Өңірлік коммуникациялар қызметінде Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Манарбек Шапағатов «Өрттің қауіпті кезеңінен өту» тақырыбында баяндама жасап, тілсіз жаудан сақтану жолдары мен айтып келмес апаттың алдын алу мәселелерін ортаға салды.
– Өрттің қауіпті кезеңі басталғаннан бері Ақмола облысының аумағында 82 орман өрті, 5 дала өрті және 73 шөп өрті тіркелді. Жану алаңы да ұлғайып, жеті мың гектардан астам жерді құрап отыр. Материалдық шығын 6 миллион теңгеден астам. Өткен аптаның өзінде бес орман өрті тіркелді. Атап айтсақ, Біржан сал ауданында – 2, Бурабай ауданында – 2, Бұланды ауданында – 1 өрт тіркеліп отыр. Өрттің алдын алу барысында 121 рейдтік іс-шара жүргізілген. Өртке қарсы талаптарды бұзғаны үшін ескерту түрінде екі адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Халықты ақпараттандыру және оқыту мақсатында департамент жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, бұқаралық ақпарат құралдарында жүйелі түрде ауқымды жұмыстар жүргізуде. Өткен аптаның өзінде барлығы 73 ақпараттық және профилактикалық сипаттағы танымдық материалдар жарияланды, – дейді Манарбек Шапағатов.
Облыс аумағында 198 адамнан тұратын 56 мобильді топ құрылды, олар облыс аумағында өрттің қауіпті кезеңінде өрт қауіпсіздігі нормалары мен қағидаларын сақтау тұрғысынан азаматтардың қала сыртындағы демалыс орындары бойынша, орман және дала алқаптарын қоса алғанда, тұрақты негізде рейдтік іс-шараларды жүзеге асырады.
Жиын соңында департамент басшысының орынбасары ел тұрғындары жаз мезгілінде тілсіз жаудан сақтану керектігін баса айтып, журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген
Советбек МАҒЗҰМОВ.