Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Биыл жаңбыр аз, шөп сұйық. Сондықтан, бар шөпті толық шауып, жинап алайық! - АРҚА АЖАРЫ

Биыл жаңбыр аз, шөп сұйық. Сондықтан, бар шөпті толық шауып, жинап алайық!

«Nur Otan» партиясының Ақмола облыстық филиалы жанындағы аграрлық секторды дамыту жөніндегі қоғамдық кеңестің кезекті отырысы болып өтті. Онда жемшөп науқанының барысы және алда тұрған міндеттер туралы облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдіхалықов сөз сөйледі.

Сонымен қатар, сала басшылары мен кеңес мүшелері, ірі шаруа қожалықтарының жетекшілері онлайн режимінде өз ойларын ортаға салды. Кеңес отырысын «Nur Otan» партиясының Ақмола облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов жүргізіп отырды.

Биылғы жаз маусымы ми қайнатар ыстықпен басталды. Ақмола облысында ала жаздай жауын жаумаған аудандар да бар. Ендігі орайда мал азығын жинау басты мәселе болып тұр.

Жиында сөз сөйлеген Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Еркеш Әленовтың айтуынша, өңіріміздегі Ерейментау, Қорғалжын, Атбасар, Жақсы және Есіл аудандарында жағдай алаңдатарлықтай.

– Әрине, бұрнағы жылдармен салыстырғанда, биыл өнімділік аз болатыны сөзсіз. Барлық қолда бар жемшөп қорын түгендеп шықтық. Шөптің қоры шамамен 85 мың тоннаны құрайды. Жалпы шөп дайындауға бір жарым мыңға жуық бригада қатысуда. Бұл жұмысқа сегіз мың трактор, екі жарым мың тіркемелі дестелегіш,

1,1 мың шөп шабатын шалғы, екі мыңнан астам пресс-жинаушы тартылған. Жемшөп дайындау жұмысын жүргізу үшін жанар-жағар маймен қамтамасыз ету мәселесінде іркіліс жоқ. Биылғы қуаңшылыққа байланысты өнімділік төмен болары анық. Бірақ, біз бұл тығырықтан шығудың амалын қарастырып жатырмыз. Құрғақшылықта шабындық таңдамау керек. Егістікте қалатын сабанды жинап, халықты қамтамасыз етеміз. Сабанды ұсақтау туралы мәселе болмауы керек. Бұл туралы әрбір елді мекен хабардар, – деді ол.

Отырыста облыс әкімінің ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі орынбасары Ғалымжан Әбдіхалықов жергілікті жерлерде қандай шаралар қабылданып жатқанын тарқатып айтып берді.

– Ақмола облысында шөпке деген қажеттілік 1 миллион 181 мың тонна. Бүгінде біздің өңірде шөптің 35-40 пайызға жуығы дайындалды, бірақ қазір жемшөп дайындауды негізінен ірі шаруашылықтар, акционерлік қоғамдар, серіктестіктер жүргізеді, ал, жеке сектор әдетте шілде-қыркүйек айларының соңында дайындауға шығады. Аудан әкімдеріне ауылдық округтерге барып, түсіндіру жұмыстарын жүргізу туралы тапсырмалар берілді. Шөп шабу мәселесін ертеңгі күнге қалдыруға болмайды.

Тіпті қажет болса көлдегі қамыстарды, өзекшелердегі құрақты да шабу керек. Қалыптасқан күрделі жағдай мал азығының жеткілікті қорын дайындау қажеттілігін тудырып отыр. Жемшөпке толық қажеттілікті қамтамасыз етпеу ауыл шаруашылығы жануарларының мал басының күрт азаюына және тіпті малдың өліміне әкелуі мүмкін. Мәселені жедел шешу, жемшөппен қамтамасыз ету үшін барлық мүмкін шараларды қабылдау, қажет болса жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай режимін жариялау керек, – деді ол.

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың тапсырмасы бойынша әр ауданда аудан әкімі басқаратын жедел штаб құрылды, олар жемшөп дайындау бойынша істің жағдайына мониторинг жүргізетін болады.
Онсыз да бітік шықпай жатқан егінге ақбөкендер қырғидай тиіп жатыр.

– Біз бұл мәселеге жылда тап боламыз. Егер өткен жылы 10 мыңға жуық ақбөкен болса, қазір олардың саны 20 мың төңірегінде. Ақбөкендер Астрахан ауданы арқылы Нұр-Сұлтанға дейін жеткен. Бірақ, ол жануарлардың Қызыл кітапқа енген
сирек түрі екендігін ұмытпауымыз керек. Сол себепті, әркім өз аумағын күзет қоя отырып, қорғағаны абзал, бірақ киікті өлтіруге қатаң тиым салуымыз қажет, – деді Ғ.Әбдіхалықов.

Жиын барысында шаруалар субсидиялау, дизель отынымен, техникамен қамтамасыз ету мәселелерін де тілге тиек етті. Сонымен қатар, кеңес отырысында жерді жалға алған кейбір азаматтардың шөбін не өзі шаппай, не өзге азаматтарға шапқызбайтындығы айтылды. Жалпы шаруаларға осы бағытта қолдау көрсетілуі керек екендігі тапсырылды.

Отырысты «Nur Otan» партиясы Ақмола облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов қорытындылап, жұмысты үйлестіру үшін әзірленген ұсыныстарды Ақмола облысының әкіміне жеткізуді ұсынды. Айта кетуіміз керек, «Қазгидрометтің» алдын ала жасалған болжамдары бойынша, шілде-тамыз айларында өңірімізде жауын-шашын көп болады деп күтілуде, бұл – егістіктердің жағдайын жақсартуға мүмкіндік беруі ықтимал.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар