Облысымызда коронавирус індетінің кең тарала түсуіне байланысты Ақмола облысының денсаулық сақтау саласының ардагерлер кеңесі барлық ақмолалықтарға Үндеу қабылдады.
Қазір әлем халқы қиын кезеңдерді бастан өткеруде. Дүниені дүрбелеңге салған Covid-19 пандемиясының үшінші толқыны жүріп жатыр.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы аурудың күн сайын көбейіп жатқандығының басты себебін «Дельта» штамның пайда болуымен байланыстыруда. Бұл штамм бүгінде әлемнің 111 елінде тіркеліп отыр. Жақында ол Сovid-19-дың басты штаммына айналады деп күтілуде.
Коронавирус пандемиясы басталғалы әлемде 187 миллионнан астам адам індетке шалдықты. Солардың 4 миллионнан астамы коронавирустың құрбаны болды. Осынау көз жұмғандар санының артында шын мәнінде біздің жақындарымыз бен таныстарымыздың жарқын бейнесі тұрғаны кім-кімді де қынжылтатыны анық.
Біз өлім-жітім бойынша көрсеткіштердің артқанын көріп отырмыз. Әлем бұл вирусты тек бір ғана жолмен – бірге әрекет ету тәсілі арқылы жеңе алады.
Бүгінгі таңда вакцинациядан басқа пандемиямен күресудің басқа тиімді әдісі жоқ. Сондықтан, бүкіл әлемде Сovid-19 пандемиясын алдын алу үшін жаппай вакцинация бағдарламасы басталды.
Ғалымдар коронавирусқа қарсы вакцинаның негізін құрайтын технологияларды әзірлеуге ондаған жылдар бойы зияткерлік күш-жігерін жұмсады. Бұл технологиялар Эбола індетімен күресуде және онкологиялық ауруларды емдеуде де қолданылды. Жетекші елдердің қыруар қаржы салып, инвестицияларды тартудың арқасында жүздеген мың еріктілердің қатысуымен вакциналардың клиникалық сынақтары сапалы деңгейде өткізілді, нәтижесінде оның қауіпсіздігі мен тиімділігі дәлелденді. Бұл материалдар ғылыми баспасөз беттерінде ашық жарияланған.
Алайда, қазіргі заманда көптеген адамдар олардың денсаулығына қатысты мәселелерге мемлекет араласқан кезде оған сенімсіздікпен қарайды. Қазіргі COVID-19 пандемиясында көріп отырған ауыртпалықтар да ешқандай шеңберге сыймайтың тәрізді. Күмәнді кәсіби емес көздерге сеніп, вакцинациядан бас тарту арқылы адамдар өздеріне және жақындарына қауіп төндіріп қана қоймайды, сонымен бірге, бұл ұжымдық қорғаныстың нашарлауына, әсіресе, коронавирустың дельта-нұсқасымен байланысты ауру мен өлімнің өсуіне әкеп соғады. Антиваксерлер халықтың 5 пайызынан аспайды. Алайда, олардың шамадан тыс белсенділігі мен жақында біз көрген агрессивті әрекеттері олардың өздеріне басым назар аудартып, денсаулығына саналы түрде қарайтын азаматтарды қарама-қайшылықты ақпараттың үлкен ағымына тартып әкетулеріне әсер етті.
Мұндай жағдайда біз – денсаулық сақтау саласының ардагерлері бейжай қарап отыра алмаймыз. Біз тұрғындарды өздерін және жақындарын қауіп-қатерге ұшыратпауға және вакцинациядан өтуге шақырамыз, өйткені, көп жағдайда адам аурудан вакцинациямен ғана қорғалған. Әрине, вакцинациядан кейін коронавируспен ауырып қалу қаупі бар, коронавируспен ауырған адамдар да қайталап ауруы мүмкін, тіпті адамның қалыптасқан жеке иммунитеті де әрқашан аурудан қорғай алмайды.
Мұндай жағдайларда вакцинация адамды аурудың ауыр ағымынан және ауыр асқынулардан, өлімнен қорғайтынын білу керек. Бұл ағзаның вируспен бұрыннан таныс екендігіне және иммундық реакцияны дамыта алатындығына байланысты.
Сондықтан, егер вакцинацияның қаупі мен пайдасы туралы айтатын болсақ, онда вакцинация адамды нақты қорғай алады. Вакцинацияланған адам ауырмайды, ауырса да жеңіл түріне шалдығады, олар өкпені жасанды желдету аппаратына дейін бармайды, өлім-жітім қаупі азаяды. Мұндай тұжырымдарға әлемдік деңгейде қол жеткізілді, қазір барлық медициналық қауымдастық коронавирусқа қарсы вакцинацияны мұқият қадағалап, тәжірибе жинақтап жатыр.
Бірақ, біз қазірдің өзінде өзіміздің статистикалық деректерімізді ұсына аламыз, олар да әлемдік статистиканың деректерін растайды. 2021 жылдың қаңтар айынан бастап Қ.Құрманбаев атындағы Ақмола облыстық фтизиопульмонология орталығының коронавируспен күрес бөлімшесінде 1246 адам емделіп шықты. Осы індеттен емделіп шыққандардың 24-і немесе 1,9 пайызы вакцина алғандар. Егер вакцинаның екі компонентін алған адамдардың санын айтсақ, онда олар 10 ғана, жалпы санның 0,8 пайызын ғана құрап отыр.
Көпбейінді облыстық ауруханасының базасындағы жұқпалы аурулар стационарының мәліметтеріне назар аударсақ, пандемия кезеңінде аурудың ең жоғары көрсеткіштері тіркелген шілде айында онда 315 адам емделіпті, соның ішінде 18-і немесе 5,7 пайызы вакцинацияланған. Осы вакцинацияланған науқастардың арасында бірде-бір өлім-жітім оқиғасы тіркелген жоқ. Бұл сандарға қарағанда, вакцинаның пайдасы көзге анық көрініп-ақ тұрған жоқ па?!
Сондықтан, біз ақмолалықтарды вакцина алуға шақырамыз. Сол арқылы Сіздер өздеріңізді және жақындарыңызды індеттен қорғай аласыздар. Covid-19 вирусының таралуына өз қолдарыңыздан мүмкіндік бермеңіздер.
Ақмола облысының денсаулық сақтау саласының ардагерлер кеңесі.