Еліміздің саяси-экономикалық, мәдени-қоғамдық өміріндегі өзгерістерге сай техникалық және кәсіптік білім беру орындары үлкен жауапкершілікті сезініп, білікті, өз ісінің шынайы шебері, бәсекеге қабілетті, кең ауқымды, жан-жақты дамыған, өз ісін жетік білетін, кәсіби білігі мол мамандарды даярлау көзделіп отыр. Осынау асқаралы мақсат қалай жүзеге асырылмақшы? Осы орайда, біздің тілшіміз Ақан сері атындағы Көкшетау жоғары мәдениет колледжінің директоры Құралай Ғазизқызына жолығып, сұхбаттасқан болатын.
–Құрметті Құралай Ғазизқызы, биыл Көкшетау қаласы – Қазақстанның мәдени астанасы деп жарияланды. Бұл үлкен жауапкершілік. Мәдениетті осы саланың кадрлары қалыптастырады десек, артықтығы болмас. Болашақтың білікті мамандарын дайындау бағытында қандай іргелі шаруалар жүзеге асырылып жатыр?
–Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында көрсетілген міндеттерінің бірі экономика қажеттіліктеріне және өңірлік ерекшеліктерге сәйкес оқытудың, кәсіптік даярлықтың сабақтастығы мен үздіксіздігін қамтамасыз ету екендігін ескере отырып, колледж ағымдағы даму деңгейіне және қолда бар мүмкіндіктерге байланысты өз күш-жігерін аса маңызды міндеттерді шешуге бағыттап, соның ішінде түлектер дағдыларының сұраныс талаптарына сәйкестігін қамтамасыз етуді басымдыққа алып отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «біз әлемдік мәдени құндылықтармен үндес жаңа заманғы қазақтың озық мәдениетін қалыптастыруымыз керек» деген аталы сөзі бар. Біз Қазақстанда тұрып жатқан барша ұлттар мен ұлыстардың мәдениетін дамыта отырып, ұлттық мәдениеттің үрдісін жалғастырып, саф алтындай жарқырата көрсетіп, ілкіден жалғасқан ғажайып мұраның алпыс екі тамырына қан жүгіртіп, бүгінгі ұрпақтың кәдесіне жаратуға ұмтылудамыз. Осы арада Алаштың ақиық ақыны Олжас Сүлейменовтың айтқан пікірін келтіре кетсек артық болмас. Ақын былай дейді: «Төлтума мәдениет» деген патриоттық ұғымды әлдебір алыс мұхит төрінде сан ғасырлар бойы кеме зәкір тастап көрмеген аралға қатысты ғана қолдануға болады». Өте терең сөз. Мәдениет пен өнер сабақтаса дамиды, бір-бірімен өзектесе өрбиді. Біздің мақсат та сол. Заман алға озған сайын білім берудің озық тәжірибелері, мол мүмкіндігі қолданысқа енгізілуде. Уақыттың үстемдігінен ешқашан тыс қала алмайсыз.
Білім беру саласы да үнемі байып, толықтырылып отыруға тиісті. Осы орайда соңғы жаңалықтарды кеңінен қамтып, екпін түсіріп айта кетуге әбден болады. Мәселен, жоғары мәдениет колледжі 2021 жылы материалдық-техникалық базаны жақсартуға мүмкіндік беретін республикалық «Жас маман» жобасына қатысуда. Аталмыш жоба аясында «Дизайн» мамандығының «Интерьер дизайны», «Киім дизайны» біліктіліктеріне мән беріледі. Сөз арасында жаңа заманның талабына сай мамандықтардың сұранысқа ие болып отырғандықтарын айта кеткен жөн. Қазіргі уақытта жабдықты сатып алудың конкурстық процедуралары жүріп жатыр. Мемлекеттік сатып алу процедурасына сәйкес құрал-жабдықтар жеткізілді. Ол жабдықтармен жұмыс істеуді оқып үйренуді бірінші болып «Дизайн» мамандығының арнайы пәндерінің оқытушылары мен колледж қызметкерлері бастады. Бұл «Интерьерді функционалдық-кеңістіктік ұйымдастыру» кабинетіндегі жинақтаушы жабдық болып табылады. Сондай-ақ, колледждің материалдық-техникалық базасы үш интерактивті тақтамен және сенсорлық графикалық планшеттермен толықтырылды. Сенсорлық графикалық планшет сурет салу, жазу және сызуды табиғилыққа мүмкіндігінше жақындатады. Интерактивті панель қолданудың кең спектріне ие: тұсау кесулер, бейнеконференциялар, көрмелік экспонаттар, құжаттар мен жобалар бойынша бірлескен жұмыс жүргізу. Сонымен қатар, ақпаратты енгізудің кез-келген құрылғысын пайдалануға болады. Ол пернетақта, графикалық планшет болуы мүмкін.
Бұл жаңғыртулар білім алушылардың тиянақты оқуына, жан-жақты дамуына игі әсерін тигізуде. Аталмыш жоба шеңберінде колледжде мынандай кабинеттер жұмыс істейтін болады. Дизайн және тігін бұйымдарын сәндеу дағдыларын алуға және жетілдіруге, тігін машиналарында және сандық тігін автоматтарында жұмыс істеу дағдыларын игеруге бағытталған, дипломдық және курстық жобалауға қажетті, интерьерді функционалдық-кеңістіктік ұйымдастыруға арналған оқу кабинеттері. «Жас маман» жобасын іске асыру нәтижесінде колледж республикалық және халықаралық деңгейде сұранысқа ие мамандарды даярлауға қажетті заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталып, жарияланған мамандық бойынша өз аймағының құзыреттілік орталығына айналмақ, сонымен қатар, WorldSkills чемпионатына қатысушыларды даярлайды.
– Өткен тарихты ой көзімен шолып өтсек, колледж түрлі қайта құрулардан өтті. Мемлекеттің қамқорлығының арқасында жаңару, жаңғыру жүзеге асты. Бүгінгі мүмкіндігі өте зор. Сол мүмкіндікті тиімді пайдаланғандықтан кейін қол жеткізген табыс та аз емес шығар.
–2018 жылдың маусым айында білім ошағына жоғары колледж мәртебесі берілді. Жаңа мәртебеге ие болуына байланысты білім беру қызметтерін көрсету саласы жетілдірілуде. Білім ошағында 2021 жылдан бастап техникалық және кәсіптік білімнің мамандықтары мен біліктіліктерінің жаңа үдерісіне сәйкес мынадай мамандықтар бойынша білім беріледі. Әлеуметтік-мәдени қызмет 2 біліктілік; Театр ұжымын ұйымдастырушы, оқытушы, Мәдени-көпшілік шараларды ұйымдастырушы, оқытушы. Халықтық көркем шығармашылығы (түрлері бойынша) 2 біліктілік, Көркемөнерпаздар хореографиялық ұжымының жетекшісі, оқытушы, Көркемөнерпаздар халық аспаптары оркестрінің (ансамблінің) жетекшісі, оқытушы. Дизайн бейіні бойынша
2 біліктілік игеріледі. Олар интерьер дизайнері мен киім дизайнері. Кітапхана ісі бойынша кітапханашы біліктілігі оқытылады. Актерлік өнері бойынша драма театры әртісі біліктілігі. Бүгінде күндізгі және сырттай оқу нысандары бойынша 450 білім алушы оқиды. Олардың 367-і бюджеттік негізде. Оқытушылар құрамы жоғары білікті мамандармен толықтырылған. Олардың 50 пайыздан астамы жоғары санатқа ие. Қазақстан колледждерінің қызметін бағалау үшін «Талап» КЕАҚ өткізген 2017-2019 жылдардағы саралау қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының «Өнер және мәдениет» бейініндегі білім ошақтары арасында бірінші орын алдық. Колледж «Өнер және мәдениет» бейініндегі республикалық оқу-әдістемелік бірлестік болып табылады. 2018 жылы 5 жылдық мерзімге білім беру бағдарламаларымыз аккредиттеуден сәтті өтті.
–Білім ошағы облыс орталығында өтіп жататын мәдени шараларға үзбей қатысады. Осы орайдағы жетістіктеріңіз туралы тарқатып айта кетсеңіз?
–Колледжде театр және дизайн-студиялары, қазақ халық аспаптары оркестрі мен ансамбльдері, вокалдық және вокалдық-аспаптық топтар, би ансамбльдері жұмыс істейді, олардың бірі «халықтық» атағы бар – «Жарқын» би ансамблі. Ансамбльдің соңғы жетістіктерінің бірі – «Қазақстан Раушандары» хореографиялық өнерінің Х халықаралық фестиваль-байқауында 1 орынды иеленіп, Ресей мен Болгарияға шақырылуы. 2018 жылғы 20 ақпанда колледж базасында студенттер мен оқытушылардың бастамасы бойынша Ақмола облыстық «El jastar» эксперименттік-зертханалық жастар театры өз қызметін бастап, қазіргі уақытта шығармашылығын сәтті жалғастыруда. Облыс әкімі аппараты жанындағы «Қоғамдық келісім» мекемесімен бірлесіп колледжде қазақтың ұлттық дәстүрлері мен мәдениетін сақтауға және насихаттауға арналған «Балқадиша» қыздар клубы құрылды. 2017 жылдан бастап колледжде Бауыржан Момышұлы атындағы әскери-патриоттық клубы жұмыс істейді. Жоғары мәдениет колледжі 2021 жылдан бастап «Жас маман» жобасы бойынша республика колледждерінің қатарына кірді. Біздің түлектеріміз еліміздің барлық аймақтарында мәдениет пен өнерді сақтауға және дамытуға үлкен үлес қосуда. Қазақ ұлттық консерваториясына, Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына, Қазақ ұлттық хореография академиясына және тағы басқа республиканың жетекші жоғары оқу орындарында білімдерін жалғастыруда. 2021 жылы қорытынды аттестаттауға жеті топтың 81 білім алушысы қатысты. Оның ішінде 6 түлек ерекше үлгідегі дипломға ие болды. Оқу орнының түлектері ауыл-селоларға барып, нәтижелі жұмыс істеуде. Мәселен, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша ондаған білім алушы жұмысқа орналасты. Қазір облыстың кез-келген ауданынан біздің түлектерімізді кездестіруге болады. Былтырғы жылы 92 түлектің барлығы жұмысқа орналасты. «Көпшілік театрландырылған қойылымдарының режиссеры» біліктілігінің түлектері жоғары нәтиже көрсетті. «Халық аспаптары оркестрінің (ансамблінің) жетекшісі» біліктілігі түлектерінің кәсіби дайындығы ерекше аталып өтілді. Осының өзі білім ошағының жетістігі деп білеміз. Оған себеп болып отырған, жаңа сөзіміздің басында айтып өткен материалдық-техникалық базаның жаңғыртылуы. 2019 жылдың тамыз айында жаңа корпустың ашылуы өтті, ол үш қабатты ғимарат. Онда хореографиялық, спорт және тренажер залдары, душ және киім ауыстыру бөлмелері, мәжіліс залы, кең кітапхана және асхана, аулада баскетбол алаңы орналасқан. Білім алушылардың тіршілік әрекеті үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған 85 орындық жатақханамыз бар. Қазіргі уақытта жаңа жатақхана ғимаратының құрылыс жұмыстары басталуда.
Колледждің стратегиялық жоспары жаңа қойылған мақсаттар мен міндеттерге сәйкес қызмет бағыттарын жаңғыртуды талап ететін проблемалық мәселелерді анықтайды. 2016 жылдан бастап колледж «Әлеуметтік-мәдени қызмет және халықтық көркемдік өнер шығармашылығы», «Кітапхана ісі» мамандықтары бойынша оқу-әдістемелік бірлестігі болып табылады. Колледж Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесімен, Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясымен, Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжімен тығыз байланыста. Сонымен қатар, колледж РФ Марий Эл қаласының «Палантай атындағы мәдениет және өнер колледжімен» халықаралық ынтымақтастық орнатты, Түркиядағы Амасия қаласында және Дағыстан Республикасындағы Махачкала қаласында өткен би фестивальдеріне қатысып, халықаралық байланыстар негізінде ішкі және сыртқы академиялық ұтқырлықты дамытуда. «Самоцветы», «Diamand» би ансамбльдері, «Амигос» вокалдық-аспаптық ансамблі, негізгі қызметі этникалық стильдегі киім мен аксессуарлардың дизайнерлік шешімдерін әзірлеу болып табылатын «Этно-FASHION» шығармашылық студиясы, қатысушылары арт-жобалармен, көрмелерді ұйымдастырумен, дефилемен, республикалық және облыстық деңгейдегі іс-шараларды ресімдеумен айналысатын «CREATIVE» студиясы. 2020-2021 оқу жылы «Актерлік өнер» мамандығы бойынша дуальды оқыту туралы Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрымен жасасқан 11 келісім-шарты қолданысқа енгізілді.
2021 жылдың 26 мамыры күні біздің білім ордасы үшін айта қаларлықтай маңызды іс-шара орын алды. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің А.Маемиров жетекшілік ететін музыкалық жас көрермен театры мен көкшетаулық Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжі арасындағы ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.
Меморандумның негізгі мақсаты қазіргі заманғы әлеуметтік-жауапты тұлғаны қалыптастыру және мәдениет сегментінің болашақ мамандарының креативті қасиеттерін дамыту, оқытушылар мен студенттер үшін білім беру сапасын ынталандыру жүйесін құру, колледж студенттерінің белсенді қатысуымен спектакльдер қоюға және өткізуге кәсіби шығармашылық тұрғыдан ықпал ету. Әлеуметтік әріптестікті дамыту мен практикалық оқыту технологияларын жетілдіру барысында «Драма театрының актері» мен «Театр ұжымын ұйымдастырушы» біліктіліктерінің орта буын мамандарын даярлауға және оларды өндірістік практикадан өткізуге жаңаша жағдай жасалады. Екі тарап ортақ жұмысқа, жобаларды іске асыруға өзара сенім білдірді.
–Білім ошағы туралы таратып айтқан тәлімді әңгімеңіз үшін рахмет.
Әңгімелескен Байқал БАЙӘДІЛОВ.