Футболдан 16-ыншы Еуропа чемпионатының аяқталғанына бүгін екінші күн. Күні кешегі доп додасын аңсайсың. Жасыл алаңда кубок үшін жанталасқан тартысты матчтарды әлі де болса көре бергің келеді. Кейде ол теледидарда әлі жүріп жатқандай көрініп, «Қазақстан» ұлттық арнасы мен «Қазспорт» арнасының тетігін алма-кезек басып қаласың. Көңіліңді алып-ұштырып, түннің бір уағы демей, бір ай бойы тамашалаған ала доптың сиқыры-ай. Бұл футбол мерекесін де қимай шығарып салдық. Бірақ, көңіл әлі сол жақта. Өзіне тартады да тұрады.
Осының бәрі неден басталып еді? Коронавирустан ғой. Соның әлегінен былтыр өтетін Еуропа ұлттық құрамаларының басты бәсекесі биылға қалдырылған. Бұл өзі УЕФА басшылығымен әр төрт жылда бір өтетін жарыс. Әлем чемпионатының ара-арасында, сонау 1960 жылдан бастап жанкүйерлер көзайымына айналып келеді.
Бұл жолы кәрі құрлықтан ең үздік 24 команда 6 топқа бөлініп, жанкүйерлер күте-күте тағаты таусылған доп додасын бастап кетті. Әр құрама өзінше бір әлем. «Сен тұр, мен атайын» дейтіндей кілең мықтылар. Төрткүл дүниеге әбден танылған да, танылсам деп осы біріншілікті көздеп жүрген де небір таланттар шоғыры. Иә, иә, сөз қолданудан жаңылған жоқпыз. Осы күні доп тебу де өнер. Ал, сол өнерді жеріне жеткізе бағындыру біз айтқан асқан дарындылықтың өзі. Есімдерін әлем білетін кешегі Пеле, Лев Яшин, Иохан Кройфф, Диего Марадона, тағысын тағылар соның айғағы. Ал, бүгін де жасыл алаңда ала допқа жан бітірген Давид Бекхэм, Криштиану Роналду, Лионель Месси, Килиан Мбаппе ше? Олар да футболдағы бір-бір жұлдыз, керек десеңіз, күні ертеңгі аңыз.
Жә, мұны осы жазбамыздың сәл-пәл кіріспесі деңіз. Бұл Еуропа чемпионатының іріктеу турниріне Қазақстан да қатысқан болатын. Алайда, топтағы алты құраманың ішінде місе тұтқаны бесінші орын болды. Салыстыру үшін айтсақ, алтыншы орында құрқылтайдың ұясындай Сан-Марино. Топ басындағы Бельгия бізден бақандай 20 ұпай ұзап кетіп қойыпты. Қаншама жылда осы елдегі 10 миллион қазағымнан әттең, футбол десе қамал бұзатын 11 ойыншының шықпай қойғаны… Бірте-бірте шығар әлі. Күтейік. Үміт деген көк дөненге кесе-көлденең тұрмайық.
Сонымен, Еуропаның 11 қаласында өткен биылғы футбол мерекесіне сол шаһарлардағы аяқдоп десе ішер асын жерге қоятын жанкүйерлер қалай қуанды десеңізші. Сол бақыттылардың ішінде болған посткеңестік Санкт-Петербург пен Бакудың асығы алшысынан түскені тағы анық. Алдыңғы қала бұған дейін Ресейде өткен әлем чемпионатының да естен кетпес ойындарын талай қызықтады ғой. Ал, Әзірбайжанның астанасын мұндай ілуде бір бұйыратын баққа жеткізген ондағы 60 мың орындық керемет Олимпиадалық стадион деп білеміз. УЕФА-ның осы таңдауымен-ақ түбі бір түркі тілдес бауырлар футболдан әлем астаналарының біріне айналып шыға келгені қандай керемет. Әйгілі Рим, Лондон, Копенгаген, Амстердам, Бухарест, Будапешт, Мюнхен сияқты қалалармен терезесі тең түсіп, Еуропа чемпионатын қабылдаған бакуліктерге қалай қызықсаң да, қалай сүйсінсең де көп емес. Құрамалары осында ойнаған туысқан Түркия бастаған Уэльс, Швейцария елінен ағылған азды-көпті жанкүйерлерге тіпті әлемді абыржытқан коронавирустың өзі тосқауыл болмағандай көрінді бізге.
Осы арада биылғы Еуроның тосын жайлармен басталғанын да айтсақ дейміз. Қайғылы оқиғаға ұласа жаздаған соның бірі Дания мен Финляндия құрамалары арасындағы матчта орын алды. Ойынның бірінші кезеңі аяқталар тұста өз құрамасын өрге сүйреген атақты дат футболшысы Кристиан Эриксонды есінен танып құлап, жүрегі тоқтап қалған жерінен дәрігерлер он минуттың ішінде жасанды дем алдырып, әзер бетін бері қаратып алды. Осы қуаныштан естері шығып, матчты қайта жалғастырған Дания құрамасының сонда да жолы болмай, қарсыластарынан 1:0 есебімен жеңілгенін көрудің өзі өте қиын екен. Чемпионаттың ең алғашқы ойыны Италия мен Түркия арасындағы кездесуде де күтпеген жағдай орын алып, 3:0 есебі тіркелді. Сөйтсек, бұл жолы түркі құрамасының тізгіні бос екен. Оны 2002 жылғы әлем біріншілігінде атой салып, қолаға қол жеткізген түріктердің өз тобында 0:2 есебімен Уэльстен, 1:3 есебімен Швейцариядан тізе бүгіп, ұпайсыз қалғаны да растай түсті.
Бұл жолы 2018 жылы өздерінде өткен әлем чемпионатында ширек финалға дейін жеткен орыстар да осының кебін киді. «В» тобында өнер көрсеткен олар алдымен Санкт-Петербургте Бельгиядан 3:0 есебімен ойсырай ұтылды. Әлемдік рейтингте бірінші орында тұрған бұл құрамаға қауқар көрсетуге ресейліктерге тіпті өз стадионы, өз жанкүйерлері де көмектесе алмады. Екінші ойында тағы да сол қалада Финляндияны әупірімдеп 1:0 есебімен жеңгенімен, Даниямен кездесуде тағы ірі есеппен сәтсіздікке ұшырады (1:4). Сөйтіп, өз тобында соңғы орынға сырғыған орыстарды әуежайда көңілі қалған құрама фанаттарының өзі қарсы алған жоқ. Бәрі барар жерлеріне бастары салбырап, состиып тарасты.
Ал, бұл кезде Будапеште «F» тобынан чемпионаттың шешуші кезеңіне, яғни, 1/8 финалға өте алмаған, оның есесіне тобындағы соңғы ойында 2:2 есебімен Германия құрамасымен тең түскен мажарларды бүкіл ел болып күтіп алуға шыққан халық алаңға сыймай кетті. Бұл арада бар гәп, Ресей құрамасының үш кездесуде де айта қаларлықтай ойын өрнегін көрсете алмауында, ал, Венгрия құрамасының жанкештілігімен осы чемпионаттың фавориттері саналған француздар мен немістердің өздеріне дес бермей, тең ойнап, бір-бір ұпайды жұлып алуларында жатса керек. Спорттағы ерлік деп тегі, осыны айтатын шығар.
Осылай сенген құрамасының ойыны сүреңсіз болып шыққан Ресей футбол одағы не істеді дейсіз ғой. Копенгагендегі соңғы матчтан оралысымен кейінге қалдырмай, бас бапкер Станислав Черчесовты орнынан алып тастады. Тіпті, оның 2022 жылдың аяғына дейін әлі келісім-шарты барына да қараған жоқ.
Мұндайда өзара тарысы піспей келе жатқан Украинадан қалып қойғаннан кейін не тұрыс?! Бүгінгі таңда кешегі Кеңес Одағының құрсауында болған 15 республиканың ішінен әлемдік деңгейде доп тебуге осы екі ел ғана жарап тұр. Мәселен, украиндықтардың өз тәуелсіздігін алған 30 жылдың ішінде үш рет Еуропа чемпионаты, бір рет әлем чемпионатына қатысқан жайлары бар. Бұған дейінгі ең үздік көрсеткіштері 2006 жылғы әлем чемпионатының ширек финалы еді. Сол жолы Италиядан 0:3 есебінен ұтылып, жартылай финалға шыға алмай қалған жетістігін биылғы Еурода да қайталап, алғашқы сегіздікке табан тіреді. Ол әлем чемпионатында бас бапкер осы елдің әйгілі аяқдопшысы Олег Блахин еді. Ал, қазір кезінде сол Италияның «Милан» клубының сапында 127, ал, Украина құрамасының жейдесінде 48 гол соғып, аты аңызға айналған Андрей Шевченко. Тәңірім берейін десе, береді деген осы ғой. Сол Украина бұл чемпионатта озып, орыс жанкүйерлері мен мамандарынан ерінбегендерінің бәрі екі құраманы салыстырып, бірін даттап, бірін мақтап жатыр.
Даттайтындары әрине, 1/8 финалға шыға алмаған өз құрамалары. Ал, Украина болса, оған шығып қана қоймай, 1:2 есебімен Швецияны қапы қалдырып, ¼ финалда да доп тепкені керемет нәтиже екені анық. Рас, одан әрі футболдың Отаны саналған әрі осы Еурода тамаша өнер көрсеткен Англиядан 0:4 есебімен ойсырай ұтылғаны болмаса, бұл жетістік Украина футболының тарихында тағы да бір ірі әріптермен жазылып қалары сөзсіз. Неге десеңіз, бәрі басқаша қалыптасқанда, алда тіпті жартылай финал күтіп тұрды емес пе?! Ал, бұл келесі қарсыласына есе жіберген күннің өзінде қола медаль деген сөз. Өйткені, чемпионаттың ұйымдастырушылары биылдан бастап жартылай финалда жолы болмай, жеңіліс тапқан құрамалар арасында үшінші орын үшін матч өткізбей, екеуіне де қанжығаларына қола жүлдені байлап беретін болып шешкен. Сөйтіп, бұл чемпионатта посткеңестік қос құраманың жеткен де, жетпеген де жері осы болды.
Ал, басқалары ше? Басқалары да шама-шарықтарына қарай тілеулестерін түрлі күйге салып жатты. Шашасына шаң жұқпайтын жүйріктей кең көсілген құрамалардың қатарына әлбетте, Италия, Англия, Испания, Дания, Франция, Бельгия, Португалия, Германия, Чехия құрамаларын жатқызуға болар еді. Рас, бұлардың ішінде чехтар мен бельгиялықтар ширек финалдан, ал, немістер, француздар мен португалдықтар 1/8 финалдан әрі аса алмады. Бұл бір десек, осы Еурода шөкімдей ғана жері, 3 миллионнан сәл ғана астам халқы бар Уэльс сияқты мемлекеттердің ерлегенін қайтерсіз. Осы жолы құрлық кубогын екінші рет еншілеген Италиядан сәл ғана басымдықпен ұтылып (1:0), аты дардай Түркия құрамасының қақпасына жауапсыз екі доп соққан да осы Уэльс. Оның үстіне 1:1 есебімен Швейцариямен тең түскені тағы бар. Осыдан кейін бұл құраманы да осал деп көріңіз. Сол жігерлі ойыны ғой 1/8 финалға алып шыққан. Онда жолы болмағанымен, бұл Еуро осы Уэльс, оған қоса, Швейцария, Швеция сияқты құрамалардың да оңай шағылатын жаңғақ еместігін көрсетті. Мәселен, небір тіс қаққан қарсыластарына оңайлықпен алдырмаған Швейцария бұрынғы ойынына көп қосыпты. Өз тобында Түркияны жеңгені аздай (3:1), 1/8 финалда осы чемпионаттың жүлдесін көздей келген француздардың өзінен басым түскені де (негізгі уақыт 1:1, пенальтиден 5:4) содан шығар.
Міне, футболдың күні ілгері біз болжап біле алмайтын сиқыры дегеніңіз осы болса керек. Бұл чемпионатта тек бір-ақ құрама ғана өз тобындағы ойындарының бәрінде жеңіліп тыныпты. Ол – Еуроның топтық кезеңіне алғаш шығып отырған жас мемлекет – Солтүстік Македония. Ал, сол құрамаңыз осы футбол мерекесінің алдындағы жолдастық кездесуде Қазақстан құрамасын 4:0 есебімен ойсырата ұтып еді ғой. Сонда биылғы Еуроның ең әлсіз командасынан осынша гол жіберген біз қайда, басқалар қайда десейші. «Әлем, құрлық чемпионаттарының ақтық бәсекелерінде қашан доп тебеміз?» деген шегі де, шеті де жоқ сауал ғой мұнымыз.
Бұл чемпионат та әр құраманың алға жетелеуші күші – допты өз ырқына әбден көндіріп алған жеке орындаушылар екенін көрсетті. Олар қарсыластар қақпасына ең көп доп соққан (5 гол +1 нәтижелі пас) португалдық шабуылшы Криштиану Роналду, жасыл алаңда жасындай жарқыраған бельгиялық Ромелу Лукаку, испандық Педри, ағылшындық сайыпқыран Гарри Кейн, швейцариялық Джердан Шакири, чемпионаттың ең үздік ойыншысы атанған Италия құрамасының қақпашысы Джонлуиджи Доннарумма. Бұл тізімді әлі де жалғастыра беруге болады. Өйткені, осы чемпионатқа қатысқан қай ел де өз құрамасын өрге сүйреген осындай бір-екі футболшыдан кенде емес еді. Айталық, Украинаның шабуылшысы Андрей Ярмоленконың Нидерланды құрамасының қақпасына соққан голы осы чемпионаттың 10 топ-голының қатарына кіреді, ал, футболшының өзі Еуро қорытындысы бойынша УЕФА рейтингінде бесінші орынға көтеріледі деп кім ойлаған?!
Енді биылғы чемпионатта жаңартылған рекордтарға келсек, ең озғаны автоголдар. Топтардағы ойындар аяқталмай жатып, оның 11-і соғылып тынған-ды. Сондай-ақ, бұл Еурода небір кәнігі ойыншылар 11 метрлік пенальтилерді орындауда да жер соғып қалып жатқаны «қызық» болды. Әлде басы артық қобалжу, сыр берген жүйке мен күтпеген сәтсіздік пе, сылбыр теуіп, қақпашы қаққан немесе қиғаш кетіп, биік ұшқан доптар әлі талай жанды жеп, жүректі ауыртар. Неге десеңіз, 1/8 финалдан бастап төрт матчтың тағдырын сол он бір метрліктер шешті ғой. Біраз жанкүйерлердің сәуегейліктері дәл келіп, чемпион болған Италия құрамасының Испаниямен жартылай финалдық, ал, Англиямен финалдық ойындарында тура осыны көрдік. Өзіңіз қараңызшы. Екі кездесуде де негізгі және қосымша уақытта есеп 1:1. Ал, 4:2 және 3:2 есебімен итальяндықтардың пайдасына шешілген 11-метрліктер сериясында әр ойындағы 10 пенальтидің қаншасы қақпаға дарымады?! Драматизмге, тіпті, көз жасына толы матчтарыңыз осындай-ақ болар.
Иә, футболда да жанқиярлық пен шеберлікке қоса, сәттілік серік. Әрине, мұнсыз болмаған биылғы Еурода қола жүлде лайықты түрде Испания мен Дания құрамаларының еншісіне бұйырды. Күміс жүлде ағылшындарда. Ал, қуаныштарында шек болмаған күн сәулелі Италия жігіттері чемпиондарға тиесілі кубокты төрт жылға көне Римге алып кетті.
Қайырбай ТӨРЕҒОЖА.