Облыс орталығындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде Алаштың абзал азаматы, Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәкен Жүнісовке арналған «Қазақтың Сәкен серісі» атты әдеби-сазды кеш болып өтті.
Шарада жерлес жазушы бойындағы сан қырлы қасиеттер жан-жақты әңгіме өзегіне айналды. Мектеп оқушылары Сәкен ағаларының туындыларынан үзіндіні нақышына келтіре, жатқа оқыды. Бір сәт кешке жиналған қауым жазушы салған әндерге құлақ түрді. Одан әрі «Балқадиша» мен «Дударайды» ұйып тыңдаған жұрт «Аманай-Заманай» повесі бойынша сахналанған көріністі тамашалады. Келесі кезек Сәкен ағаға арналған жыр жолдарына берілді. Жас ақын Олжас Шортанбайдың жыр арнауы көпшілік көңілінен шықты.
Жанайдар Мусин атындағы Көкшетау педагогикалық колледжінің директоры, филология ғылымдарының кандидаты Нұртас Ахатұлымен (суретте) сыр-сұхбат жүргізіліп, Сәкен сері жайында келелі естеліктер айтылды. Ұлағатты ұстаз Сәкен ағамыздың бойындағы тұнып тұрған сан өнердің куәсі болғанын, тағдыры Ақан серімен тағдырлас екенін жеріне жеткізе әңгімеледі. Залдағы оқушыларды ойландырып жүрген сұрақтарына жауап беріп, ақыл-кеңестерін айтты.
Қайрат ЗӘКЕРИЯҰЛЫ,
Назарбаев Зияткерлік мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.