Парламент Мәжілісінің депутаты кездесулер өткізді

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Наталья Дементьева Ақмола облысына жұмыс сапарымен келіп, Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясы мүшелерімен, этно-мәдени бірлестіктердің, қоғамдық құрылымдардың және Аналар кеңесінің өкілдерімен кездесу өткізді.

Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Алтынай Әміренованың төрайымдығымен өткен кездесу барысында Наталья Григорьевна өзінің депутаттық қызметі туралы айта келе, қазақ тілін жетік меңгерген ұстаз ретінде мемлекеттік тілде білім беруді дамыту, балалардың құқықтарын қорғауға қатысты мәселелерге толығырақ тоқталды, жиналғандардың пікірлері мен ұсыныс-тілектерін Парламентке жеткізетінін айтты.
– Мәжіліс депутаттарының өңірлерге шығу сапары басталарда мені Жамбыл, Түркістан өңірлеріне жіберу көзделген болатын. Бұл ретте, менің қазақтілді маман екенім ескерілсе керек. Алайда, мен үшін өзім туып-өскен Ақмола өңіріне келіп халықпен кездесіп, олардың мұң-мұқтажын тыңдауды жөн көрдім, – деді ол.
Қоғамның қазіргі мәселелері туралы еркін әңгіме өрбіген кездесуде этномәдени бірлестіктердің жетекшілері отбасы институтын нығайтуға, жастар арасында отбасылық құндылықтарды насихаттауға, ауыл проблемаларын шешуге депутаттың назарын аударды. Атап айтқанда, Ақмола облыстық «Вайнах» шешен-ингуш қоғамының төрағасы Г.Яндиев, «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы М.Қиықов жұмыспен қамту, дарынды жастардың шетелге кетуі, ауыл жастарының көші-қон проблемасы туралы айтты. Ал, «поляктар» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Н.Нагачевская болса, депутат назарын отбасы мәселелеріне, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан сәбилердің тағдырына аударды. Сондай-ақ, «башқұрттар мен татарлар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Р.Сулкарнаев ана мен балаға мемлекеттік қолдауды күшейту туралы ойын білдірсе, Ақмола облыстық қандастар филиалының төрайымы Алтынгүл Мәден депутат назарын оралмандарды қоныстандыру мәселелеріне аударып, өңірімізде 40400 қандасымыз тұрып жатқанына, тіркеуге тұрудағы кедергілердің алдан шығуына алаңдайтынын жеткізді.
Сол күні қоғамдық келісім ғимаратында Ақмола Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Күләш Рахымжанованың төрайымдылығымен өткен жиынға қатысқан Наталья Дементьева қалалар мен аудандардағы Аналар кеңесінің мүшелерімен ZOOM арқылы байланысқа шықты. Онда отбасылық дәстүрлер мен құндылықтарды дамыту, бала тәрбиелеуде отбасының мәртебесін көтеру туралы келелі әңгіме одан әрі жалғасты.
Жалпы, депутатпен кездесуде, ажырасқан отбасылардың мәселелерінің түйткілді тұстары, оның балалардың психикасына кері әсері, алименттен қашқан әкелердің жайы талқыға салынды. Кейбір әкелер, өздерінің тұрақты кәсібі, одан алатын қомақты қаражаты бола тұра, соның бәрін жасырып, «жұмыссыз», деп көрсететіні өз балаларына деген нағыз жауапсыздық екені өкінішті-ақ. Бұл мәселе де Үкімет деңгейінде шешуді талап етіп отырғаны сөзсіз.
Наталья Дементьева бұған қоса, азаматтарды онлайн форматта қабылдау жүргізді. Дәл осындай қабылдаулар Зеренді, Атбасар, Астрахан, Егіндікөл, Целиноград, Аршалы аудандарында да жалғасын табатын болады.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар