Сайлау ойдағыдай өтіп, ауыл тұрғындары өз әкімдерін сайлады

Өткен жексенбі, яғни, 25 шілдеде облысымыздағы 95 сайлау округінде аудандық маңызы бар қала, ауыл, кенттер мен ауылдық округтер әкімдерінің тікелей сайлауы өткізіліп, саяси науқанға сайлаушылардың қатысуы 75,7 пайызды құрады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Манарбек Сәдуов ұсынылды. Сайлау бюллетеньдеріне 290 кандидат енгізілді. Оның 89-ы саяси партиялардан. Атап айтсақ, сайлауға үміткер ретінде «Nur Otan» партиясынан 76, Қазақстан халық партиясынан – 6, «Ақ жол» – 5, «Адал» – 1, «Ауыл» партиясынан – 1 кандидаттан қатысты.

201 кандидат өзін-өзі ұсынғандар. 11 сайлау учаскесінде әкім сайланудан тек өзін-өзі ұсынған кандидаттар ғана үміткер болғанын айта кеткеніміз жөн. Ең көп кандидат Шортанды ауданының Бозайғыр ауылында тіркелді. Ол жерде бір орынға бес адамнан келді. Сондай-ақ, Ерейментау қаласында, Ерейментау және Атбасар аудандарының Күншалған және Ярославск селолық округтерінде төрт кандидаттан тіркелді, – деді Манарбек Айдарбекұлы.
Ауыл азаматтары жаңадан сайлаған 95 әкімнің 14-і мемлекеттік қызметшілер болса, 50-і қайта сайланған селолық округ әкімдері. Біреуі сауда саласынан, 13-і бюджеттік мекеме қызметкерлері, бесеуі уақытша жұмыссыз жүргендер. Сайланған әкімдердің 15-і, яғни, 15,7 пайызын әйелдер құрап отыр. Орташа жас 46,8-ді құрайды. Ең жас әкім 29-да. Ол Атбасар ауданына қарасты Макеевск селолық округіне әкім болып сайланған А.Ахмедьянов. Ал, жасы ең үлкені Ерейментау ауданы Бозтал ауылына әкім болып сайланған К.Мұқанов есімді азамат. Сайланған әкімдердің 85,3 пайызын қазақтар құраса, 8,4 пайызы орыс, 6,3 пайызы өзге ұлттың өкілдерінен.
Ақмола облысында әкім сайлауында дауыс берушілердің 76 пайызы конституциялық құқығын іске асырған.
– Облыс бойынша сайлаушылар саны – 100 111 адам. Бюллетеньдер алғандар саны – 75607. Сайлаушылардың аудандар мен қалалар бойынша белсенділігі мынадай: Көкшетау қаласы бойынша – 91 пайыз, Степногорск – 61 пайыз, Ақкөл ауданы бойынша – 85 пайыз, Аршалы – 37 пайыз, Астрахан – 74 пайыз, Атбасар –
84 пайыз, Біржан сал ауданы бойынша – 86 пайыз, Бұланды – 88 пайыз, Бурабай – 83 пайыз, Егіндікөл – 97 пайыз, Ерейментау – 70 пайыз, Есіл – 88 пайыз, Жақсы – 85 пайыз, Жарқайың ауданы бойынша – 87 пайыз, Зеренді – 87 пайыз, Қорғалжын – 63 пайыз, Сандықтау – 98 пайыз, Целиноград – 83 пайыз, Шортанды – 78 пайыз.
Сөйтіп, Сандықтау ауданы 98%, Егіндікөл ауданы 97% және Көкшетау қаласы 91% көрсеткішпен алғашқы үштікті бастап тұр.
Брифинг барысында облыстық сайлау комиссиясының төрағасы жаңадан сайланған 50 әкім сол сайлау өткен селолық округтерде тұратынын, 44-і аудандардан, біреуі облыс аумағынан екенін айтты.
–Сайланған 81 әкім саяси партиялар тарапынан ұсынылғандар. Оның 74-і – «Nur Otan», 3-еуі – Қазақстан халық партиясынан, 2-еуі – «Ақ жол» партиясынан және «Адал» мен «Ауыл» партияларынан бір-бір үміткерден сайланды. Сондай-ақ, өзін-өзі ұсынған 14 үміткер сайлауда жеңіске жетті, – деген Манарбек Сәдуов сайлау учаскелерінде ең көп дауыс жинаған Егіндікөл ауданындағы Абай ауылының әкімі болып сайланған М.Карбекова екенін айтып, үстіміздегі жылдың 27 шілдесі күні саяси партиялардың, халықтың қатысуымен жаңадан сайланған әкімдерді тіркеу жүргізілетінін хабарлады.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген
Советбек МАҒЗҰМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар