрылыс жұмыстарының қарқыны да төмен. Осы кемшіліктерді жою үшін өңір басшысы аудан әкімдеріне жартыжылдықты қорытындылауға дейін бұл бағыттағы жұмыстарды реттеуді міндеттеді. Аталмыш кемшіліктер ертең облыстың даму көрсеткіштеріне әсер ететіндігіне назар аударды. Қанат Дүзелбаевтың айтуынша, облыста биыл жыл басынан бері 7307 жаңа жұмыс орны ашылып, 4286 адам тұрақты еңбекпен қамтылған. Ал, мектепке дейінгі тәрбиемен 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндер 100 пайыз толық қамтылса, 1-6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамту 77,6 пайызды құрауда. Облыстық білім басқармасының басшысы Бейбіт Жүсіповтің мәлімдеуінше, биыл жұмыс істеп тұрған балабақшаларда 2 жастан бас-тап тәрбиеленуші қабылдайтын қосымша топтар ашылып, соның нәтижесінде аталмыш көрсеткіш тағы да ұлғаятындығы белгілі болды.
Бұдан әрі облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нариман Сыздықовтың есебі тыңдалды. Облыста осы күні 562 денсаулық сақтау нысаны жұмыс істесе, оларда 6847 медицина қызметкері еңбек етуде. Дегенмен, дәрігерлер тапшылығы күн тәртібінен әлі де түспеген екен. Облыс бойынша бүгінде 290 дәрігер қолы жетіспейді, бұлардың ішінде 191 дәрігер қалалық жерлерге қажет болса, 99-ы ауылдық жерлерге керек. Облыста аталмыш мәселенің орын алуының басты себебі мамандарды баспанамен қамту жағдайы екені айтылып, жергілікті жерлерде аталған мәселе бойынша қандай шаралар жүргізіліп жатқанын облыс әкімі нақтылап сұрады. Сонымен қатар, облыстағы медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен өлім-жітім, ана мен бала, коронавирус жұқпасының алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан вакцинация мәселелері де жан-жақты талқыға түсті.
Коронавирус індеті басталғалы бері облыста 23433 жағдай зертханалық жолмен анықталса, 109 қайғылы оқиға орын алды. Өткен жылы аталмыш індетке 7247 адам душар болса, биыл 16286 адамнан зертханалық жолмен анықталған, соның ішінде 1058 адам індетті тек осы маусым айында жұқтырыпты.
–Коронавирус індетін алдын алу мен ұжымдарда оған қарсы иммунитет қалыптастыру үшін азаматтар ерікті түрде тез арада вакцина алулары тиіс. Оның үстіне Алматыда Үндістаннан жеткен дельта штамм анықталуда. Мұндай мутацияға түскен вирус адам өміріне өте қауіпті.
Сондықтан, аудан әкімдері және басқарма басшылары халықтың жаппай екпе алуына түсіндірме жұмыстарын жүргізуге ат салысып, вакцинация мәселесін тез арада шешулеріңізді тапсырамын. Коронавирусқа қарсы вакцина алмаған адамдар ПТР-тестілеусіз жұмысқа кіргізілмеулері тиіс, –деп облыс әкімі Ермек Маржықпаев індетке қарсы екпе алуды баршаға міндеттеді.
Мәжіліс соңында мемлекеттік қызметшілердің кәсіби мерекесіне орай облыстық қаржы басқармасының басшысы Талғат Бөлтенов «Үздік мемлекеттік қызметші» төлбелгісімен марапатталды.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.