Қытайдың «Sinopharm» компаниясында жасалған «Vero Cell» вакцинасы біздің облысқа да жеткізілді. Аймаққа аталмыш вакцинаның 10 мыңға жуық дозасы әкелінді. Қазіргі таңда жаңа «Vero Cell» вакцинасы барлық емханалар мен екпе егу пункттеріне үлестірілуде.
Қытайдың вакцинасын күткен жандар өте көп. Солардың бірі – Нияз Әбдімомынов. Ол әлемді дендеп кеткен дертке шалдықпас үшін № 1 қалалық емханаға арнайы келіп, осы екпе түрінің алғашқы компонентін салдыртты.
–Қытай өте дамыған держава. Онда медицина саласы да мықты. Өзім екпе аламын деп бекінгеннен бері тек қытайлық вакцина салдырамын деп шешкенмін. Бұл вакцинаны алғанда организм оны жеңіл қабылдайды деп естідім. Болашақта ауырмау үшін екпенің осы түрін алдым, –деді ол.
№1 қалалық емханаға «Vero Cell» вакцинасының 420 данасы жеткізіліпті. Дәрігерлердің айтуынша, аталмыш вакцинаға сұраныс өте жоғары. Мәселен, бүгінгі күннің өзінде 100-ге жуық пациент екпенің тек осы түрін алыпты.
– Өңірдегі барлық емханаларға «Sinopharm» компаниясының вакцинасы келіп түскен. Бұл екі компонентті екпе екенін атап өткім келеді. Сондықтан, тұрғындар кез-келген уақытта осы екпені қабылдай алады. Қазіргі таңда бізде вакцинаның 3 түрі бар. Ол Спутник-V, Qazvac және осы «Vero Cell» вакцинасы, – деді Ақмола облысының бас санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина.
«Vero Cell» вакцинасы жақын күндері барлық аудандарға жөнелтіледі. Сондай-ақ, қыркүйек айының ортасында облысқа осы вакцинаның тағы бір партиясы әкелінеді деп жоспарланып отыр.
Ырысалды ШАМШИЕВА.