Коронавирус жұқпасы көбеймесе, азаяр емес. Бүгінде облыс стационарларында індетке шалдыққан 1503 адам ем қабылдауда, олардың 118-і реанимациялық бөлімдерде. 7-еуінің халі аса ауыр болса,15-і өкпені жасанды желдету аппаратында жатыр.
Ағымдағы жылғы 8 тамыздағы статистикалық мәліметтерге көз салсақ, облыста пандемия басталғалы індет 31091 адамнан зертханалық жолмен расталған, олардың 23 мыңнан астамында коронавирус симптомды түрде өткен. Бүгінге дейін өңірде індеттен көз жұмғандар саны өкінішке орай 156-ға жетіп отыр. Жұқпаны жұқтырғандардың 27671-і ересектер, 14 жасқа дейінгі балалар саны да артқан, олардың көрсеткіші 3400-ді құрауда.
Covid-19 анықталғандардың 17 мыңнан астамы өз еріктерімен тексерілгендер, 10 мыңдайы контактіде болғандар, 3 мыңы медициналық скринингтер кезінде белгілі болған.
2021 жылғы тамыз айының алғашқы 8 күнінде әлден 2081 оқиға тіркеліп отыр. Соңғы апта 1810 адамнан жұқпалы індет ПТР арқылы расталды, ал, оның алдыңғы аптасында 1502 оқиға тіркелген болатын. Апталық өсім 302 оқиғаға көбейіп, 1,2 есені көрсетуде. Соңғы тәулікте мектеп оқушылары арасында 21 жағдай тіркелді. Көкшетау қаласында – 8, Степногорскіде – 5, Бурабай, Шортанды, Сандықтау, Астрахан, Ақкөл аудандарында 1-2 оқиғадан анықталды.
Вакцинация мәселесіне тоқталсақ, облысқа ақпан айынан бері 493619 доза вакцина жеткізілген. Соның ішінде, Спутник V – 397620, QazVak – 10999, HayatVax–61000,СoronaVak – 24000. Денсаулық сақтау министрлігінің жоспарына сәйкес бұған дейін айтылғандай өңірдің 411 мың адамы екпе алуға қауқарлы.
Облыста вакцинаның алғашқы компонентін –228529 адам алса, солардың 170457-сі екінші бөлігін де ектірген. Бүгінгі күні вакцина алғандардың 15894-і өнеркәсіптік кәсіпорындардың қызметкері.
Облыста 140 егу пункті, 120 мобильді бригада жұмыс істейді. Бұдан басқа, аудандарда вакцинациялауға 11 жылжымалы медициналық кешен жұмылдырылған. Олар Ақкөл, Аршалы, Астрахан, Атбасар, Бурабай, Ерейментау, Есіл, Жарқайың, Зеренді, Қорғалжын, Целиноград аудандарында екпе егу жүргізуде.
Ырысалды ШАМШИЕВА.