Ақмола облысының әділет департаменті облыстық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, «Интеллектуалдық меншік саласындағы көкейкесті проблемалар» тақырыбында конференция ұйымдастырды.
Конференция жұмысына Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің және облыстық сот, прокуратура, полиция департаменті мен бірқатар ведомстволардың, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты.
Ауданаралық әділет басқармалары мен облыс кәсіпкерлері, сондай-ақ, Ресей Федерациясы Бийск қаласындағы «Пантопроект» жауапкершілігі шектеулі қоғамдастығының директоры Марина Дочилова, «СтарЛайн» ғылыми-өндірістік бірлестігі авторлық құқықты қорғау бөлімінің жетекшісі Андрей Камышников, Американың ақпаратттық технологиялар саласындағы ірі компанияларының бірі НР корпорациясының Қазақстандағы өкілі Михаил Надточий мен Беларусь Республикасындағы «MILAVITSA» компаниясының өкілі Александр Зайцев конференцияға ZOOM платформасы арқылы қосылды. Жиынды өткізудегі басты мақсат интеллектуалдық меншік құқықтарын қорғауды күшейту және осы бағыттағы заңнамаға өзгерістер енгізу үшін ұсыныстар әзірлеу болатын деді ұйымдастырушылар.
Конференция кезінде Ақмола облысының кәсіпкерлері үшін құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу, интеллектуалдық меншікке қатысты заңнамаға байланысты ұсыныстарды Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне жолдау туралы шешім қабылданды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.