Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Сыздықов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте елімізде, соның ішінде біздің облысымызда эпидемиологиялық жағдайдың тым күрделене түскендігін мәлемдеді.
Облыста пандемия басталғалы аты жаман індет 30148 адамнан ПТР арқылы расталып отыр. Олардың 23 мыңға жуығында жұқпалы дерт симптомды түрде өткен, қалған 7 мыңнан астамында ауру белгілері байқалмаған. Қазіргі уақытта өкінішке орай, індеттің құрбаны болып жатқандар да көбейе түскен. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, пандемия басталғалы өңірде індеттен 151 адам көз жұмыпты.
–Соңғы аптада індет 1824 адамнан лабораторлық жолмен расталды, оның алдындағы аптада 1411 жағдай анықталған болатын. Өсім 1,2 есені көрсетті. Бүгінде облыста 24 медициналық мекеме коронавирусқа ұшыраған науқастарға көмек көрсетуде. Оларда жұқпалы ауруларға арналған 2425 төсек-орын әзірленіп, қазіргі таңда соның 65 пайызында адамдар ем алуда. Реанимациялық бөлімдерде 190 орын әзірленсе, онда 118 адам жатыр, 194 адамның жағдайы ауыр, –деді брифингте өңірдің бас дәрігері.
Аймақта созылмалы аурулары бар тұрғындарға коронавирус жұқтырып алмаулары үшін алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету қызметтерінде қашықтықтан консультациялар ұйымдастырылуда. Диспансерлік есепте тұрған топтарға 150 мобильді топ көмек көрсетуде.
–Адамдардың індеттен қорғанатын бас-
ты қаруы – вакцина. Сондықтан, барша ақмолалықтарды коронавирусқа қарсы екпе алуға шақырамын. Сонымен, ақпан айынан бері облысқа жалпы 495669 доза вакцина жеткізілді, соның ішінде басым бөлігі Спутник V препараты. Вакцинация науқаны басталғаннан бері өңірде 222300 адам екпенің алғашқы бөлігін алса, солардың 160413-і екінші компонентін де ектірді. Бұл екпе алуға жататын 411 мыңнан астам тұрғынның 54 пайызын құрап отыр. Сондай-ақ, вакцина алғандардың 81 пайы-
зы ауылды аймақтардың тұрғындары екендігін атап өткен жөн. Бүгінде облыста Спутник V мен QazVac вакциналары бар, –дей келе, Нариман Ермекұлы медициналық мекемелерді дәрі-дәрмектермен қамту, олардың материалдық-техникалық жағдайы, мониторингтік топтардың жұмысы, «Ashyq» қосымшасы, екпе пунттері жайында айтты. Облыста 140 екпе пункті мен 11 жылжымалы кешен өңір тұрғындарын вакцинациялауда.
–Індет бұдан күшейіп кетсе, барлық стационарлар тек коронавируспен күреске жұмылдырылады. Қазірдің өзінде Көкшетау қалалық көпбейінді ауруханасының жаңадан ашылған жұқпалы аурулар орталығынан бөлек, Сәтпаев көшесіндегі үш қабатты ғимараты толығымен коронавируспен күреске арналған стационарға ауысты. Облыстық көпбейінді ауруханасының тері-венерологиялық бөлімшесі, Қ.Құрманбаев атындағы Ақмола облыстық фтизио-пульмонологиялық орталығы, теміржол ауруханасынан ашылған стационардың дәрігерлері тек осы жұқпалы індетпен күресуде. Қазіргі уақытта қаладағы тағы 2 медициналық ұйымда стационарлар ашу қарастырылып жатыр, – деді денсаулық сақтау басқармасының басшысы.
Күнделікті мәліметтерге сүйенсек, ауырып жатқандардың 40 пайызы 40 жасқа да толмағандар. Осыдан-ақ індеттің жасарып бара жатқанын көруге болады. Облыстық балалар ауруханасында 16 бала емделуде. Солардың ішінде 4 жасар бала өкпені жасанды желдету аппаратымен дем алып жатыр. Сондай-ақ, жұқпалы аурулар орталығында осы күнге дейін 80 әйел босаныпты. Олардың балалары індеттен аман. Яғни, індет балаға анасының ішінде жатқанда жұқпайды, тек контактіде болған кезде ғана жұғуы мүмкін. Сонымен бірге, брифингте жаңа оқу жылына қарсы балалардың екпе алуы қарастырылмағандығы айтылды.
Індетке шалдығушылар арасында вакцина алғандар да бар, бірақ, оларда ауру жеңіл өтуде. Ауыр халде жатқандар арасында вакцина алғандар жоқ. Сондықтан, елімізде ұжымдық иммунитет қалыптасып, аймағымыздың індеттен арылуы үшін екпе алуға мүмкіндігі бар, денсаулық жағдайы жарайтын әрбір тұрғын вакцина алғаны дұрыс.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.