1991 жыл әлемдік тарихтағы ең ірі империя – Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы ыдыраған жыл болды. Осы тарихи тұста Қазақстанда «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданды. Ал, 1991 жылғы 16 желтоқсаннан кейін Қазақстан тұңғыш рет тәуелсіз мемлекет ретінде мойындалып, әлемдік қоғамдастықтың құқықтық мәртебесін алды.
Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін Қазақстанда орын алған көптеген үдерістер қысқа уақыт ішінде жүрді. Жаңа ұрпақ осы тарихи өзгерістерді ой елегінен өткізуді қолға алған кезде, бірінші кезекте экономикалық-әлеуметтік және қоғамдық-саяси салада болған мемлекеттілікті құру, түбегейлі қайта құру кезеңдеріне назар аударатын болады.
Осы ретте, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қызметін ерекше атап өткен жөн. Сол кезеңде саяси элита үшін басты және өзекті мәселе мемлекеттілікті қалыптастыру мәселесі болды.
1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдумда азаматтардың тікелей дауыс беруі арқылы қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы Қазақстанның сол табысты дамуының құқықтық іргетасы болып табылатыны сөзсіз. Конституцияның қабылдануымен мемлекеттік егемендіктің саяси және құқықтық негіздері адамның, оның өмірінің, құқықтары мен бостандықтарының ең қымбат қазынасы ретінде танылуға негізделді. Қазақстан Республикасының Конституциясы қоғамдық құрылыстың маңызды бас-тауларын және елдің мемлекеттік ұйымдастырылуын бір арнаға шоғырландырды – бұл қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық; бүкіл халықтың игілігі үшін экономикалық даму; қазақстандық патриотизм; мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен шешу.
Конституцияны қабылдау алдында үлкен жұмыс атқарылғаны белгілі. Озық ұлттық мемлекеттердің тәжірибесі зерттелді, ХХ ғасырдың екінші жартысында қабылданған көптеген Конституцияларға талдау жасалды. Жаңа Конституцияның жобасы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды және кең қоғамдық резонансқа ие болды. Ақмола облысының мемлекеттік архивінің қорларында 1995 жылы облыстық газеттердің тігінділері, 1995 жылғы Қазақстан Республикасы Президенті Жарлықтарының жинақтары, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің жеке мұрағатынан алынған құжаттар мен материалдар жинағы сақталып қалған. «Елбасы Әлемі. Тұлға. Саясаткер. Жасампаз» тақырыбында өткен дөңгелек үстелдерде уақыттың әлеуметтік-саяси жүйесі, қоғамдық көңіл-күй, қазақстандық қоғамның армандары мен үміттері көрініс тапқан.
Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығына сәйкес 1995 жылғы 30 маусым мен 30 шілде аралығында еліміздің жаңа Конституциясының жобасын бүкілхалықтық талқылау өткізілді. Мәселен, 1995 жылғы 2 қыркүйекте шыққан облыстық газеттерде «Ақмола облыстық аумақтық референдум комиссиясы мынаны хабарлайды: облыс бойынша дауыс беру тізіміне енгізілген азаматтардың жалпы саны 473369 адамды құрады, дауыс беруге 439568 адам қатысты, бұл 92,9 пайызды құрайды. Жаңа Негізгі Заң – Қазақстан Республикасының Конституциясына 376829 адам дауыс берді, бұл сайлау учаскелеріне келгендер санының 85,7 пайы-зы деген жолдар бар». Қазақстанның көпұлтты халқы Негізгі Заң жобасына шынайы қызығушылық танытып, оны терең әрі жан-жақты зерделеу мен талқылауды бірден қолға алды. Жалпы алғанда, 30 мыңға жуық ұсыныстар мен ескертулер енгізіліп, көптеген сындарлы идеялар айтылды, олар жобаны аяқтауға жақсы негіз болды. Республикалық референдумдағы дауыс беру қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Конституциясы 1995 жылғы 30 тамызда ресми түрде қабылданды. Ақмола облысының мемлекеттік архиві мемлекеттік мереке – Қазақстан Республикасының Конституциясы күнінің 26 жылдығын мерекелеу аясында Тәуелсіз Қазақстанның қоғамдық құндылықтарын насихаттауға бағытталған бірқатар іс-шаралар мен патриоттық акциялар өткізгенін атап өту қажет. Өңірлік БАҚ-тарда мұрағат құжаттары негізінде Қазақстан Республикасының Конституциясын құру және қабылдау тарихына арналған мақалалар жария-ланды. Бұған қоса, «Қазақстан Республикасының Конституциясы тарихи құжаттарда» атты атаулы күнге арналған тақырыптық фотоқұжаттық онлайн көрме ұйымдастырылды.
Назира ИСЕНОВА,
Ақмола облыстық мемлекеттік архивінің архивтік құжаттарды пайдалану және
беру бөлімінің басшысы.