Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Коронавирусты көп жұқтырудан Көкшетау қаласы алда тұр - АРҚА АЖАРЫ

Коронавирусты көп жұқтырудан Көкшетау қаласы алда тұр

Көкшетау қаласында коронавирус эпидемиясы бойынша жағдай өте күрделі. Пандемия басталғалы мұнда зертханалық жолмен 9172 астам адамнан осы індет расталып, тіркелген.

Тек өткен шілде айында ғана 2800 жағдай ПТР арқылы анықталып, індеттің еселеп өскені байқалуда. Алдыңғы аймен салыстырғанда шілдедегі статистикалық өсім 5 есеге артқан. Бұл жайында өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім болды.
Облыс орталығындағы эпидемиологиялық жағдай туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифингке Көкшетау қаласының әкімі Бауыржан Ғайса, қаланың бас санитарлық дәрігері Қанат Ысқақов пен Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасының бас дәрігері Нұрлан Жаров қатысып, індеттің өршіп бара жатқандығын тұрғындарға тағы бір мәрте ескертті.
–Елімізде коронавирустың бой бермей бара жатқаны өте өкінішті. Күніне 7 мыңнан астам адамнан індет анықталуда. Шағын шаһар – Көкшетау қаласының өзінде тәулігіне 200-ден астам індет жұқтыру фактілері зертханалық жолмен расталуда. Ауырғандардың 99 пайызы вакцина алмағандар, – дей келе, Көкшетау қаласының әкімі Бауыржан Ғайса коронавирустың жастар мен балалар арасында белең алып бара жатқандығын ескертті.
Қала бойынша вакцина алуы тиіс тұрғындардың 50 мыңнан астамы немесе 42 пайызы екпемен қамтылған. Медицина, құқық қорғау саласының қызметкерлері 100 пайыз, мұғалімдер 80 пайыз, мемлекеттік қызметшілер 90 пайыз коронавирусқа қарсы екпе алыпты.
–«Ashyq» қосымшасы жұмыс істеп тұрса да, мониторингтік топтардың жұмысы жалғасуда. Себебі, карантиндік шектеулерге қарамай, санитарлық талаптарды сақтамайтындар көп. Осы күні 200 нысан тексерілді. «Ashyq» қосымшасын орнатып алып, онымен жұмыс істемеген 15-тен астам кәсіпкерден ол қайтарылып алынды. Қазір қатаң тәртіп болмағандықтан, көшеде адамдар маска да тақпайды. Көшеде тақпағанмен, нысандарға кіргенде міндетті түрде маска киген дұрыс, –дейді қала әкімі.
Жақында жаңа оқу жылы басталып, балалар мектепте дәстүрлі форматта білім алады деген жоспар бар. Енді оқушылар мектепке барулары үшін ата-аналары вакцина алған болуы тиіс.
–Бүгінгі күні облыс орталығында жағдай өте қиын. Төсек орындардың жүктемесі 60 пайыздан асып кетті. Қала бойынша 60 адам реанимация бөлімінде жатыр, олардың 3-еуі ауыр халде. Краснояр селосында жұқпалы аурулар стацио-
нарын ашуды жоспарлап отырмыз, – деді өз кезегінде қаланың бас санитарлық дәрігері Қанат Ысқақов.
Бұдан әрі сөз алған облыстық көпбейінді ауруханасының бас дәрігері Нұрлан Жаров өңірдегі эпидахуалдың қиындап бара жатқанына тоқтала келе:
– Облыс орталығында бүгінде 4 жұқпалы аурулар стационары жұмыс істеп тұр. Оларда 1250 науқас ем қабылдауда, солардың 108-і реанимациялық бөлімде жатыр. Ауыр халдегілер көбейіп барады. Әсіресе, жастар арасында індет өрши түскен. Егер ауруханаларға ауыр жағдайда түсетіндер көбейе берсе, қайғылы жағдайлар статистикасы өсе түседі. Бүгінде стационарларды кеңейтіп жатырмыз. Мұның барлығы карантиндік шектеу-
лерге бағынбай, санитарлық талаптарды бұзудың салдарынан туындап отырған жайт. Адамдар өз денсаулықтарының қауіпсіздігін сақтамауда, –деп ашынды ол. Сондай-ақ, Нұрлан Қайырұлы вакцинаның тиімділігіне ерекше тоқталды. Осы уақытқа дейін ауруханаға түскендердің 18-і вакцина алғандар болса, олардың арасында реанимацияға жатқандар немесе соңы қайғылы аяқталған оқиғалар жоқ екендігін атап өтті.
–Ауруханада қызмет ететін 1450 адамның 95 пайызы вакцина алды. Былтыр коронавирусқа қарсы вакцина болмаған кезде мекеменің 140 қызметкері індетті жұқтырып алған еді, биыл ақпанда жаппай вакцина алған соң, ауырған қызметкерлер саны 14 адамды құрады. Халыққа вакцинаның тиімділігін дәлелдеу үшін тағы қандай мысалдар келтірейік, –деп облыс және қала тұрғындарын екпе алуға шақырды.
Брифинг соңында спикерлерге БАҚ өкілдері тарапынан әртүрлі сауалдар қойылып, індеттің бетін қайтару жолында атқарылып жатқан мәселелер талқыланды.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар