Тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін зауыт қажет болып отыр

«Nur Otan» партиясының Ақмола облыстық филиалы жанындағы экологиялық тазалық жөніндегі қоғамдық кеңестің кезекті отырысы болып, онда облыс орталығында тұрмыстық қатты қалдықтарды бөлек жинау үшін контейнерлер орнату, қалдықтарды бөлек жинау жүйесін енгізу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы Көкшетау қаласының әкімі Бауыржан Ғайсаның баяндамасы тыңдалды. Кеңес отырысына сала басшылары мен кеңес мүшелері онлайн түрінде қатысты.

– Қазіргі уақытта Көкшетау қаласында қатты тұрмыстық қалдықтарды шығарумен екі компания айналысады. Атап айтсақ, «Көкше Тазалық» және «EcoGroup 2020» серіктестіктері. «EcoGroup 2020» серіктестіктігі – «Сарыарқа», Чайкино поселкесі, Краснояр және «Нұрлы көш» ауылдарына қызмет көрсетсе, «Көкше Тазалық» серіктестігі қаланың қалған аймағына қызмет көрсетеді, –деді өз сөзінде қала әкімі.
Бірден айта кетуіміз керек, қала тұрғындарының қоқысты шығарумен айналысатын қос компанияның жұмыстарына көңілдері толмайды. Әлеуметтік желіні ашып, қарасаңыз болғаны, үйіліп, іріп-шіріп антисанитариялық күйдегі қоқыс қондырғыларын тұрғындар сөз етіп отырады. Қала әкімінің айтуынша, бұған себеп халыққа қызмет көрсететін екі компанияның да техникасы мен арнайы жабдықтарының әбден тозығы жеткен. Ал, оны жаңартып, тағы да қосымша жаңа қондырғылар сатып алу үшін қаржы жеткіліксіз көрінеді. Өйткені, қала тұрғындарының 40 пайызына жуығы қоқыс үшін төлемдерге қарыз екен.
– Күн сайын қоқысты шығару үшін 35 бірлік техника жұмылдырылады. «Көкше Тазалық» серіктестігі – 28, соның ішінде 9 қоқыс тасығыш және «EcoGroup 2020» серіктестігі – 7, оның 3-еуі қоқыс тасығыш. 2019-2020 жылдары «Көкше Тазалық» серіктестігі қоқысты бөлек жинауға арналған 33 контейнер орнатты. Алайда, 160 мыңнан астам тұрғыны бар Көкшетау үшін бұл жеткіліксіз екендігі айтпаса да түсінікті. Сонымен қатар, кәсіпорындар техниканы, жабдықтар мен контейнерлерді жаңартуды қажет етеді. Көкшетау қаласының әкімдігі осы бағытта нақты жұмыстар жүргізуде. Мәселен, 2021 жылғы 6 мамырдағы қаулысымен коммуналдық қалдықтардың пайда болу және жинақталу нормалары бекітілді. Сондай-ақ, жинау, әкету және кәдеге жарату тарифін бекіту туралы қаулы жобасы әзірленді, ол 2021 жылғы 19 шілдеде әділет органдарына тіркеуге жіберілді,– деді қала әкімі Бауыржан Ғайса.
Көшетау қаласында қазіргі таңда қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау-
ды және тасымалдауды жүзеге асыратын кәсіпорындарды материалдық-техникалық жете жарақтандыруға қажеттілік туындап отыр. Атап айтқанда, көлемі 1,1 шаршы куб болатын 10 мың еуроконтейнер, қоқысты бөлек жинауға арналған 5000 контейнер, қалдықтарды тиеу үшін 15 бірлік қоқыс тасығыш және қуаты жылына кемінде 50 000 тонна қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу, кәдеге жарату және жағу жөніндегі зауыттың қажеттілігі туындап отыр. Осы мәселеге байланысты қала әкімі «Nur Otan» партиясынан қолдау сұрады.
Кеңес жұмысын қорытындылап, сөз сөйлеген «Nur Otan» партиясының Ақмола облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов, қала әкіміне ең алдымен, «Жол картасы» аясындағы жобаларды ескеру керектігін және бұл мәселенің алдағы уақытта қайта қаралатынын баса айтты.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар