Жан сүйсінтетін қамқорлық

Сандықтау ауданында «Туған жер» бағдарламасы бойынша аудандағы іскер жандар ауыл-аймақтың ахуалына жанашырлықпен қарап, демеушілік көмек көрсете бастады. Бұл шаруаның барлығы ел бірлігі мен игілігіне арналып отырғандығын екпін түсіріп айта кеткен ләзім. Туған топырақтың мерейі де ұмыт қалған жоқ. Мәселен, еріктілер қатерлі індет буып тұрған кезде де ауыл-аймақты абаттандырып, санитарлық тазалықты мінсіз етуді қолға алды, қаншама адамдарға қамқорлық жасады.

Сөзіміз жалаң болмауы үшін «Байдалы» серіктестігінің басшысы Марат Оразалиннің атқарып отырған қыруар шаруасы туралы айта кеткендігіміз орынды. Өткен жылы серіктестік жұмысшысы Иван Поперчактың отбасына көлемі 190 шаршы метрді құрайтын бес бөлмелі үй салып берді. Әдемі шатырмен көмкеріліп, көзтартарлықтай етіп қапталған еңселі үй алыстан менмұндалайды. Шаруашылық есебінен мешіт, наубайхана салып, жылу қазандығын іске қосып, фельдшерлік-акушерлік пунктті жабдықтап, мектеп оқушыларының барлық жағдайын жасауда. Былтыр «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы арқылы келген 7 мұғалімді құрқылтайдың ұясындай жып-жылы, жайлы баспанамен қамтамасыз етіпті. Кәдімгі екі қабатты, еңселі үй. Орталықтандырылған жылу арқылы жылытылады. Фельдшерлік-акушерлік пунктті де қамқорлығына алған. Серіктестік сыйға тартқан аппараттар медицина саласындағы ең соңғы үлгідегі құралдар. Тіпті, ауыл түгіл аудан орталығынан да табыла бермеуі әбден мүмкін. Таяуда анализ жасайтын американдық аппаратураларды 13 миллион теңгеге алып берген.
–ФАП ауылдық округтегі Веселое, Жыланды, Барақпай, Новоселовка ауылдарының тұрғындарына, шамамен алғанда бір жарым мың адамға қызмет көрсетеді. Серіктестік әперген ЭхоКГ аппаратын орнатып алдық. Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларынан білікті мамандар келіп, қалай жұмыс істейтіндігін көрсетіп берді. Гемотологиялық анализатор, биохимиялық аппарат арқылы барлық талдауларды жасай аламыз. Ауыл тұрғындары анализ үшін аудан немесе облыс орталығына бармайтын болды, – дейді дәрігер, медицина ғылымының кандидаты Жібек Оразалина.
Өткен жылы серіктестік су жаңа жедел жәрдем көлігін сыйға тартқан. Ауыл тұрғындарының басы ауырып, балтыры сыздай қалса, аудан, облысқа жеткізуге қажетті жанар-жағар май серіктестіктің мойнында. Биыл кеңшардың бұрынғы кеңсесін сатып алған. Енді оған толығымен жөндеу жұмысын жүргізіп, ауылдағы емдеу мекемесіне бермекші. Сол кезде станционар да жұмыс істейтін болады. Ол ғимаратқа учаскелік инспектор, пошта орналаспақ.
Ауыл мектебіндегі 124 оқушы серіктестік есебінен ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Аспазы да серіктестік есебінен жалақы алады. Оқушыларға қажетті спорттық құрал-жабдықтар түгел. Хоккей командасын жұтындырып киіндіріп қойған. Екі жыл бұрын шағын футболға арналған сапалы, жасанды жамылғысы бар спорт алаңын салып беріпті. «Мектепке жол» акциясы аясында 1 сыныпқа баратын барлық баланы оқу құралдарымен, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балалары мен мүмкіндігі шектеулі оқушылар толық киім-кешекпен қамтамасыз етіледі.
«Сандықтау астық» серіктестігінің басшысы Атлан Докаев Бірлік селолық округінің тұрғындарына әрқайсысы елу келі болатын 241 қап ұнды тегін таратып берген. Балкашин селолық округіне 256, Жамбыл селолық округіне 30 қап ұнды сыйға тартқан. «СХП 1 май» серіктестігінің басшысы Магомед-Сали Абуев зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі адамдарға елу келілік 100 қап ұн жеткізіп беріп, қамқорлық көрсетіп отыр. «Свободное» және «Максимовское» серіктестіктерінің басшылары әкелі-балалы Александр Закусиловтар зейнеткерлер мен соғыс жылғы б алаларға, Ауған соғысының ардагерлеріне ұзын-ырғасы алпысқа таяу адамға тегін ұн таратып, өсімдік майын үлестірген. Максимовка селосының бұрынғы тұрғыны Николай Мещаряков зейнеткерлерге азық-түлік себеттерін сыйлаған.
Міне, осылайша адамдар бір-біріне қайырымдылық жасап, қанаттандыруда. Бұрынғының «елде болса ерніңе тиеді» дейтін сөзі рас-ау шіркін. Ел ішіндегі берекенің бесігін тербетіп, аялап тұрған да жомарт жүректі жандардың жұмыла атқарып отырған шаруасы.
Байқал БАЙӘДІЛОВ.
Сандықтау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар