Күрделі кезеңде кісі еңбегін елемеу – қиянат

Қызыл аймақтың құрсауынан шыға алмай отырған аймақ адамдары үшін әр тиын есепте. Жан бағып отырған жалақылары уақытылы қолдарына тимегеннен кейін орынды өкпе-наздың туындай беретіні бар.

Жыл басынан бері облыстағы 65 кәсіпорын өз жұмысшыларына тиісті еңбекақыларын уақытылы төлемеген. Осындай жауапсыздықтың салдарынан 300-ге жуық адамға 83 миллион теңге төңірегінде жалақы қарызы жинақталып қалған. Еңбек шарттарының мұндай өрескел бұзылу деректері соңғы кезде көп орын алып отыр.
–Жұмысшылардың құқығын қорғауға бағытталған нақтылы іс-шаралардың нәтижесінде қордаланып қалған еңбекақы төленді, – дейді «Yntymaq» салалық кәсіподағы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Болат Жұпынов, – 65 заңды тұлғаға 6,2 миллион теңге айыппұл салынды. Бұл арада қарызы тым көп кәсіпорындар да бар. Мәселен, Ерейментау ауданындағы банкротқа ұшыраған «Металлон» серіктестігі 13 жұмысшысына 23,9 миллион теңге берешек болған.
Мамандардың айтуына қарағанда, мәселенің былай өрбуіне шалғайдағы шағын ауылдарда жұмыс орнының аз болуы әсер етеді екен. Айталық, жұмыс беруші жұмысшыны кез-келген талабына көндіре алады. Өйткені, шығарып жіберсе, басқа барар жері жоқ. Амал жоқ, жалақысы уақытылы қолына тимесе де, өзіне тапсырылған істі атқаруға мәжбүр. Жұмыс берушілер қазір экономикалық дағдарыс орын алып отыр деген желеуді үнемі алға тартады. Дәл осындай себеппен бұрын жасалған келісім-шарттарды бұзып, өз ыңғайына қарай өзгертулері де жиі. Ал, жұмысшылар болса әбден көңілі қалған соң өңірден көшіп кетуге мәжбүр. Айналып келген кесірі кадр жетіспеушілігіне немесе өндіріс жұмысының іркілуіне әкеліп тірейді.
Мемлекет дамуының алғышарты алдымен адами капиталда екендігі әлмисақтан белгілі. Адами капиталды дамытуға қаржы бөлмек түгілі жұмысын адал атқарған жұмысшының табан ақы, маңдай терінің өтелмеуі өкінішті. Түптеп келгенде, кісі еңбегіне қиянат жасау көрінісі азаймай тұр.
Б.ӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар