Оған алпыс жылдай өтті! 1962 жыл, қыркүйек. Қазір Қанай би ауылы аталатын ол күнгі Қарабұлақ ауылына Түлкілі елінен көшіп келіп, төрт кластық ауыл мектебінің үшінші класына оқушы болып кірдік. Төрт ұл, төрт қыз. Сегіз оқушы көзіміз жәудіреп мұғалімді күтіп отырмыз. Есік ашылып, алып денелі, ұзын бойлы ер адам бөлмеге кірді.
–Иә батырлар, амансыңдар ма?! – деп бәрімізбен мейірлене амандасып, аты-жөнімізді сұрап алып, сабақты бастап кетіп еді. Ана тілі, арифметика сабақтарын өзі жүргізді. Қоңыр дауысы құлағымызға жайлы, саусақтары жас баланың білегіндей, үнемі күлімсіреп алып сабағын бастаушы еді.
Жылдар өтті. Бала күнгі ұстазымыз Хасен Әбілсейітов атайдан көз жазғалы қай заман?! Жақында туған інім Дәурен Жарылғасов осы адамның жастау кезіндегі суретін салып жіберіпті. Елең ете қалдым. Хасен атай! Кеудесінде мықты ордендердің бірнешеуі. Мәссаған! Жай адам тағатын дүниелер емес.
Дереу Астанадағы білікті қызметтегі ініміз, өзімнен соң он шақты жыл кейін Житомир университетін (Украина) бітірген Қабжан Шорманұлы Еділбаевқа қоңырау шалдым. Қабжан көп жылдар Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен, хабарсыз кеткен қазақ азаматтарын іздеп, олардың көбін тауып, нәтижелі абыройлы іс істеп жүрген азамат. Майдангер Хасен Әбілсейітовтің әлгі суретін салдым.
Қабжан дереу іске кірісіп, қазіргі Москваның түбіндегі Подольск қаласында орналасқан Ресейдің Қорғаныс министрлігінің архивінен керемет мәліметтер тапты. Архивтің құрамындағы Хасен Әбілсейітов туралы бүкіл құжаттар бірінші сөре, 7-ші жәшік. Мен үшін бұл үлкен жаңалық еді. Документтерді екі күндей үңіліп таныстым. Қабжан екеуіміз бірнеше күн байланыста болдық. Онымыз нәтижесіз болмады. Атай туралы шындық ашыла түсті. Екі-үш күн өткесін менің өтінішімді орындап, Дәурен інім тағы қуантты. Хасен атайдың қолында өскен жиені Төлегеннің телефонын тауып берді. Төлеген сонау алпысыншы жылдардың орта кезінен нағашы атасы Хасен мен апасы Ғайникамалдың қолында өсті, атайдың туған қарындасы Ханпатша мен күйеу баласы Мұхамедия Сайдалиннің ұлдары. Ханпатша мен Мұхамедия еңбек ардагерлері, Мұхамедия әкесі көп жыл халық соты қызметін атқарған. Енді қолыма келіп түскен ақпараттарды рет-ретімен баяндалық.
1912 жылы туған Хасен Әбілсейітов Ақмола облысының Есіл ауданы Уловля селосының тумасы. Қалың Арғынның Мейрамсопы тармағынан Қуандықтан тарайды. Одан Алтай атасы жалғастырып, одан туған Меңдібайдан төрт ұл тараған, үлкені Оспан әкеден қалған қара шаңыраққа ие болған. Оспан өте дәулетті адам болды. Одан туған Өтеу, Хасен, Ханпатша қызы, кенжесі Төлебай. 1919 жылдары Ұлытау өңірінен 357 түтін болатын Алтай аталығын Атбасар, Терісаққан, Есіл өзенінің бойына көшіреді.
Оспан атайдың басына қонған көріпкелдігі болатын және бір деректерге қарағанда өздеріне туыс болып қосылатын Мәшһүр Жүсіп Көпейұлымен ара қатынаста болған адам.
Есіл бойына қоныс аудару Меңдібай тұқымын ашаршылықтан сақтап қалады. Елде, Ұлытау жағында қалған алтай ағайындар ашаршылыққа ілігіп, көбі аштан өледі. Оспан ақсақал дәулетті ғана болып қоймай, сөзі ел ішінде өтімді, беделді адам болады. Атбасар төңірегіне де атағы шыға бастаған кез.
Екі баласы Хасен мен Өтеуді отыз жасында дүниеден озған Әбілсейіт деген інісінің атына тіркейді, ертеңгі күні жаңа үкімет бай баласы деп қудаламасын деп. Балаларына Атбасарда бас-басына үй сатып әпереді. Әбілсейіт қайтыс болғасын 14 жасар Хасенді туыстары Атбасардағы жетім балалар үйіне береді. Болашақ үлкен жазушы Ілияс Есенберлинмен бірге төрт жыл осы балалар үйінде тәрбиеленеді. 17-18 жасар кезінде Қызылжарда (Петропавл) бастауыш сынып мұғалімдерін дайындайтын училищеге түсіп, тәмамдап шығады.
Ер жетіп, оң-солын танып, Ғайникамал шешемізге үйленеді. Жанында жары, қолында қағазы бар Хасенді Солтүстік Қазақстан облыстық оқу бөлімінің Көкшетаудан алыс емес Айыртау маңайындағы Жолдыбай ауылына бастауыш мектеп ашуға және сол мектептің меңгерушісі болуға жібереді.
Табиғатынан балуан денелі, ұзын бойлы, келісті жігіт шаруаны дөңгелетіп әкетеді. Мектеп те салынады. Қажетті оқу құралдары, оқушылар отыратын үстел, орындықтар, тақта сияқты ол кезде қолға түспейтін ағаш дүниелерді жергілікті тұрғындармен бірігіп өздері жасап алады. Екі бөлмелі, пеші бар жаңа мектеп ауыл халқының мәдени іс-шаралар өткізетін, балаларын оқытатын көрнекті орынға айналып еді.
«Жас келсе іске» демекші, бала оқытып, елге ізгілік істерімен пайдасын тигізіп Хасен мен Ғайникамал әдемі қалыптарымен абыройлы жүріп жатты. Бейбіт өмірді соғыс бұзды. Фашистік Германия 1941 жылдың 22 маусымында опасыздықпен мемлекетімізге басып кірді. Мобилизация басталды. Қолына қару ұстауға жарайтын жастар майданға аттанды. Өзінің орнына адам табылмай, мектепте оқу-тәрбие ісін жүргізе берді. Соғыс басталғаннан бері бір жылға таяу уақыт өтті. Майдандағы жағдай ауыр. Хасеннің орнына оқу бітірген қыз келіп, орнын босатып берген соң дереу әскери комиссариатқа келіп, өзін майданға жіберуді өтінді. Алып денелі жас жігітті сөзге келмей аяқ-қолын тексеріп, құжаттарына баратын жерін көрсетіп, көп ұзамай Хасендер мінген поезд күнбатысқа аттанып еді.
Бұл 1942 жылдың қыс аяқталып, көктемнің алғашқы тамшылары тама бастаған кез. Атайдың бұдан кейінгі тағдыры ауыр. Қоршауда қалып, немістердің қолына тұтқынға түседі. Совет жеріндегі концлагерьлерде болады. Ол кезде немістердің басым болғаны белгілі.
Тұтқында жүрген Хасеннің әлуетті жігіт екенін көрген немістер лагерьдің ең бір ауыр, лас жұмыстарына жегеді. Тұтқындар қазған орға түсіп жасырынып, екі тәуліктей өлген адамдармен бірге жатып, қолқаны қапқан жаман иіске шыдап, қараңғы түнде қашып шығып, немістер басып алған деревняда украин кемпірі мен шалының көмегімен біраз уақытын өткізеді. Бұл жер Полтава облысы еді. 1943 жылдың қазан айының басында кеңес әскерлері шабуылға шығып, Кременчуг-Полтава операциясының нәтижесінде Полтава облысы азат етіледі. Жасырынып жүрген жерінен шыққан Хасекең лагерьден қашып шыққан кезде қаусаған сүйегі ғана қалған аруақ тәрізді кейпінен түзеліп, украин шал-кемпірдің көмегімен таяққа сүйеніп жүруге жарап, ішінде жұмыс жасап, болысып жүрген. Өз әскерлеріміз келген кезде командирлерінің біріне жолығып, особый отдел тексеріп, қоршауда тұтқынға түскенін, қашып шыққанын түгел баяндайды. Шал мен кемпір де болысады. Ол кезде мұндай жағдайдың көп болғаны белгілі. 1943 жылдың бесінші қазанында Полтава облысының Коволев ауданының әскери комиссариатынан әскерге қайта шақырылады. Ұлты қазақ болғасын особый отдел Хасенді қинамайды. Осы жерде айта кететін бір жай, осы Коволев селосында 1922 жылы ұлы педагог Антон Семенович Макаренко Коволев мектеп-коммунасын құрған еді. Ол мектеп коммуна 1926 жылы Харьков түбіндегі Куряж селосына көшкен еді. Жаңа командование Хасенді 241 атқыштар дивизиясының 114-ші барлау ротасына барлаушы етіп алады. Тұтқында болғанын ескертеді. Отан алдында өзін ақтау үшін Хасекең барлауға шыққанда ең алдында жүреді. Автоматтың бес-алты дискісін, екі-үш қанжар алып жүреді. Гранаттың он шақтысын беліне тағады.
Жанындағы жігіттерге арақты ауыздарына алғызбайды, неміс овчаркалары сезіп қалады деп. Өршелене соғысады. Мына марапат парағына үңілейік.
21 қазан 1943 жылы Хасен Әбілсейітов жолдастарымен жаудың пулеметіне еңбектеп жетіп, граната лақтырып жойып жібереді.
23 қараша 1943 жылы жауынгер Әбілсейітов жанындағы шағын топпен Хомутец селосының маңайында танкты күзетіп тұрған едік неміс солдатына (часовой) тап беріп жойып жібереді. Бірақ, танкшілер қатты пулемет оғын жаудырып, танкілеріне от алдырады. Хасен танкіге қарсы қолданатын ауыр гранатаның бірнешеуін лақтырып, танкіні құртады да аман-есен оралады.
1943 жылдың 2 желтоқсанында жанындағы шағын топпен тіл әкелуге тапсырма алады. Вильшка-Хомутец жолында тосқауыл құрады. Бұл әлі жау тылы еді. Бір кезде немістердің жеңіл машинасы көрінді. Машиналарға бар қарудан оқ жаудырып, гранаталар тастайды. Осы ұрыстың нәтижесінде ефрейтор жүргізушіні тұтқындайды.
4 желтоқсанда «Қызыл Жұлдыз» орденіне ұсынылады. 1943 жылдың 16 желтоқсанына қараған түні жауынгер Хасен Әбілсейітов бір топ барлаушылармен тіл алу үшін жау тылына өтеді. 3-4 километр тереңдеп кіргеннен Киев облысының Лазаревка деревнясының тұсында 100 шақты немістерді кездестіреді. Олар қорғаныстың екінші шебін салып жатыр екен. Жауынгер Хасен Әбілсейітов немістерге бірінші болып ұмтылады да, автоматтың оғымен жаудың екі солдатын жайратып салады. Жанындағы топпен бірлесіп жаудың үш солдатын тұтқындап 25-тей солдатын құртады.
1944 жылдың 13 ақпанында тапсырманы орындау үшін «Ксоверивка» совхозының маңайында (Винница облысы) жауынгер Хасен Әбілсейітов барлау тобының жетекшісі болып, жасырын неміс блиндажына жетеді. Блиндажды гранатамен талқандап, немістің
4 солдатын жойып, жалғыз өзі бір немісті тұтқындайды. Осы ұрыста жолдас Әбілсейітов жарақат алады, бірақ, тапсырма орындауын жалғастыра береді.
Бірнеше үлгілі етіп тапсырмаларды орындағаны, барлау ісінде ерлік көрсеткені және жүрек жұтқандықпен соғысқаны үшін жауынгер Әбілсейітов үкімет наградасы – Жауынгерлік Қызыл Ту орденіне ұсынылады. Бірақ, бұл орден үшінші дәрежелі Даңқ орденімен алмастырылады.
14 ақпан 1944 жыл. 241 атқыштар дивизиясының командирі аға лейтенант Новейко:
Сержант Хасен Әбілсейітов 1944 жылғы көктемгі шабуыл кезінде 45 рет барлау ұрыстарына қатысты. Төрт рет жау тылына барды. Командованиеге бағалы деректер әперді. Жаудың қанша әскері, неше техникасы барын, дұшпанның ойы мен жоспарын, қорғаныс жүйесін анықтады. Шабуылдау ұрыстары кезінде бір айдың ішінде сержант Әбілсейітов жалғыз өзі үш неміс солдатын тұтқындады. 1944 жылдың 13 мамырында сержант Әбілсейітов құнды тіл әкелуге тапсырма алды. Барлау тобы басқарған сержант Әбілсейітов немістердің траншеясына жақындайды. Немістер оларды көріп қойған еді, оларды жақын келтіріп алып, барлық пулеметтер мен автоматтардан оқ жаудырды. Сержант Әбілсейітов қолындағы гранаталарымен жаудың бір пулеметін жойып жібереді, бірақ, ішіне оқ тиіп, ішек-қарны ақтарылып жатса да, автоматпен бұларды қоршаймыз деген 8 неміс солдатын атып өлтіреді. Осы теңдесі жоқ ерлігі үшін ол екінші дәрежелі Отан соғысы орденімен наградталды. Госпитальға жіберілді. Госпитальда бағына талантты түрік оташысы ішек-қарнын тазалап, залалсыздандырып тігіп береді. Пулемет оғы қарнын жалап өтіп, жарып кеткен екен, ішін тесіп өтпеген.
Наградаға ұсынған 114 ерекше барлау ротасының командирі, 241 атқыштар дивизиясы лейтенант Кириллов. 25 мамыр 1944 жыл.
Госпитальде ұзақ емделген Хасен атайды медициналық сараптау комиссиясы әскери істерге, майданда ұрыстарға жарамсыз деп тауып, елге қайтуға құжаттар дайындайды. Командование бұл кезде Хасенді «Ерекше барлау ісінің үздігі, таңдаулы барлаушы» деген төсбелгімен марапаттайды. Бұл төсбелгімен санаулы жауынгерлер марапатталатын.
Елге жеткен соң Хасен атай 1947 жылдан бастап 40 жылдай Қарабұлақта (Қанай би ауылы) еңбек етіп, ұстаздық етеді. Тың жылдары егін орағына қатысып, Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталады. Бұл кісі мерейтойлық медальдарды тақпайтын. Мақтануды жек көретін. Тек «ішек-қарнымды етегіме салып алып, медсанбадқа өз аяғыммен бардым» деп күліп отырушы еді.
Туған жері Торғай облысы Жаңадала ауданы Баранкөл кеңшарына 1972 жылы көшіп кетіп, жерсінбей, 1973 жылы қайтадан үйренген елі – Қарабұлаққа көшіп келді.
1988 жылы Қарағандыға баласы Серік көшіріп алды. Қарағанды қаласының әкімшілігі бұл кісінің 5 орденін көріп, 4 бөлмелі үй берді. Сонда соғыста жасаған ерлігі мен көрген ауыртпалығы бір өтелгендей болған. Қал-қадірімізше қан майдандағы, одан бейбіт замандағы өнегелі өмір жолын тірнектеп жинап, осы дүниені жазған бізге де аруағын риза еткей.
Кәркен ЖАРЫЛҒАСОВ.