Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жаңа оқу жылы жаңалықтармен басталғалы отыр - АРҚА АЖАРЫ

Жаңа оқу жылы жаңалықтармен басталғалы отыр

Міне, енді бірер күннен соң еліміздің жарқын болашағы – балаларымыз өздерінің алтын ұя – мектептерімен қайта қауышып, білім айдына үлкен сапарға аттанады.

Биыл облыста 552 мектеп есігін айқара ашып, онда 130 мыңнан астам оқушы білімнің каусар бұлағымен сусындайтын болады, олардың 13659-ы мектеп табалдырығын алғаш аттайын деп отырған бірінші сынып бүлдіршіндері. Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында балалардың теңдігін қамтамасыз ету, сондай-ақ, оқытудың күндізгі дәстүрлі фотрматына қайтып оралу туралы міндет қойған болатын. Бүгінгі таңда, осы міндет негізінде, жаңа оқу жылы барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып, көптен күткен бұрынғыдай дәстүрлі түрде басталады.
Облыста 2021-2022 жаңа оқу жылына дайындық барысында пандемияға байланысты кешенді іс-шаралар жүргізілді. Санитарлық қауіпсіздікті сақтау үшін барлық мектептерге зарарсыздандыру құралдары, басқа санитарлық қорғаныс заттары таратылып берілді. Бұл мақсатқа бюджеттен 115 миллион теңге қаржы бағытталды. Білім беру ұйымдарының барлығы, яғни, оқу корпустары, кітапханалар, жатақханалар «Ashyq» қосымшасын пайдаланатын болады. Қазір балабақшалар мен мектептердің, колледждердің педагогтары мен техникалық персоналы, бәрі дерлік осы қосымшаны қолдануда. 2021 жылы мектеп оқушыларын ыстық тамақпен қамтуға, мектеп формалары мен кеңсе тауарларын алып беруге «Жалпы білім» қорынан 1 миллиард 116 миллион теңге бөлінді. Бүгінгі күні облыста аз қамтылған және көпбалалы отбасыларынан шыққан 16595 оқушы бар болса, олардың 1123-і бірінші сынып бүлдіршіндері. Жыл сайынғы «Мектепке жол» республикалық акциясы өңірде биыл да жалғасын тауып отыр. Облыс департаменттері, басқармалары мен бөлімдерінің қызметкерлері, кәсіпкерлер аталған акция аясында әлеуметтік аз қамтылған отбасыларының балаларына мектеп формасы мен кеңсе тауарларын әперіп, материалдық көмек көрсетті.
Жалпы білім беру барысында оқушылардың білім сапасының көрсеткіші өткен оқу жылының қорытындысы бойынша 61,8 пайызды құрады. Бұл 2019-2020 оқу жылымен салыстырғанда білім сапасының көрсеткіші 2 пайызға төмендеп кеткендігін көрсетті. Биыл бұл олқылықтарды жою мақсатында педагогтар мен оқушыларымыз көбірек еңбектенеді деп сенеміз. Биылғы оқу жылындағы ерекшеліктердің бірі – ұлт ұстазы А.Байтұрсыновтың әдістемесі бойынша әзірленген «Әліппе» және «Ана тілі», «Букварь» және «Обучение грамоте» пәндерінің қайтарылуында. Бірінші қыркүйек күні алғашқы қоңырау мерекесінде мектеп табалдырығын алғаш аттайтын бүлдіршіндерге салтанатты түрде «Әліппе» және «Букварь» оқулықтары табыс етіледі. Қалған 2-11 сынып оқушыларында салтанатты іс-шара өткізілмейді, олар сынып сағаттарына қатысады.
Сонымен бірге, биыл мұғалімдердің жүктемесі 18-ден 16 сағатқа азайтылды. Сабақ ұзақтығы бұрынғысынша 45 минут болатын болды. Білім алушылардың оқу жүктемесі төмендетілді. Білім беру ұйымдарына қысқартылған оқу жүктемесімен Үлгілік оқу жоспарларын таңдау мүмкіндігі артты. Көкшетау қаласының мектептері 2018 жылдан бері қысқартылған бағдарламалар бойынша жұмыс жасап келеді. Осы тәжірибе облыстың барлық мектептеріне сәтті енеді деген ойдамыз.
Тағы бір өзгеріс – салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында дене шынықтыру бағдарламаларына шахмат, тоғызқұмалақ, үстел теннисі ойындары енгізілді. Биылғы оқу жылынан бастап, 3 сағаттан артық секция жұмыстарын жүргізетін дене шынықтыру мұғалімдеріне ынталандыру ретінде 18 мың теңге көлемінде үстемақы төленеді. Білім беру мекемесін басқару бойынша өзгерістерге тоқталсақ, мектеп директорларын ротациялау енгізіледі. Ротация білім беру ұйымы қызметінің тиімділігін және білім беру қызметтерінің сапасын арттыру мақсатында жүргізіледі және бір елді мекен шегінде жауапты тұлғаның актісімен жүзеге асырылады.
Осы қыркүйектен педагогтарды жұмысқа қабылдау ережесі, «Мұғалім сымбаты» жобасы қолданысқа енеді. Күні бүгінге дейін мұғалімдікке педагогикалық дипломы бар кез келген адамды алған болсақ, биылдан бастап, мамандардың дипломына қоса, өзінің пәні мен пән методикасынан тестілеу сертификаты болуы керек. Сонымен қатар, мектеп басшылары мен олардың орынбасарлары үшін де аттестаттау механизмі енгізілді. Бұған қоса, мектеп оқушыларынан міндетті форма талап етілмейді. Арнайы формасы жоқ оқушылар классикалық үлгідегі киіммен мектепке баруларына рұқсат.
Былтыр біздің оқушыларымыз республикалық, халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарында 131 медаль жеңіп алды. Оның 21-і алтын, 40-ы күміс, 70-і қола медаль. Биыл да оқушыларымыз Ақмола облысының білім қоржынын осындай жақсы жетістіктерімен толықтыра түседі деп сенеміз. 2020-2025 жылдарға арналған білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасында ерекше қажеттіліктері бар балаларға білім берудің жаңа тұжырымдамалары айқындалды. Облыста осындай ерекше қажеттілігі бар 18 жасқа дейінгі 10 889 бала тіркелген, олардың 1545-інің мүгедектігі бар. Инклюзивті оқытуды қамту мақсатында 2020 жылы облыста осындай балаларға арналған екі ресурстық кабинет ашылды. Биыл 8 кабинет жоспарланса, қазіргі уақытта олардың 4-еуі іске қосылған, қалғандары жыл соңына дейін ашылып, ерекше қажеттілігі бар балалардың игілігіне жұмыс істейтін болады.
Жаңа оқу жылында тәрбие жұмысының ерекшеліктеріне пікірсайыс, өзін-өзі басқару, медиация жұмысын ұйымдастыру, мектеп түлектерін меценаттық қызметке тарту, күн сайын 20 минуттық кітап оқу тәрізді жобалар енгізілді. Сондай-ақ, оқушылардың білім алудағыі олқылықтарын толықтыру мақсатында облыстың білім беру мекемелерінде ата-аналар мен оқушылардың қалауынша 16-29 тамыз аралығында жазғы мектептер жұмысы ұйымдастырылды.
Облыс мектептерінде 15565 педагог оқушыларға сапалы білім мен саналы тәрбие беруде. Жалпы білім беретін мектептерге биыл 170 жаңа маман келді, оның 112-сі жоғары педагогикалық білімді, 58-і техникалық және кәсіптік білімді мамандар. Жаңа оқу жылының алдында ұжымдық иммунитетті қалыптастыру мақсатында білім беру ұйымдарының педагогтары мен техникалық персоналына толықтай вакцинация жүргізілді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облыстық білім басқармасы мектептерді жаңа оқу жылына дәстүрлі форматта дайындау бойынша белсенді жұмыс жүргізіп, балалардың қауіпсіздігін де ойластыпды. Бұл мақсатта білім беру ұйымдарында дабыл түймелері және турникеттер орнатылды. Жаңа оқу жылы облыс педагогтары мен шәкірттеріміз үшін табысты да жемісті өтетініне сенеміз.
Ботагөз ДҮЙСЕНОВА,
Ақмола облыстық білім басқармасы
басшысының орынбасары.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар