Жемқорлық – неден?

Қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаев «Тәрбиедегі мақсат – адам деген атты құр жала қылып жапсырмай, шын мағынасымен адам қылып шығару» десе, орыстың әдебиет сыншысы Виссарион Белинский «Тәрбие – адам тағдырын шешетін ұлы іс» дейді.

Бала құрсаққа біткеннен бастап ата-анасы онымен қандай қарым-қатынаста болды, балалы болуды қалаудағы ниет қандай, онымен кішкентай күнінен қалай сөйлесті, баланың қалау-қажеттіліктері өтелді ме, отбасындағы ахуал қандай болды, ата-ананың бір-біріне деген қарым-қатынасы қандай болды, балаға тұлға деп қарады ма – осының барлығы тәрбие.
Жемқорлық – тек қазақ жерін ғана емес, әлемді жайлаған дерт екендігі баршаға мәлім. Сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесі, оның тамырына балта шабуға ұмтылыстар, әлбетте, күн тәртібінен түскен емес. Десе де, жемқорлықты түбегейлі жойған мемлекет жоқ. Осы тұста «Жемқорлық – неден? Неге адам ондай теріс қадамға барады?» деген заңды сұрақ туындайды.
Осы қоғамның бір мүшесі ретінде менің бұл сауалға субъективті пікірім бар. Менің ойымша, жемқорлық – дерт болса, сол дерттің пайда болу себебін тәрбиеден, адамның балалық шағынан іздеу керек.
Балаға өзіміз өтірік айтамыз да, егер бала өтірік айтса, оған ұрсамыз, оны жазалаймыз, одан «Сен неге өтірік айтасың?» деп сұраймыз. Ал, бала ересектерден көргенін қайталайды. Өзіміз балаға дауыс көтереміз, тіпті, қол көтереміз. Ал, баладан дөрекілік, қатыгездік байқасақ, оған ренжиміз, тағы да оны жазалаймыз. Бала жоғарыда айтылғандай, ересектерден көргенін қайталайды. Көбінесе, бала таңдау дегеннің не екенін білмей өседі. Әсіресе, қазақ қоғамында. Өйткені, ата-анасы барлық шешімді бала үшін өздері қабылдайды. Балабақшаға қандай киім киеді, демалыс күні не істейді, таңғы асқа не жейді, қай мектепке барады… Осының барлығын ата-анасы шешіп бергендіктен, есейгенде ол бала өздігінен шешім қабылдауға қабілетсіз болады. Осылайша баланың тұлғалық бет-бейнесі қалыптаса береді.
Белгілі педагог В. Сухомлинский: «… баланы сүйе білуге үйрету – өмірдегі ең маңызды нәрсеге үйрету деген сөз», – деп жазады. Сондықтан, бала ананың құрсағына біткен уақыттан бастап оған махаббат, мейірім, сүйіспеншілік сияқты тек қана аяулы сезімдерді ғана көрсеткеніміз абзал. Бала жаман болсын, жақсы болсын, жаман қылық жасасын, жақсы қылық жасасын, жақсы оқысын, нашар оқысын – қандай жағдай болса да оның жаның түсіне білсек, бала үшін тәрбиенің абзалы осы болатыны анық. Өйткені, мейірімге қанып өскен, бойына соны сіңіріп өскен бала жамандыққа бармайды.
Жемқорлықпен күресті өзімізден, отбасынан, отбасындағы тәрбиеден бастайық.
Марал Әлжанова,
М.Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының көпшілік іс-шаралар және қоғаммен байланыс бөлімінің кітапханашысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар