Пошташы

Кеше түнде Әли шалды тұтқындап алып кетіпті деген хабар ел ішін елең еткізді. Ауыл адамдары «не жазығы бар екен?» дегенді бірінен-бірі тек сыбырлап сұраумен болды.

– Құдай біліп пе?! Әлгі Ленин көсемнің суреті бар ақшаны жеті атасына дейін жеткізе боқтап, «мөрін ұрайын!» депті-міс!..
Қалың елдің бірінен-бірі сұрағандағы бар білгендері осы еді. Ал енді сол ақшаны кімнің көзінше сыпыртыпты деген тағы бір сауал елдің бас қатырар әңгімесіне айналды.
– Қази шалға айтып қалса керек!, – деді бір білетіндер.
Осы ауылдың хат тасушысы Қази шал болса ақсақ торыны мініп алып, ешкіммен шаруасы жоқ, өзімен-өзі жай жүрген жан емес пе еді? Әлде, әуелден мінезі қисықтау Әли күн көсемді ақша жайлы пошташы шалдан басқа тағы да біреулерге бірдеңе бықсытқан шығар? Жайдан-жай тұтқындар ма еді?!. Ел іші гу-гу етеді.
– Құдай біліп пе не дегенін? Жетпістің жетеуіне келген Әлиді соттатып, кім абиыр табар дейсің? Үкіметтің де ақыл-есі бар шығар, – деп Үнзилә кемпір де көшенің арғы басына келіп тоқтаған автобусқа қарай ақсаңдап жүре басып, сөйленіп бара жатты.
Әли шалды ұстап әкеткелі шағын ауылды үрей биледі. Күні кешегідей емес пе еді, бұл ауылдың да біраз жақсылары отыз жетінші жылы үштіктің үкімімен сотталып кете барғандары. Сібірге айдалғандары қаншама?! Сол сотталғандарымен, айдалғандарымен герман соғысынан аман қалып, елге келгендердің бірі осы Ахмет пен Әли еді. Соғыста ұшты-күйлі жоғалып, хабарсыз кетті деп зар илеп жүрген шақта осы екеуі көктен түскендей бірінің артынан бірі келді елге.
Екеуі де тар жердің дәмін татып келді дейтіндей емес еді. Екеуі де қунақы. Тағдырдан тепкі көрдік деуге де келмейді. Тап бір ұзақ уақыт бойы шипажайда жатып, дүниенің бар рахатын көріп келген бе дерсің?! Алғашында бұл екеуі де «халық жауы» ретінде үштіктің үкімімен атылып кетіпті деген қауесет тарап жүрді. Енді бірде «жоқ тірі екен, әлгі ит жегіп, ақ қар, көк мұзды жерде бұғы өсіретін яқұт па, сол жақта жер басып, тіпті отбасын құрып, тіршілік жасап жатыр екен» деп те айтылып жүрді. «Ел құлағы – елу» дегенің осы болар, ақыры Әли де, Ахмет те тірі болып шықты. Елде тым жас қалған қара домалақ балалары да естерін біліп, етектерін қымтап қалған еді. Сол бала-шағаларымен қауышып, мауықтарын басқаннан кейін, екеуі де көп ұзамай колхоз жұмысына кірісті де кетті.
Ә, айтпақшы ұлы көсем Сталин өлді деген хабар тарасымен-ақ ақсақ торымен ауданнан хат таситын осы Қази үш күн бойы көше кезіп, үш күн бойы қара жамылып, боздап, ойбайлап жылапты. Ескі ұстамасы ұстаса керек. Баяғыда «керман» соғысына да осы ұстамасынан бармай қалған-ды. «Жынды» деп аудандағылар майданға жібермей, алып қалса керек. Әркімнің қолы жете бермейтін хат тасушылыққа жарар деген сеніммен Қази пошташы болып шыға келді.
Құс қайтып, құс келер мезгілде сандырақтағаны болмаса, жай былайғы күндері ақыл-есі орнында болатын сол Қази пошташы туралы әйтеуір алып-қашпа әңгіме көп еді. Қулығына құрық бойлатпайтын қу десті біреулер. Бала күнінде бұл қой бағып жүріп, жындар жайлаған Тәкен жұртында ұйықтап қалған десті екінші біреулер. Сол ұстамасы бар пошташы Қази кеңес әскерлерінің германды жеңгендігі жайлы хабарды радиодан естіген күннен бастап, есі бүтін кәдімгі адам болып шыға келді.
Ақсақ торысының тепеңдеген бөрі бүлкілмен ауданнан хат таситын Қази өз ісіне әрдайым адал болды. Талай бір мақтау қағаздары бір төбе де, кеудесіне орден де тақты. Ай сайын осы пошташыдан зейнетақыларын алып тұратын «пенсионер» шалдар мен кемпірлер, айдың аяғында ауданнан келе жатқан Қазидің төбесін көрсе болды, құрметтеп қарсы алады. Алдына қымызын қойып, шайын беріп, әйтеуір жік-жапар болып жатқаны. Көп сөзге жоқ, тістеніп сөйлейтін әдеті бар Қазекең біреулер сияқты шіреніп, ешкімге де шекесінен қарамайды.Төрге отыра қалып, бұйырғанын ішіп-жеп кете барады.
Кейде бір қыңырлығы да бой көрсетіп тұрады. Бірде Құсмұрын кемпірдің (ел осылай атайды) шалы ауырып қалып, ауруханада үш ай бойы жатып, емделді. Қази болса, сол Құсмұрын кемпірге өз шалының «пенсиясын» бермей әлекке салды емес пе?!
– Оу, айналайын, пошташы қайным! Қырық жыл қойнында жатып, қатыны болып міндетімді атқарғанымды былай қойғанда, сол жаман шалдың үрімін көбейтіп, осы үйді ұстап отырмын ғой! Шалым маған сенеді, тастап кет зейнетақысын, – деп Құсмұрын кемпір талай қиылып сұраса да, пошташы да алған бетінен бір қайтпады.
– Заң бәрімізге де ортақ! Бұл ақша үкімет қаржысы! Оны әркімнің қолына ұстатып кете беретін зәкүн жоқ. Ешбір заңда жазылмаған. «Пенсияны» тиісті адамның өзіне ғана табыстаймын, қолын қойғызып аламын, – деп қиқарлығына басыпты Қази.
Әли шалдан әлі де хабар жоқ. Шалғайда бір отар қой бағып, Сарттөбенің етегінде жатқан ұлы бір күнге мұрсат сұрап барғанын қайтерсіз, түрменің тас қабырғасынан өтіп, апарған ас-суын бере алмай қайтыпты. Қабақтарына мұз сірескен түрме жасақтары тіпті есігінен сығалатпапты. «Жуыр маңда соты болады, сонда келерсің» деп есікті тарс жауып алыпты. Түрме маңынан бір түсі игіні таба алмай, кеш түсе кері қайтыпты.
Әли шалға сот болып, күн дидарлы көсемі бар ақшаны боқтағанын мойнына алыпты деп ел іші гу ете түсті. Ызғырық аязына тоңып, қалың қарын сықырлата басып үйренген Әли тағы да сол ібір-сібіріне сұранып өзі кетіпті.
Ұзақ жыл айдауда болды сорлы шал. Отбасымен табысып, азамат болған балаларының қызығын енді көремін деп жүргенінде ақшаның мөрін саптағаны дұрыс емес деп елдегілер де әңгімені қанықтыра түсуде. «Ол баяғы өзінің жаулығына басып, партияға тіл тигізіп отыр» деп елдегі ақжағалылар одан сайын шаптығып, жағдайды ушықтырып қойды. Ауылдың үрейі қашып, зәрелері зәр түбіне кете бастады.
– Ахметті байқау керек! Мінезі қалай өзі? Саяси анекдоттар айтпай ма?» деп аудандағы үндеместер елге келіп әркімнен сұрастырып кетсе керек. Әуелде бұған не айтарларын біле алмаған елдің кейбір саққұлақтары «Ахмет бір отар қойын бағып, Теріскей таудың күн түспес етегінде отыр. Ә, айтпақшы әйелі бүгін-ертең айы-күні жақын, ол үшін алаңдауға негіз жоқ» десе керек.
Ақсақ торысын бөрі бүлкілінен бір жаңылдырмай елге хат-хабар тасып Қази жүр…Ол өте сақ! Саясаттың сөзін аузына да алмайды. Ленин, Сталин, Брежнев, Горбачев жайлы әңгіме айтыла бастаса болды, сол арадан лезде тұрып, кетіп қалады.
Кеше мамыр мерекесі күндері тыл ардагері, елде бала кезінен белі бекімей жатып, еңбек етіп, пәшістерді жеңуге ат салысқаны үшін деп берілген ордені мен бірнеше медальдарын тағып жүрді. Әйтеуір мереке сайын пошташы шал атаусыз қалмайды. Бір аяғын жау оғына садақалап тастап кеткендер де бар осы ауылда, әзірге мұндай марапатқа ие болып отырған солар жоқ. «Соғысқандардың бәріне бірдей медаль мен орден үлестіре берсек, ол не болғаны?» деп күйінеді екен аудандағы игі жақсылар. Ал, Қази ше? Қазидің жөні басқа! Ол – адал, ол – патриот! Сүттен ақ, судан таза жан. Адалынан жүреді, бастысы партияға деген сенімі нық. Күні кеше Ұлы Жеңісті алып берген Сталин өлгенде үш күн бойы кім аза тұтты? Қази әрине!..
Көп ұзамай Қази шалдың да дәм-тұзы таусылды. Марқұм ауыл шетіндегі қыпшақ қорымына жерленді. Жаназа асында күрк-күрк жөтеліп отырған Ахмет кенеттен дүр сілкініп, саңқылдап сөз бастады. Қази марқұм жайлы бір ауыз жылы сөз айта ма деп жиылған жұрт Ахметтің аузына қарады.
– Өмір көшін аяқтап, құдайына қайтқан Қази тіршілікте істеген күнәсі үшін машқардың таңында жауап берер, – деген Ахметтің мына сөзі аспаннан жай түскенмен бірдей болды. Құлаққа ұрған танадай тыныштық жайлады.
– Әй, талдысайлықтар! Біразың білгендеріңмен, мына отырған көкөрім жастардың білмеуі де мүмкін! Мен білем! Анау отырған Жәлелдің Оспаны, мына отырған Сейпілдің Мұраты, бүгін-ертең деп ажалын күтіп, кәлимаға тілін келтіріп жатқан Кәрімнің Мұсасы біледі, бір білсе! Солардың әкелері жаптым жаланың құрбаны болды, сор айдаған бейбақтар хабарсыз кетті ақыры. Әлі күнге дейін көмгенін көрген тірі пенде жоқ.
Ахметтің өз ғұмырында таусыла сөйлегені осы болар. Қази екеуі патша тақтан құлаған жылы дүниеге келгендерінен бастап, сөзін әріден қайырған ол біраз жайдың басын ашып берді. – Қази отыз бірдің аштығын сезінген жоқ, – деді Ахмет сұсты жүзін суытпай. – Аша тұяқ бір малды ауылда қалдырмай, ортаға салғанда ағасы Олжай басқарма еді. Отыз алтыдан бастап, бұғанасы қатпай жатып, қу бастан қуырдақ қуырып, түлкі заманды әккі тазыдай аяқтан шалуды білді. Қырық бірдің соғысында біз ит жеккенге айдалып кетіп, тағдырдың қу таяғына сүйеніп жүргенде, кім есалаң көрініп, үкіметті алдап, соғысқа бармай, аман қалды. Ол – Қази болатын! Күні кеше Әлиді кім соттатты? Байғұс абақтыға қайра қамалып, ол да кетті. Хабар жоқ! Өлі ме, тірі ме ғазиз азамат, бір құдай біледі! Бәлкім сол жақтан топырақ бұйырған да болар!..
Ахмет те осыны айтып, бір сәтке үнсіз қалды, асқа жиылған жұрт та тым-тырыс! Бұл шал неге осыншалықты таусыла сөйлеп отыр? Біразының көкейінде осы бір сауал тұрғаны да анық еді. Әлде, шынында да, арылғысы бар ма? Бірақ, бұл шалдың ел алдында ақталатындай қара беттігі жоқ еді ғой.
– Әлиді темір деп пе едіңдер? Көрмегені жоқ сорлы ендігі о дүниелік болып кеткен де шығар?, – деді сәл тыныстап алған Әли шал. – Бәлкім қазір қара жердің астында Қазимен кездесіп, құдыретті құдайдың алдында есеп беріп те жатқан болар. Менің де сотталуыма себепкер болған кім? Әли әрине! Әйтпесе, колхоздың жылқысын бағып, тақымым сіңірленіп жүрген иен даладағы менен қандай «жапон тыңшысы» шығушы еді?! Сол уақытта жапон деген ел, жапон деген жер бар екендігін білдім бе екен? Ақылға салшы, ағайын!
Құдайы асқа жиылғандар есеңгіреп қалғандай болатын. Ас ішіліп, аяқ босатылып, дәм қайырылып, бата жасалып, құран оқылса да жұрт тым-тырыс. Әлден уақытта үлкендер жағынан біреу « қазаның арты қайырлы болсын» деп міңгірледі. Әйтеуір, қазаның үстінде ши шықпаса екен деп алаңдап отырғандар да бар еді.
Марқұм Қазидың сонда кім болғаны?!. «Үндеместер» үйінің тыңшысы ма?.. Бәсе, ана жылы!.. Сонау бір өткен кезеңді еске алуға да жүрексінген үлкендер жағы жұмған ауыздарын ашпай, Әлидің бар айтқандарын мақұлдағандай, бастарын шұлғумен болды. Бейне бір Қази қайта тіріліп келіп, осылардың барлығын тап қазір ұстатып, айдатып жіберетіндей бойларын әлдебір үрей билеп және де үнжырғалары түсіп, былғары мәсілерін сипалап, төмен қарап отыр.
Үрейленсе үрейленгендей енді! Бұл ауылдың бір өзінен ғана отыз жетінші жылдары жиырма екі «халық жауы» шықты. Бәрі де істі болып, сотталып кетті. Сол жиырма екінің арасында кеткендерден Ахмет қария ғана елге оралып, өткен күзде дүние салды. Совет үкіметінің құлағанын естіген Ахмет күркілдеп жөтеле отырып, тесік өкпесіне де қарамай, күн көсемнің мөрі басылған сом ақшаға ащы махоркасын орап тартса керек. Ол өзінің қызыл империяға деген өші мен іштегі күйігін, ащы шерін осылай тарқатыпты.
Әйтеуір отыз жетінші жылы жазықсыз атылып кеткен атасы туралы мәлімет жинап жүрген Сейпілдің тарихшы шөбересі Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің «аса құпия» деген папкісінің ішінен өз атасы Ахметтің үстінен жазылған домалақ арыздың соңындағы лақап атқа және бадырайтып қол қойған «Почта-07» деген таңбаға шұқшия үңіліп, үндеместер үйінің арнайы «агенті» ақыл-есінің кемістігі бар деп жүрген Қази екендігін анықтап еді. Бұған тағы бір айғақ, «КГБ»-мен бір келісімге отырғанда, бадырайтып тұрып Қази Қалақбаев деп арызының соңына қол қойыпты. Бұл құжат та жас тарихшының қолындағы істе тұр еді.
Құдайдың жаратқан пенделері ғой екеуі де! Қазір екеуі де бір қорымда қатар жатыр. Қыпшақ қорымын аралап жүріп қатар жатқан Ахмет пен Қазидің аруақтарына арнап, аят оқыдым…

Жеңіс Оспанов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар