Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Ақмола дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығының ұйымдастыруымен оқушылар арасында «Ұлы өнертапқыштыққа алғашқы қадам» атты облыстық инновациялық идеялар онлайн-байқауы өтті.
Облыстық ішкі саясат басқармасының мәліметінше, байқау білім алушыларды ғылым мен техниканың әртүрлі салаларында зерттеу, өнертапқыштық қызметке тарту және дарынды балаларды қолдау мақсатында өткізілді.
«Байқауға облыстың әр ауданынан және Көкшетау қаласынан 13-17 жас аралығындағы 22 оқушы қатысты. Оқушылар 9 аталым бойынша жұмыстарын ұсынды. Бұл – автокөлік, өнеркәсіп, космонавтика және аэрокосмос, жылу энергетикасы, авиация, құрылыс тәрізді салалардағы қолданыстағы үлгілерді әзірлеу саласындағы техникалық құрастыру жобалары», – деді ұйымдастырушылар.
Жас өнертапқыштардың жұмысын Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті мен Көкшетау құрылыс-технологиялық колледжінің профессорлық-оқытушылық құрамынан жасақталған қазылар бағалады.
Байқау қорытындысы бойынша Аршалы, Бурабай, Шортанды, Целиноград, Зеренді аудандары мен Көкшетау қаласының оқушылары үздік атанды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен, ал жетекшілері Алғыс хаттармен марапатталады.
Айталық, бірінші орын алған оқушылар қазан айының соңында өтетін республикалық байқауда Ақмола облысының атынан қатысатын болады.