Целиноград ауданында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Менің Отаным – менің Қазақстаным» атты сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің облыстық байқауы өтті. Байқауға ауданның түкпір-түкпірінен қолөнер шеберлері, ұсталар, тоқымашылар мен тігіншілер өз бұйымдарын көпшіліктің назарына ұсынды. Тері мен былғарыдан, ағаштан ойып жасалған халқымыздың тұрмыстық заттары, бедерленіп ою басылған түрлі көрпелер, сырмақ, текемет, сынды ұлттық нақыштағы бұйымдар мен картиналар, ұлттық аспаптар көрменің сәнін келтірді.
Мұндай шаралардың басты мақсаты – ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрді насихаттау, шеберлердің жұмысын халық арасында таныту болып табылады.
Көрмеге ауыл ауылдан 19 шебер қатысты. Олардың арасында шәкірт тәрбиелеп отырған ұстаздар мен кәсіпқой мамандар бар. Қазылар алқасы шеберлердің қолөнер бұйымдарының ерекшелігін көрсетуіне, сонымен бірге бұйымдардың киіз, ағаш, былғары сынды табиғи заттардан жасалғанына көңіл бөлді.
Іс-шара соңында «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Ермек Нұғыманов бастаған әділқазылар алқасы байқау қортындысын шығарды. Осылайша бас жүлдені Қосшы ауылының тұрғыны, шебер ұста Асхат Бозымбай иеленді. Ұста ағаштан ойып жасаудың техникасын шебер меңгерген, тері мен былғарыдан, күміспен көмкере отырып түрлі бұйым жасайтын қолөнер шебері. Ал, 1-орынды домбыра, қобыз сынды аспаптармен қатар, ұлттық нақыштағы кәдесыйлар жасайтын Қосшы ауылының қолөнершісі Нұржан Ділманов, 2-орынды текемет, сырмақ тігу өнерімен айналысудан бөлек, пластик, шишаны қолдана отырып түрлі бұйымдар жасайтын Қоянды ауылының тұрғыны Бақшагүл Байдолда, 3-орынды қаражарлық ағаш ұстасы Жанатбек Хозыбай иеленді.
Барлық жүлдегерлер мен қатысушылар грамоталармен және сыйлықтармен марапатталды. Көрмеге ұсынылған түрлі туындыларға қарап, «Ел іші – өнер кеніші» деген халық нақылы ойға оралады. Асылында, кез келген ұлттық өнердің тірегі де, түп бастауы да халықтың өзі. Маңдайға біткен төлтума өнерді дәріптей білу, кейінгі ұрпаққа көрсету, үйрету – бұл Елбасы айтқан, ұлттық рухани тамырдан нәр алған жаңғыру, ұлттық кодыңды сақтау. Іс-шараның соңы мәдениет үйінің өнерпаздары ұсынған концерттік шараға ұласты.
Дәурия ДӘУЛЕТИЯР.
Целиноград ауданы.