Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Мейірлі Мәуліт мерекесі - АРҚА АЖАРЫ

Мейірлі Мәуліт мерекесі

Жер шарындағы барша мұсылмандар үшін Пайғамбарымыздың дүниеге келген айы – Мәуліт ұлық мерекелердің бірі. Биыл Мәуліт мерекесіне арналған салтанатты шаралар еліміздің барлық аймақтарында өтіп жатыр. Өткен жұмада Мәуліт  облыс орталығында да салтанатпен аталып өтті.

  Қаңтардың ортасындағы қақаған суыққа қарамастан, Пайғамбарымызды ұлықтауға арналған көпшілік шара өтетін «Көкшетау» мәдениет сарайы адамдарға лық толды. Тіпті, орын жетпей түрегеп тұрғандар да болды. Мерекелік шараның беташары Ақмола облысы
бойынша өткен жылғы атқарылған діни іс-шараларға арналған бейнекөрсетілімнен басталды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) облыстық бөлімі атқарған іс-шараларды ауызша тізбелеп айтып шықса әсерлі болмас па еді, дегенмен, бейнеролик арқылы суреттермен өріле баяндалған бұл шаралар тартымды болып шығыпты. Облыс мұсылмандары үшін өткен жылғы ең үлкен қуаныш – Науан Хазірет атындағы орталық мешіттің салынып, пайдалануға берілуі болғаны анық.
Мәуліт мерекесіне арналған кешті айтыскер ақын, облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Арман Бердалин ашып, жүргізді. Ол жиналғандардың алдында  Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагиннің жұртшылыққа арналған Мәуліт мерекесімен құттықтауын оқып берді. ҚМДБ найб мүфтиі Наурызбай қажы Өтпенов Мәуліт мерекесіне жиналған қалың көпшілікті құттықтап, жүрекжарды жылы лебізін білдірді. Ол Пайғамбарымыздың бойындағы жақсы мінездері жайындағы өнегелі әңгімелерін, миллиардтаған адамды имандылыққа ұйытқан ислам дінін таратқан ұлы тұлғаны ұлықтау сауап екендігін айтып,  соңғы жылдарда елімізде ислам діні өкілдігі тарапынан жүргізіліп жатқан игі істер жайлы әңгімеледі.
Астанадан арнайы келген Қазақстан Республикасы  Парламенті Сенатының депутаты, белгілі қаламгер Жабал Ерғалиев  Мәуліт мейрамын осындай салтанатпен атап өту тәуелсіздігіміздің арқасында қол жеткен игілік  екендігін айта келе, тілімізді, дінімізді, салт-дәстүрімізді қайта жаңғырту,  әлем қауымдастығы арасынан лайықты орын алып, еңселі ел болуымыз – бәрі де әуелі Алланың, содан кейін Елбасының сарабдал саясатының арқасы екендігін атап өтті.
Пайғамбарымызды ұлықтауға арналған Мәуліт мерекесі ән-жырмен өрілген мазмұнды да тартымды кеш болды. Астанадан келген белгілі әнші Сержанәлі Әлібек орындаған «Жаралғаныңа қуан, қиямет» әні, жас ақын Әлібек Серғалиевтің мерекелік арнауы және Бауыржан Серікбайұлы шырқаған «Әке, ана» әні  жұртшылық тарапынан зор қошеметпен қабылданды. Көкшетаулық ақын Құдайберлі Мырзабектің «Мәуліт жырын» Сәрсенбай Хасенов  домбырамен нақышына келтіре шырқаса, Кенесары ауылынан келген оқушы қыз Оксана Зинченко «Хвала Аллаху» өлеңін тебірене оқып берді. Мұсылманның бес парызының бірі саналатын ораза ұстаудың денсаулыққа қаншалықты пайдасы болатындығы жайында бейнеролик арқылы дәрігер Қайрат Өтеулин жан-жақты әңгімеледі.  Облыстық қазақ музыкалық-драма театрының актерлері Ұлықпан Қайратбек пен Ерқанат Сәбитов сомдаған  «Алланың елшісімен танысу» монологы және «Ана қадірі» бейнекөрінісі жиналған қауымды  тебірентіп, толғандырғандай  әсерге бөледі. Арман Бердалин жұртшылыққа жақсы танымал «Жоқ іздеп жүрмін» жырын үлкен тебіреністі көңіл-күймен оқып берді.
ҚМДБ-ның Ақмола облысы бойынша өкіл имамы Қанат Қыдырмин Мәуліт мерекесі қарсаңында сауат ашу курстарына қатысушылар арасында өткізілген «Пайғамбарымызды жақсы көрмей, иман келтірілмейді» шығармашылық байқауының жүлдегерлерін арнайы сыйлықтармен марапаттады. Марапаттан сондай-ақ, Мәуліт айында дүниеге келген Мұхаммед есімді сәбилердің ата-аналары да сырт қалмады. Пайғамбарымыз айтқан «жәннатқа ең көп кіретіндер – көркем мінезділер» деген сөзіне орай, көпшілікпен күн сайын қоян-қолтық араласып, шыдамдылық пен сабырлылық танытудың үлгісін көрсетіп жүрген, көп жылдар бойы қоғамдық көліктерде билет сатушы болып еңбек еткен Альбина Қайыржанқызы мен Дәметкен Мұратқызы, ұзақ жылдар облыстық ауруханада медбике болып, ауырған жандарға қызмет көрсетіп жүрген Қалима Ботанқызы да облыстың өкіл имамының қолынан арнайы сыйлықтар алды.
Кенесары ауылындағы мешіттің имамы Мұрат қажы халқымыздың «жетім көрсең жебей жүр» деген ұлағатты сөзін жадында ұстап,  ата-ана қамқорлығынсыз қалған жеті баланы қамқорлығына алып, тәлім-тәрбие, оның ішінде имандылық тәрбие беріп жүр екен. Мұрат қажының шәкірттерінің бірі – осы кеште өлең оқыған  Оксана Зинченко да  бағалы сыйлыққа ие болды. Ақкөл балалар үйінің оқушысы республикалық сурет салу байқауының жүлдегері Владислав Маркин облыстың өкіл имамының қолынан Алғыс хат алды.
Мәуліт кеші әнші Аслан Мұхамедияровтың орындауындағы «Дұға» әнімен қорытындыланды. Көкшетаудағы Пайғамбарымызды ұлықтауға арналған Мәуліт кеші  осылайша жұртшылықтың есінде ұзақ сақталардай тартымды және әсерлі болып өтті.

 

Қалкөз ЖҮСІП

Суретте: ҚМДБ-ның облыстағы өкілі Қанат Қыдырминнің марапаттау сәті.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар