Мемлекет және қоғам қайраткері, Ұлы Отан соғысының ардагері, дербес зейнеткер Аманжол Қалықовпен 2007 жылы Серенов Сәлменді еске алу жиынында жолығып кеңесін тыңдаудың сәті түсті. Әңгімені ай-күнімен, жүйелі, рет-ретімен түсінікті етіп, тамаша айтады екен. Яғни, қалаған кірпіш сияқты жік-жігімен. Балалары мен немере-жиендерімен Алматы қаласын мекен етіпті. Сексеннің бел ортасынан асса да денесі тік, таяқ ұстамаған ел ағасы, бұдан кейін де оннан астам жыл ғұмыр кешті. Биыл 22 тамызда бір ғасырға толар еді.
«Жетім балалар үйінде өскен мені, адамдар қатарына қосқан армия мен соғыс, соғыстан кейін тәрбиелеп, ақылын айтып билікке араластырып, қалыптастырған сол уақыттағы ағаларым», – дегені қиыншылықты бастан кешкенін аңғартады. Өмір жолы аса күрделі, атасы Мұстафа қажыдан Мұса, Ұса, Әбдірахман, Калық, Ахмет, Хабыш атты 6 ұл, 3 қыз өсіп-өніп, Хабыштан басқасы үйленген, балалы-шағалы ордалы шаңырақ иесі болыпты. Мұстафа аузы дуалы, көпке ақыл айтатын көсем, ақылман адам болғандықтан, ел-жұрты Тапаң қажы атаған. Аманжолдың шешесі Сағат (Қалықтың әйелі) ақылына көркі сай дана адам болса керек. Атасы – «Менен кейін ауылды келінім Сағат басқарады» деген салиқалы ойын ауыл тұрғындарына айтып, құлағына сіңіріп отырған, мұнысы кейін менің аманатыма қиянат жасамай, ақыл-кеңесін тыңдап мәселені көп болып шешсін дегені болар. Аманжол әкесін көрмеген, жұрттан естуінше ол көп сөйлемейтін жуас еңбекқор адам болған. Осыншама адам аштық салдарынан о дүниелік болып, жалғыз өзі қалыпты. Көбінде Тыйыштық әжесінің тәрбиесінде болған. Мүмкін аштықтан Аманжол да кетер ме еді, кім білсін. Әжесі аштан өлмесін деп, рулас, ауылдас Әрінге айтып, балалар үйіне өткізіп жібермегенде. «Менде балалық шақ болмады, әкенің қалай ұрсатынын, қалай ақыл айтатынын, шешенің қалай аймалайтынын көрмей өстім», – дегенді естіп отырған адамның тамағына өксік тығылғандай қиналады екенсің. 1931-1937 жылдар аралығында балалар үйінде болыпты. Орналасқан жері Благодатное деген аудан орталығы. Қуанарлығы тұл жетім болса да келіп хабарласып тұратын екі адам болған, біреуі Әрін Жүнісов. Әйелі Мәкіш 16 ұрпақ көрсе де бәрі жастай шетінеген. Екіншісі Новомарковкадан (Мыңшұқыр) Тимофей Коробейник деген сол үйдің орыс тамыры екен. Естелігінде 1934 жылы егін бітік шықты, жазда мектептен шығып жаяулап, Жолбасшыға келіп, туған өлкесін аралап жүргенде бір қария жұртының жобасын көрсетеді. Ол жер Новомарковка ауылынан 4-5 шақырымдай алыс, Сілеті өзенінің бойындағы елді мекен, Қаражар екен. «Әкең өлсе де әкеңді көрген өлмесін» деген осыдан қалса керек. 7 жылдықты кілең беспен аяқтаған соң Алматыдағы педагогикалық институттың 2-курсына қабылданады. Жүрерінде Әрін бір сиырын ақшаға айналдырып, қалтасына салып береді. «Байлық аштықтан құтқарады» дейді дана халық, жаз айында жеміс-жидекке көмектесіп, лагерьде вожатый болып, азын-аулақ қаражат табатын мүмкіндікке ие болады. 2 жыл оқыған соң Тау-кен институтына ауыстырады. 1939 жылы Германия Польшаға басып кіргенде, армия қатарына шақырылып, Сібірдің әскери бөлімінде жаттығады. Әскери қызметін артиллериядан бастайды. Ташкенттің түбіндегі Шыршық қаласына жақын жерде жаттығады. Бұдан кейінгі өмірі майдан даласында жалғасыпты. «Катюша» деп аталып кеткен артиллерия дивизионның есебінде командир болып, соғысты 9 мамырда Прагада аяқтаған. Бір күні бастықтар шақырады, барса: Бригада командирі Родичев, бригада саяси бөлім басшысы Попов, бригада штаб бастығы Стальбаумдар бригада жуықта тарайды. Сені академияға оқуға жібермекшіміз дейді. Сол оқуға өтпей қалыпты. Себебі, 3 жыл оқуды қысқартып, 6 ай оқыпты. Жаңа тәртіп бойынша Ленинградта бір жылдық курстан өтуі керек екен. Тағы бір қазақ жігіті екеуін министрлікті үлкен басшы Исағали Шәріпов жылы қабылдап, документтерін қайта-қайта қарап, мұқият оқып шығып, жанындағы азаматты басқа бөлімге жіберіп, Аманжолды елге қайтуына кеңес береді. Себебі, арнайы құжат бар, мұғалімдік мамандығың бар екен, міндетіңді жақсы атқарып, көп нәрсе үйреніпсің, енді еліңе барып қызмет жаса деп ақылын айтса керек. 10 қаңтар 1946 жылы Алматыға оралады. Өкініштісі соғысқа қатысып, жаудан Отаныңды қорғап, Жеңіспен оралғанда, ағатайлап алдыңнан шығатын інінің жоқтығы, бауырымдап шығатын ағаның жоқтығы, ұлым менің, аман-есен келдің бе деп арқадан сыйпар әкенің жоқтығы, шашу шашып аймалар ананың жоқтығы жайында қатты батқанын жасырмайды. «Жолы болар жігіттің жан жолдасы алдынан шығады» – демекші, вагон ішінде аға лейтенант Мұқатай Егінбаевпен танысады. Ол азамат азаматтық қасиет танытып, біздің үйде тұра бер, жеңгең украин қызы Герасименко Людмила Васильевна ұлты бөлек демесең өте бауырмал, кішіпейіл адам, саған кет демейді деген соң, сол үйде жыл жарым тұрып Зияданы сол үйге келін етіп түсіреді. Жақсы адамның арқасында бұл қиыншылықты да еңсергенін айтады. Алматыға келісімен әуелгі мақсаты жұмысқа орналаспай тұрып, туған өлкені аралап бір аунап қайту екен, арманы орындалыпты. Жолбасшыға келіп Әрін Жүнісовтың үйіне түседі, соғыста жүргенде хат жазатын жалғыз адам Әрін болыпты. Ауылдан соғысқа кеткен 10 азаматтан аман қалған екеу ғана, бірі – Биімжанның Төлеубайы көп сөйлеп отырады, бір аяғын соғыста беріп келген, екіншісі, Құсайынның Аманжолы жаралы оралған, ауданда комсомол комитетінің хатшысы екен деп өткен күннің бір белесін еске алады, ел ағасы. Әрағаңды ертіп алып, Қаражар, Қырғыз, Қарақалпақ, Нықыш ауылын, қос Майланды асықпай аралап, дұға бағыштап, мауқын басып жұмысқа кіріседі. Алматыда жыл жарым еңбек етіп, арнайы тәлім алып, тәжірибе жинайды. Әмір Қанапин айтқан сөзінде тұрып, 1947 жылдың тамыз айында Ақмола облысына жұмысқа ауыстырады. Жастайынан өмірдің қиындығын көріп, дұрыс шешім қабылдап үйренген, соғыста шыңдалып аға буындардан тәлім алған азаматтың бұдан кейінгі қызметтері ылғи өрлеу үстінде болған екен. Ақмолаға келіп рулас Қалыбектің үйін табады. Олар есігін айқара ашып, жылы шыраймен қабылдап, өзіміздің Тапаң қажыдан қалған жалғыз тұяқсың ғой, қалағаныңша тұра бер – деп үйінің екі бөлмесін босатып беріп, Аманжол, әйелі Зияда, енесі Рабиға үшеуі осында орналасады. Баспаналы болғанына енесімен әйелі керемет қуанғанын айтқанда ерекше толқыныс пайда болғанын байқадық. «Жақсы атаның аруағы қырық жыл сүйрейді», – деген осыдан қалса керек. Әуелде облыстық комсомол комитетінің үгіт-насихат жөніндегі хатшысы болып тағайындалып, кешікпей бірінші хатшылыққа сайланады, тың игеру жылдары Ақкөл, Астрахан аудандық атқару комитетінің төрағасы және аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін абыроймен атқарып облыстық партия комитетінің екінші хатшысы қызметіне тағайындалып, 1970 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің екі бөлімінде ұзақ жыл жемісті еңбек етіп, 1987 жылы зейнетке шығады. Естелігінде: «16 жыл балалық шақ сияқты, 41 жыл Алматыда, 6 жыл армияда (4 жылы соғыста), 23 жылы Ақмола облысында өтті», – деп түйіндейді. Ауылдан жырақ жүрсе де, ауылдастары үнемі еске алып отырады екен. 1948 жылы Социалистік Еңбек Ері атағын алған, «Авангард» колхозының басшысы Балабек Жахин, жылқышылар Қожахет Махметов, Тұрсынбай Биімжанов, Мейман Махатаев төртеуі қуанышын жерлесімен бөлісуге келген екен. Балабек сөз бастап: – «Аманжол, сен біздің ауылдың баласысың, сенің аштықтан, соғыстан аман қалып, жігіт болып, елге оралғаныңа бүкіл ел болып қуандық. Оны өзің де білесің, бүгінгі еңбегіміздің жемісін осында атап өтейік деп келдік» – дегені ұмытпағанын айғақтап тұрғандай. Әріннің зайыбы Мәкіштің бауыры Жексенбі ақсақал: «Аманжол, Әріннің жақсылығын ешқашан ұмытпаған, үнемі пошта арқылы сәлемдеме жіберіп тұратын, қартайған шағында Әріннің аяғы сынғанда, өзі келіп, ауруханаға жатқызып емдеткен, ауылдан ешқашан қолын үзбеген. Ысырапшылдық, мақтанқұмарлықты ұнатпайтын, экономикалық есепке жүйрік адам болған, ауылдан бір адам машина алайын деп барғанда тіршілік жағдайын сұрастырып, текке борышты болмаңыз деп қайтарған», – деп өз көзімен көрген жайларды айтып еді. Ерейментау ауданынан Манап Әдірешев, Сайлау Байбосын екі дүркін қоңырау шалып: – «Аудан тарихынан кітап жазамыз, сіздің өмірбаяныңыз керек» – дегенде ерекше шаттанғанын жасырмады. Еңбегін еліне арнаған азамат 1, 2 дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордені, 2 рет «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «Москваны қорғағаны үшін», «Кавказды қорғағаны үшін», «1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысында жеңгені үшін» медальдарымен, «Октябрь Революциясы» орденімен 3 рет, «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы» ордендерімен және «Ерен еңбегі үшін», «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін» медальдарымен, Құрмет грамоталарымен марапатталып, Ұлы Жеңістің 59 жылдығында «Парасат» орденіне ие болды. Қазақстан Компартиясының съезіне 6 рет, Орталық Партия Комитетінің мүшелігіне 3 рет, Қаз ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына 4 рет сайланыпты. Ақмола өңірінде қызмет істеп жүрген кезінде үзеңгілес әріптестері болған Нұрмұхамбет Жазин, Құсайын Бекішев, Хакім Ташмағамбетов, Қанапия Қасенов қатарлы басшыларды ерекше қадір тұтқанын айта келе, естелігінде: «Айта берсе мықты ағаларымыз аз болған жоқ қой. Біз де, бізден кейінгі толқын-інілеріміз де осы ағаларымызға қарап өстік. Осылар ғой, білімі аз, бірақ, тоқығаны көп, мешкей атандырмаған, халық үшін күндіз-түні жұмысқа жұмылдырған», – деп аға буынның асылдығын еске алады. 80 жасын 2001 жылы тамызда кең көлемде туған ауылында атап өткен. Бұған Серенов Болат, Төлегендер бастамашы болып Ерейментау ауданының әкімі Өмірсерік Мұсабаев қолдап, естен кетпестей кеш болғанын, балалар үйінде бірге болған Мұсабайдың Қайыржанын, Шахаттың Қайырын көргенін тебірене баяндаған еді. Ауылдан түлеп ұшып, ел басқарған еңселі азаматтың әңгімесінен және естелігінен парасаттылық, сұңғылалық, аңғарымпаздық жайлы тиянақты ой түйген едік. «Аға буын өкілдері аштық, соғыс, қиындықты көп көріп өстік, болашақ жастар ондай оқиғаларды көрмей өтсін, еліміз аман, Отанымыз тыныш болсын» –деген тілегін де білдіріп еді. Ерейментау ауданының қазіргі Новомарковка ауылының іргесіндегі Қаражардың тумасы. Ауылдан ұшқан түлегін ардақтап, мәңгі еске сақтау үшін Новомарковка ауылында бір көшеге «Аманжол Қалықов» есімі берілген.
Әдебиет БАЙДОЛДАҰЛЫ.
Ерейментау ауданы,
Новомарковка ауылы.