Төрт жылда бір рет төрткүл дүниені өзіне қарататын ХХХІІ Жазғы Олимпиада ойындары да өз мәресіне жетті. Жексенбі, яғни, 8 тамыз күні бес құрлықтың басын қосқан Токио 2020 Олимпиадасының салтанатты жабылуы өтіп, халықаралық Олимпиада комитетінің төрағасы Томас Бах Токио-2020 ойындарын жабық деп жариялады.
Коронавирус індеті күшейген тұста өткен бұл ойындарда жанкүйерлер қатыса алмады. Жапония үкіметі сақтық шараларына қатты мән беріп, келушілерді қайта-қайта тексеріп, олардың Олимпиада ауылынан себепсіз шықпауларын қамтамасыз етті.
Медальдар саны бойынша АҚШ бас қарсыласы Қытайдан озып, 1орынды алды. Америкалықтардың қоржынында 39 алтын, 41 күміс, 33 қола жүлде бар. Одан кейін Қытай 38 алтынмен 2-орынға ие болды. Жарыс иесі Жапония өз рекордын жаңартып 27 алтын медаль жеңіп алды. Төртінші орында – 22 алтын медаль алған Ұлыбритания, бесінші орында – 20 алтын медаль алған Ресей.
Ал, Қазақстан спортшылары Токиода өкінішке орай, тек қола медальдермен ғана шектелді. Ел қоржынында 8 қола жүлде бар. Қазақстан оларды дзюдо, ауыр атлетика, каратэ, бокс, еркін күрес жарыстарынан алды. Сөйтіп, жалпы медаль есебінде Қазақстан 83-інші орынға табан тіреді. Орталық Азиядағы көршілерінен қалып қойғаны қатты қынжылтады. Аймақтың халқы жағынан ең ірі елі Өзбекстан үш алтын, екі қола медальмен 32-орын алса, екі күміс, бір қола жүлде алған Қырғызстан 70-орынға тұрақтады. Түркіменстан өз тарихында алғаш рет жүлде жеңіп алды. Бұл елден барған ауыр атлет Полина Гурьева күміс медаль алды.
Баршамызға белгілі, бұған дейін өткен Олимпиадаларда қазақ боксшылары ешқашан алтын, күміс медальсіз қайтпап еді. Биыл тек қола жүлдемен шектелгендері үшінші орындардан көрінгені көңілге қаяу түсірді. Токио Олимпиада туын Францияға тапсырды. Келесі ойындар осы елдің астанасы Парижде өтеді.
Ырысалды ШАМШИЕВА.