Қылмыстың алдын алу мәселесі талқыланды

Облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен құқық бұзушылықтың алдын алу жөнінде комиссия отырысы болып өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова, қала және аудан әкімдері, сала басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты. Күн тәртібінде құқық бұзушылықтың алдын алу және қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз ету, жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен суицид, интернеттегі алаяқтылық, ішкі істер органдарында есепте тұрған адамдарды еңбек пен әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері талқыланып, алдағы күннің міндеттері белгіленді.

Заман талабына сай алға ілгерілей түскен қоғамда өмір кешіп жатқанымызға қарамастан отбасындағы тұрмыстық-зорлық зомбылық жағдайлары жиі кездесетіні өтірік емес. Көбіне адамдар бұл туралы ашық айтуға ұялады. Бәлкім содан ба екен, соңғы жылдары жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен жеткіншектердің өзіне-өзі қол жұмсау фактілері көбейіп кеткен. Біздің өңірге қатысты ғана емес, бұл біртұтас қоғамның баса назарындағы өзекті мәселелердің бірі болып саналады.

Комиссия отырысында отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтарды азайту және алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы Ақмола облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Серік Баймұқанов баяндама жасап, тарқатып айтып берді. Елімізде пандемия орнап, карантин жарияланған сәттен тұрмыстық заңбұзушылық фактілері көбейіп кеткен. Тәртіп сақшыларының айтуынша, басты себептердің бірі алкогольдің салдарынан қылмыс жасау деректері көп кездеседі. Осы орайда халықтың қауіпсіздігі мен қылмысты азайту үшін көшелер мен қоғамдық орындарда орнатылған бейнекамералар саны арта түскен. Отбасындағы зорлық-зомбылық жасауға бейім адамдармен де профилактикалық жұмыстар жүйелі өткізіліп тұрады. Сонымен қатар, полиция қызметкерлері балалардың қадағалаусыз, панасыз қалу фактілерін анықтау бо-йынша жұмыстар атқаруда.

Осы орайда, Ақмола облысында жыл басынан бері балаларды тәрбиелеу бойынша міндеттерді толық орындамайтын ата-аналарға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, ескертулер жасалған. Кәмелетке толмағандарды қоғамға жат әрекеттер жасауға тартатын адамдарды анықтау бойынша рейдтер де жүргізіліп тұрады. Алайда, профилактикалық іс-шаралар жүйелі өткізіліп тұрғанына қарамастан, отбасылық-тұрмыстық жағдайда жасалған құқық бұзушылықтар саны 2 есе көбейіп кеткен. Ал, облыс бойынша кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылықтың саны бұдан да көп. Соңғы жылдары кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы қылмыстардың да саны арта түскен.

Жиын барысында өңір басшысы аудан әкімдері мен сала басшыларына осы мәселені назарда қатаң ұстап, тиісті шараларды жүзеге асыруды тапсырды.
Комиссия отырысында «Алаяқтықтың алдын алу және жолын кесу бойынша, оның ішінде интернет-алаяқтық» туралы Ақмола облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Ерлан Мырзаханұлы сөз сөйледі. – Ақмола облысының аумағында алдау немесе азаматтардың сенімін теріс пайдалану жолымен жасалатын қылмыстар саны ұлғайып отыр. Қазіргі таңда аталмыш қылмыс түрі 62,6 пайызға, яғни, 462-ден 751-ге дейін көбейгендігі байқалады.

Интернеттегі алаяқтықтың күрт өсуіне бірқатар факторлар әсер етіп отыр. Бұл, ең алдымен, пандемия кезінде шектеу шараларының енгізілуіне байланысты, нәтижесінде азаматтар көптеген процестерді, соның ішінде банк операцияларын, құжаттарды рәсімдеуді, заттар мен өнімдерді сатып алуды онлайн режимінде жүргізуге мәжбүр болды, –дейді Ерлан Мырзаханұлы. Баяндамашы айтып өткеніндей, алаяқтық деректері көбіне интернет-ресурстарды қолдану арқылы жасалады екен. Осы мақсатта департаментте киберқылмыспен күрес бөлімі ашылып, мамандандырылған жедел-тергеу тобы құрылыпты.

Жиында Ақмола облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Дина Ахметжанова сөз сөйлеп, ішкі істер құрылымдарында есепте тұрған адамдарды жұмыспен қамту мәселесі туралы баяндады.
Комиссия жұмысын қорытындылаған өңір басшысы жиында қаралған сұрақтар бойынша сала басшыларына нақты міндеттер жүктеді.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар