Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Мұрағат ісінің жолбасшысы - АРҚА АЖАРЫ

Мұрағат ісінің жолбасшысы

Жарық дүниеден өтсе де, абзал істерімен, қарапайымдылық, адамгершілік қасиеттерімен ел жадында жүретін, сағына еске алатын жарқын тұлғалар аз емес. Солардың бірі – Зеренді ауданында мұрағат қызметінің негізін қалаушы Елтай Зейнелғабиденұлы Айтқожин болатын. Бұл кісі 1931 жылы 15 ақпанда бұрынғы Көкшетау облысына қарасты Еңбекшілдер ауданының Казгородок ауылында дүниеге келген.

Сұм соғыста әкесінен, 12 жасында шешесінен айырылған Елтай Зейнелғабиденұлы жетімдіктің тауқыметін ерте тартса да, үлкен азамат болып жетіліп, 1980 жылдан 1991 жылға дейін қашан зейнеткерлікке шыққанша Зеренді аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарды.
Одан кейін де үйде қарап жата алмай, қарапайым халықтың қамын, құжаттардың жойылып кетпеу мәселесін ойлап, Зеренді аудандық кеңесі комитетінің шешімімен мұрағат мекемесін ашты. Алғашында ол жеке құрам бойынша шаруашылық есептік мұрағат деп аталса, кейін Зеренді аудандық әкімшілігінің 1992 жылғы 28 сәуіріндегі №114-4 шешімімен аудандық мұрағат болып қайта құрылды. Ол совхоздардың ыдырап, жеке меншікке ауысып жатқан кезі болатын. Елтай аға сол совхоздардың құжаттарын сақтап қалу мақсатында, ертеңгі күні зейнеткерлік жасқа жеткен азаматтар зейнеткерлікке шыққанда осы құжаттарды іздеп әуре болмасын деген оймен өзінің жеке машинасымен елден-елге барып, құжаттарды бір қолдан жинады. Осылай алғаш «Зеренді», «Подлесный», «Ленин жолы», «Қарабұлақ», М.Ғабдуллин атындағы совхоздарының Подлесный, Зеренді, Шағалалы, Пухальск, Айдабол ауылдық кеңестерінің құжаттары қабылданды.
Мұрағат ашылғанда небары екі-ақ бөлме бар болатын, соның біреуін Марат деген баласын қасына алып, жұмыстан тыс уақытта, демалыс күндер ағаштан сөрелер жасап, мұрағат қоймасына айналдырды. Мұрағат ашылған күннен бастап Елтай ағамен Балмағамбатова Тамара Қазбаққызы, Әлібекова Раиса Құрманқызы 10 жылдай ағамен бірге қызметтес болған кезде көп нәрсені үйрендік деп жылы сөздерімен еске алып отырады. Бас кезінде мұрағат қорының не екенін, ұйымдар мен мекемелерден құжаттарды қабылдағанда тізімдеменің қалай жасалатындығын, сақтаулы құжаттардан азаматтардың сұранысы бойынша анықтаманы қалай беруді білмедік. Мұрағат саласының қыр-сырын, бәрін осы кісіден үйренуімізге тура келеді. Елтай аға басшылық қызмет атқарса да, адамгершілігі мол, кішіпейіл, еңбекқор, өте қарапайым болатын. Киім кигені, сөйлегені, жүрісі, өзін ұстауы бізге үлгі болды. Кабинетіне үлкен кісі түгілі бала кіріп келсе де, орнынан ұшып тұрып, орындық беріп отырғызып, мән-жайды сұрайтын. Бізге де «келген кісілерің риза болып кететіндей бар мәліметтрді беріп, қолдарыңнан келгенше көмектесіңдер» деп құлағымызға құйып отыратын.
–1997 жылдың 20 сәуірінде Көкшетау облыстық мәслихаты сессиясының шешімімен Көкшетау ауданының Краснояр, «Сейфуллин», «Приречный» кеңсесінің және тағы басқа ұйымдардың құжаттарын сырттан кісі алдырмай, бала-шағаларымызды ертіп, бәріміз бір адамдай жүк машинасына артып, алып келдік. Елтай ағаның өзі 60-тан асқан жасына қарамай, көйлегінің жеңін түріп тас-тап, қара терге түскенше бізбен бірдей ғимараттың екінші қабатына тасыды. Ұйымдардан жинап әкелген құжаттарға тізімдемені өзі жасап, облыстық мұрағаттар мен құжаттамалар басқармасына бекіттіріп алып келетін. Әрбіреуіміздің қас-қабағымызға қарап, қал-жағдайымызды сұрап біліп, барынша қол ұшын беруден аянған емес. Әркез ақыл-кеңесін айтып, бағыт-бағдар беретін. Ешқашан дауыс көтеріп ұрыспайтын, дөрекі сөйлеп, аузынан балағат сөз естіген емеспіз. Бізде тек «менің қыздарым» деп айтатыны әлі есемізде,–деп еске алады сол қызметкерлер.
2002 жылдың ақпанында денсаулығы сыр беріп жүрсе де, соңғы Зеренді, Көкшетау аудандары білім бөлімдерінің шашылып жатқан құжаттарын жинақтап, жыл-жылға бөліп, мұрағат қоймасының меңгерушісі Раиса Әлібекованы шақырып алып, «тек тізімдеме жасау ғана қалды»,–деп тапсырып кетті. Соңғы рет сол жылдың наурыз айының жұмысы бойынша бухгалтерлік есебін есепші Күләш Мырзабековаға, ол кезде калькулятор жоқ, шотпен есептеп, қолын қойып кетті. 2002 жылдың 29 наурызында өмірден өтсе де артында осындай өшпес із қалдырды.
Ел басқарып, одан мұрағат қызметімен айналысқан ерен еңбегі елдің есінде сақталары анық. Ағамыздың есімін еңселендіріп тұратын бір жай, басшылықтағы жетістіктері ғана емес, ең алдымен, қарапайым адамның қамын ойлаған, елдік мүддені биік қойған қасиеті еді.
Елтай ағамыздың бойындағы ізгі қасиеттер, ол атқарған игілікті істер ұрпағымен жалғасын тауып, қызы Жанат Елтайқызы әкесінің жолын қуып, осы мұрағат саласына елеулі үлесін қосуда. Еңбек десе ерінбеген, өз ісінің нағыз маманы атанған Жанат Елтайқызының өзінің туған ұжымы болып кеткен мұрағатта қызмет еткеніне 20 жыл болды. Кейін халқы сүйіп, қадір тұтқан Елтай Зейнелғабиденұлы Айтқожиннің аяулы есімін ел есінде мәңгі сақтау мақсатында мұрағатта оның жеке тектік қоры ашылды. Бұл қор абзал жанның өнегелі өмірі мен қызметі барысынан сыр шертетін өмірбаяны, жеке куәлігі, оқу бітіргендігі туралы дипломы, еңбек кітапшасы, жеке іс-парағы, партия билеті, жарыққа шыққан жеке мақалалары, алғыс хаттары, марапаттау қағаздары, суреттері, сыйға тартылған кітаптары және тағы басқа құжаттардан тұрады.
Биыл артында осындай жарқын із қалдырған асыл азаматтың туғанына 90 жыл, өмірден өткеніне 19 жыл толып отыр. Елі үшін басқа еңбегін айтпағанда, бір өңірдің мұрағат ісін қалыптастырып кеткен Елтай Зейнелғабиденұлы Айтқожиннің есімі бүгінгі буын мен келешек ұрпақ жадында сақталсын деген оймен қолыма қалам алдым.

Тілеген СЕЙФУЛЛИН,
Зеренді аудандық мемлекеттік
архивінің директоры.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар