Ұлттық ұлан сарбаздары ант қабылдады

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Көкшетау қаласындағы 5510 әскери бөлімінде екі жүзге жуық сарбаз әскери ант қабылдап, жауынгерлер қатарын толықтырды. Әскери бөлімде өткен салтанатты шараға Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова қатысып, ел тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келген аталмыш жиынның мән-мағынасы, тағылым-танымы ерекше екендігін атап өтті және сапта тұрған сарбаздарға ақжарма тілегін арнап, жылы лебізін білдірді.

Бір айта кетерлігі карантиндік сақтық шаралары қатаң сақталуына байланысты серт берген сарбаздардың ата-аналары ант қабылдау рәсіміне қатыса алмады. Алайда, салтанатты шара онлайн режимінде көрсетілді. Алматы, Түркістан, Павлодар, Қарағанды және Жамбыл облыстарынан әскери борышын өтеуге келген сарбаздар бір ай бойы әскери өмірге қанығып, қызметтің қыр-сырына бойлап, арнайы даярлықтан өткен. Онда олар саптық, дене, атыс даярлығының, жалпы әскери жарғылардың негіздерін үйренді.
«Қазақстан Республикасына қызмет етемін!» деп, бірінен соң бірі ант берген жас ұландардың бойында жасын жігер, тайсалмас табандылық бар екендігі аңғарылып-ақ тұр.
– Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап, мемлекеттің қауіпсіздігі мен елдің конституциялық құрылымын сенімді қорғап, Мемлекет басшысы қойған міндеттерді табысты орындап келеді. Жыл сайын еліміздің әр өңірінен Ұлттық ұланның 5510 әскери бөлімінің қатарына Отан алдындағы азаматтық борышын қорғауға жас ұландар шақырылады. Ұлттық ұлан – еліміздің айбары, қорғаны! Бүгін әскери ант қабылдап, серт берген сарбаздар енді бір жыл бойы елдің тыныштығы жолында қызмет атқарады. Әскери ант қабылдаған әрбір сарбазға ата-бабамыздың батырлық жолы аманат етіліп, елдің туын жықпайтын, туған жердің топырағын жауға таптатпайтын ерлік істердің заңды жалғастырушысы ретінде зор жауапкершілік жүктеледі, – дей келіп, Көкшетау қаласындағы 5510 әскери бөлімінің командирі, подполковник Азамат Нұрмұханұлы сап түзеген сарбаздарға жылы лебізін білдірді.
Қуанышқа толы салтанатты шара барысында біз жас сарбаздармен де тілдестік. Солардың бірі – Әнуар Жанайдаров.
–Биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы. Осы бір айтулы дата қарсаңында әскер қатарына шақырылғанымды өзіме бақыт санаймын. Себебі, азаттық қазақ баласы үшін қастерлі ұғым. Біз, өскелең ұрпақ, еліміздің гүл жайнауы үшін аянбай қызмет етуге да-
йынбыз! Мен Павлодар облысының Екібастұз қаласынан Көкшетаудағы 5510 әскери бөліміне әскер қатарына шақырылдым. Бір ай бойы біз арнайы әскери даярлықтан өттік. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналсақ та, бір айда бір-бірімізге бауыр басып, бір үйдің баласындай болып кеттік. Меніңше кез-келген азамат елінің тыныштығын күзетуге, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге міндетті, – дейді ол.
Салтанатты шара соңында жас сарбаздар саптық амал-тәсілдерді, қоян-қолтық ұрыс амалдарын көрсетті.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген
Советбек МАҒЗҰМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар